НАУҚАСТАРҒА КЕҢЕС ТЕГІН

Нейрохирургия – медицинадағы ең күрделі саланың бірі. Кеңестік кезеңде кенже қалған ол тәуелсіздікке қол жеткізген тұста ғана дами бастады. 2008 жылы Астана қаласында ұлттық нейрохирургия орталығының ашылуы осы саланы жаңа деңгейге көтерді. Бүгінде заманауи орталықта озық медициналық технологиялардың негізінде жоғары сапалы медициналық көмек көрсетіледі. Орталық дәрігерлері өз біліктіліктерін өңірлік дәрігерлермен де бөлісіп, жиі тәжірибе алмасып тұрады. Осындай мақсатпен облыстық ауруханада бұрнағы күні Ұлттық нейрохирургия орталығы жалпы нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Серік Кәрібай тұрғындарды қабылдап, дертке шалдыққан науқастарға кеңес берді.

Серік Дүзелбайұлы алдымен нейрохирургия бөлімшесінде емдом алып жатқан науқастарды аралап, жағдайларын білді. А. есімді науқас осыдан бір жыл бұрын аяғы тартып, белі сырқырап, қатты ауырғанын айтты. Ішкен дәрі-дәрмектен еш нәтиже шықпаған соң, оған ота жасаған. Астаналық нейрохирург науқастың рентген нәтижесін көріп, отаның сәтті өткенін, енді еш қауіп жоқ екендігін айтты.

– Төсек тартып жатқан адамның жағдайы белгiлi ғой, қарға адым жердегi затқа қолың жетпей, тысқа шығу мұң болып қалады. Осы кезде мейірімді мейірбикелер асты-үстiне түсiп, мән-жайды дәрiгер­лерге үздiксiз жеткiзiп отырды. Көп емделушiнiң бiрi ретiнде облыстық аурухананың нейрохирургия бөлiмi қызметкерле­рiне, аяғымнан тiк тұрғызған емдеушi дәрiгер Бақтияр Қоңқабаевқа алғысым шексіз, – дейді емделуші.

Жоғары санатты нейрохирургтен кеңес алуға келген тұрғындардың қарасы көп болды. Серік Дүзелбайұлының айтуынша, келгендердің дені басы мен белдерінің ауыратындарына шағымданған.

– Қабылдауда болғандардың 60 пайызы жұлын ауруына, ал 40 пайызы – ми ісігіне шалдыққандар. Жұлын ауруының 80 пайызын ота жасамай емдеуге болады. Ол үшін адам дәрігердің бақылауында болып, айтқанын орындап, дене жаттығуларын жасап, массаж алып тұруы қажет, – дейді Серік Кәрібай.

Бүгінде ем іздеп, шетел асудың қажеті жоқ. Озық медициналық технологияның көмегімен күрделі оталар елімізде де жасалады. Биыл Ұлттық нейрохирургия орталығында алты жергілікті нейрохирург біліктіліктерін арттырып келді.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.