БЕЗГЕК МАСА АРҚЫЛЫ ЖҰҚҚАН

Петропавлда “денге” безгегін жұқтырудың үш фактісі тіркелді. Бұл туралы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінде өткен брифингте айтылды.

Қауіпті дертті Таиландта демалып келген ерлі-зайыпты мен Вьетнамға туристік сапармен барған ер адам жұқтырған. Барлық үш жағдайда да ауру маса шаққан кезде берілген. Департамент қызметкерлерінің айтуынша, қазір алаңдауға негіз жоқ. Себебі, қоздырғышты тропикалық өңірлерде мекендейтін маса ғана тасымалдайды екен.

– Отандастырымызды шетелде маса шағып алған. Ауру белгілері 4-10 күннен кейін біліне бастаған. Дене қызуы 39-40 градусқа дейін жоғарылапты. Бастары, бұлшық еттері және буындары ауырып, бойларында әлсіздікті сезініпті. Денелері бөртіп кеткен. Жүректері айнып, құсқан. Қазір олардың жағдайлары жақсы. Шетелдерге демалуға шыққан адамдар сақ болғаны жөн. Медициналық мекемелерге барып қаралу керек, – дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментi карантиндік және аса қауіпті инфекциялар эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Толқын Қаженова.

Безгек тұмау тәрізді ауруды туындататындықтан көп адамдар алғашында мән бермейді. Алайда, шетелге шығуға дайындалып жүрген жерлестеріміз қарапайым алдын алу шараларын ескергені абзал. Мамандар демалыс орындарына барған кезде қонақүйдің терезелерін торлау қажеттігін ескертеді. Өзіңізбен бірге масаға қарсы кремдер алып, оны қолданып жүруге кеңес беруде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын әлемде “денге” қызбасын 50 млн. адам жұқтырып, 20 мыңға жуығы қайтыс болады екен.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.