ҚОРДАҒЫ ҚАРАЖАТ ҮШІН ҚАУІПТЕНУДІҢ РЕТІ ЖОҚ

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу елімізде қарқынды жүргізіліп, биылғы шілде айынан бастап жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер қорға қаржы құя бастаған еді. Алайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда қолға алынған бұл реформаның әлі жетілмеген тұсы бар екенін айтып, мәселені жан-жақты саралағаннан кейін ғана нақты шешім қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысының сөзінен кейін медициналық сақтандырудың жайы не болып жатыр? Осы жөнінде “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ Жоспарлау және медициналық қызметтерді сатып алу жөніндегі басқарушы директоры Ерік Байжүнісовпен әңгімелескен едік.

– Ерік Әбенұлы, Елбасы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге асықпауды тапсырды. Қазір сақтандыру қорының жұмысы қалай жүріп жатыр? Биыл шілде айынан қорға жарна төлей бастаған жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер төлемді жүргізіп жатыр ма, әлде тоқтатты ма?

– Мемлекет басшысын алаңдатып отырған басты мәселе – 3 миллионға жуық азаматтың мәртебесі анықталмай қалуы. Ертеңгі күні медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген кезде бұл азаматтар ешқандай санатқа қосылмай, медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылмай қалғалы тұр. Сондықтан Елбасы бізге өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген ел тұрғындарын анықтап, біржақты шешуді тапсырды. Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, басқа да ведомстволар бірігіп үлкен жұмыс тобын құрып, қайтадан ел азаматтарына санақ жүргізіп, санатын анықтап жатыр.

Осы ауқымды шаруа аяқталғаннан кейін Үкіметке есеп береміз. Содан кейін медициналық сақтандыру жүйесі қай жылдан бастап енгізілетіні туралы нақты шешім қабылданатын болады. Біздің болжам бойынша, соңғы шешім биылғы желтоқсан айында шығып қалуға тиіс. Негізі басында біздің есептеуіміз бойынша, тұрақты табысы жоқ, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің саны шамамен 2 миллиондай болған. Оларды медициналық сақтандыру жүйесіне кіргізу үшін қосымша 30 млрд. қаржы керек деп болжағанбыз. Бірақ олардың саны қазіргі кезде 2 млн. 700 мың адам болды. Адам саны көбейген сайын қажетті қаржы көлемі де өсетіні белгілі. Бұл қаржыны кім береді, мәселе – сонда. Мәртебесі белгісіз азаматтарды мемлекеттің мойнына артып қоюға тағы болмайды. Онсыз да мемлекет 14 санаттағы 10 мил­лиондай адам үшін жарна төлегелі отыр. Ал олар жұмыс істеп жүрген адамдар болса, онда өздері үшін өзі қорға жарна төлеуі тиіс. Не де болса, бұл үлкен сараптамалық жұмыс болып тұр.

– Сақтандыру қорына қаржы жинау биылғы шілде айында бас­талғаны белгілі. Осы үш айдың ішінде қанша қаражат жиналды?

– Жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің есебінен қорға үш айдың ішінде келіп түскен қаржының көлемі 10 миллиардқа жуықтады. Бұл – өте жақсы қарқын. Жаңа жылға дейін қаржы көлемі 25 миллиардқа жуықтайды деп болжап отырмыз.

– Сонда нақты шешім шықпаса да, жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер қорға жарна төлей бере ме? Медициналық сақтандыру жүйесі қашан енгізілетіні әлі белгісіз дегенім ғой...

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеу тоқтаған жоқ, жүріп жатыр. Қор алғаш құрылған кезде “ешкім қорға жарна құймайды” деген пессимистік көзқарастар болғанын білесіздер. Бірақ оның бәрі бекер болып шықты. Қазір жұмыс берушілер де, кәсіпкерлер де өздерінің жауапкершілігін сезініп, қорға белсенді түрде ай сайын жарна төлеп отыр. Салық қызметкерлерінің арқасында жарна төлеушілердің қатары күн санап артып келеді. Бұл қарқын тоқтамаса, сақтандыру жүйесін енгізу де жеңілдей түспек.

– Келесі жылы медициналық сақтандыру қорына мемлекет 14 санаттағы азаматтар үшін жарна төлей бастауға тиіс. Егер медициналық сақтандыру жүйесін енгізу белгісіз мерзімге шегерілсе, жарна жинау жағдайы не болмақ?

– Медициналық сақтандыру жүйесі қай жылы енгізіледі, мемлекет сол жылдан бастап жарна құюды бастайды. Ол үшін нақты шешім керек. Бірақ біздің ұсынысымыз – медициналық сақтандыру жүйесінің пайдасын ел көру үшін қорға қаражат жинауды тоқтатпаған дұрыс. Бұл реформаны енгізудегі басты мақсат – халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру, елді жеткілікті түрде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, мемлекеттік денсаулық ұйымдарындағы кезек мәселесі мен мамандар тапшылығын жою.

