“САЛАМАТТЫ ҚАЗАҚСТАН” ПОЙЫЗЫНЫҢ САПАРЫ

Еліміз бойынша сапарға шыққан “Саламатты Қазақстан” пойызы құрамында жоғары және бірінші санатты дәрігерлерден жасақталған бригада Солтүстік Қазақстан облысының шалғайдағы елді мекендерінде болды.

Бұл пойызға сегіз вагон тіркеліпті. Онда көпсалалы диагностикалық көмек көрсетуге және өзге де мүмкіндіктер қарастырылған. Дәрігерлер тұрғындарға барлық қызметті ақысыз көрсетуде. Пойызда гинеколог, терапевт, невропатолог, кардиолог, хирург, офтальмолог, педиатр, тіс дәрігері, рентгенолог және өзге сала мамандары жұмыс істейді.

– Біз Белоградовка, Ақсуат және Қайранкөл станцияларында болдық. Енді Новоишимкаға барамыз. Әр станцияда бір күннен болып, сағат 9-дан кешкі 18-ге дейін келушілерді қабылдадық. Қайранкөлде түске дейін 160 адам қаралды. Тұрғындар невропатолог, терапевт, кардиолог пен УЗИ мамандарына көп келді. Сондай-ақ, әрбір адам кем дегенде үш-төрт дәрігердің қабылдауында болды. Педиатрға қаралуға келген балалардың санында шек жоқ. Бұл өңір тұрғындарының көбі қан қысымы, қант диабеті және неврологиялық ауруларына шағымданды, – дейді “Саламатты Қазақстан” пойызының бас дәрігері Алтын Мырзахметова.

Жылжымалы құрам заманауи жабдықпен жарақтандырылыпты, шұғыл кеңес беру үшін кез келген клиникамен, институтпен байланысқа шығуға мүмкіндік қарастырылған. Медицина мамандарына қажетті жағдайдың бәрі ойластырылған. Вагонға ғаламтор, душ кабинасы, дизельді генератор орнатылған.

– Пойыздың келуі қарапайым тұрғындар үшін жақсы болды. Бұған дейін де осындай шаралар елімізде жүзеге асырылған болатын. Еліміздің кез келген өңірін алсақ та дәрігерлер жетіспейді. Ауыл шалғайда болғандықтан, бас ауырып, балтыр сыздаса да, жүгіріп орталыққа бара бермейміз. Алдағы уақытта “Саламатты Қазақстан” пойызы шалғайдағы елді мекендерді барынша көп қамтыса екен. Дәрігерлердің біліктілігі мен мәдениеттілігіне риза болдық, – дейді Ақсуат ауылының тұрғыны Адай Ғабдуллин.

“Саламатты Қазақстан” пойызы ірілі-ұсақты станцияларды бағытқа алып, әрі қарай сапарын Ақмола облысында жалғастырады.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.