Мойнымыздағы осы міндеттемелерді орындап, сақтандыру жүйесінің шынымен пайдалы екеніне елдің көзін жеткізу үшін бізге бюджеттен бөлінетін және қордағы қаражатты қосқанда, кемі 300 миллиардтай қаржы керек. Негізінде отандық медицинаны өркениетті елдердің қатарына жеткізу үшін осы салаға бөлінетін қаржы көлемін ішкі жалпы өнім көлемімен есептегенде, кем дегенде 4 пайызға жеткізу керек. Қазіргі кезде еліміздің медицинаға жұмсап отырған қаржысы 3 пайыздан аспайды. Сондықтан қорға төленетін жарнаны тоқтатпасақ, қаржы биыл – 25 миллиард, 2018 жылы 100 миллиардқа жуықтауы мүмкін. Кейін басқа да жарна төлеушілер қатарға қосылған кезде қажетті қаражат жиналады да міндеттемелер толыққанды орындалып, сақтандырудың арқасында медициналық қызметтің сапасы жақсарғанына халық куә бола алады деген үмітіміз бар.

– Ал бүгінге дейін жинақтал­ған қаражат қайда сақталып тұр, оның әрі қарайғы тағдыры қалай болмақ?

– Қорға бүгінге дейін жинақталған қаржы Ұлттық банктің есепшотында жатыр. Ол қаржыға ешкімнің де қол сұғуға құқы жоқ. Медициналық сақтандыру жүйесі толыққанды іске қосылмайынша, қордағы қаржыны медициналық мекемелерге төлеу туралы нақты шешім шықпайынша, қаражаттың бір тиыны да жұмсалмайды. Сон­дықтан қордың қаржысы көлеңкеге кетеді деп қауіптенудің реті жоқ.

– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде қызмет көрсетуден үміткер емханалар мен клиникалардың базасын жасап шыққанынан хабардармыз. Оған қанша денсаулық сақтау ұйымы енді, соның ішінде жекеменшік клиникалардың үлес салмағы қандай?

– Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне жекеменшік клиникаларды тартудағы басты мақсат – еліміздің медицина саласына нарық талаптарын енгізіп, бәсекелестік тудыру. Қазіргі енгізілгелі отырған реформаның заңдылықтары бойынша, қай клиника адамды көбірек тартады, қайсысы жоғары сапалы қызмет көрсетеді,сол ұйымдарға қаражат көбірек бөлінеді. Бүгінде жекеменшік клиникалардың көбі қаржы қорын көбейту мақсатында қормен келісімшарттар жасауға ұмтылып жатыр. Қазірдің өзінде олардың саны 2 мыңнан асты. Әлі де өтініш беріп жатқандар баршылық. Бұл жұмыстар желтоқсан айында аяқталады. Сонда жекеменшік клиникалардың үлес салмағы нақты белгілі болады.

1 желтоқсанда стационарлық және консультациялық-диагностикалық көмектің нәтижесін шығарамыз да 15 желтоқсанға дейін тіркелген жалпы компанияның санын анықтаймыз. Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген сәтте мемлекеттік емханаларға жекеменшік клиникалар бәсекелес болады. Жұртшы­лық қай ұйым жақсы емдейді, сол емханаға тіркелетіні сөзсіз. Бұл өз кезегінде мемлекеттік емдеу меке­мелеріндегі кезекті азайтып, дәрігерлердің жүктемесін қысқартуға тиіс. Әрі емханалар да адамдарынан айырылып қалмас үшін барлық жағдайды жасайды деген үміттеміз.

– Сонда халық сақтандыру қорымен келісімшартқа отырған кез келген клиниканы таңдауға мүмкіндігі бар ғой?

– Әрине, жылына бір рет өзі қалаған клиникасын таңдауға құқысы бар. Негізінен, учаскелік терапевтер, отбасылық дәрігерлер көбіне жергілікті емханаларда шоғырланған. Енді жекеменшік клиникалар да халықты өздеріне көбірек тарту үшін осындай учаскелік терапевтер бөлімшесін ашып, алғашқы медициналық-сани­тарлық көмек көрсетуге талпынуда.

Ал біздің міндетіміз – халыққа көрсетілген медициналық қызметтің сапасы мен көлемін тексеріп, бәрі стандартқа сай болғанда ғана аталған клиникаға қаржы бөліп отыру. Осы мақсатта тәуелсіз сараптама қызметін құруды жоспарлап отырмыз. Оның құрамына ел алдында беделді, кәсіби жағынан танымал болған тәжірибелі дәрігерлерді тартпақшымыз. Қазіргі таңда медициналық саладағы кәсіби ассоциациялармен келіссөздер жүргізіп, нағыз сарапшы атына лайықты мамандарды іздестіріп жатырмыз. Олар клиникалардың әрбір пациентті емдеу тәсілдерін қарап, дұрыс-бұрыстығын тексеріп, сауатты қорытынды жасап отырса, жұмысымыз да алға жылжитыны сөзсіз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.