ҚАН ТАПСЫРУ — АДАМҒА ӨМІР СЫЙЛАУ

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жоғары оқу орнында білім алып жүргенде институттың бір студенті жол апатына түсіп, көп қан жоғалтты. Cол кезде институттың комсомол комитеті бірден жиналыстар өткізіп, қабырға газетін шығарып, хал үстінде жатқан студенттің өмірін сақтап қалу үшін қан тапсыруға шақырды. Сонда барлық факультеттің студенттері кезек тудырмас үшін тәуліктің әр сағатына бөлініп, ерікті түрде қан тапсыруға ағылғаны есімде. Кейіннен бірқатар студенттер қан тапсыруды әдетке айналдырып алған еді. Мен де денсаулығым сыр бергенше осындай азаматтардың қатарында болдым.

Құстың сүтінен басқаның бәрі бар заманда дәрі-дәрмек табылар, қансыраған адамға жан берер сұйық табылмай жататын жайларды бұрын да талай естіп-көргенбіз. Емдеу мекемелерін қанмен және оның құрамдас бөліктерімен толықтай қамтамасыз ету үшін кез келген елдегі бір мың адамға шаққанда орта есеппен елу донордан болуы керек көрінеді. Ресми деректерге қарағанда, Қазақстанда бұл күндері бір мың қазақстандыққа 18 донордан келеді екен.

Біздің облыстық қан орталығы осыдан жеті жыл бұрын осызаманғы медициналық қондырғылармен жабдықталған жаңа ғимаратқа көшкен еді. “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы аясында оның құрылысына республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінген болатын. Бұл медициналық мекеме жыл сайын 3-6 мың литр қанды қабылдайды және өңдейді.

– Қазіргі таңда трансфузиология да медицинаның қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі болып табылады. Қанды құю, яғни гемотрансфузия – науқастың тамырына қанды және оның компоненттерін емдік мақсатта енгізу. Жоғары технологиялармен қанды дайындаудың аппараттық әдістерін енгізумен бірге, жаңа алынған қанды құюдың орнына оның компоненттеріне дифференцияланған терапия келді. Осылайша, жаңа алынған қанның бір бөлігінен бірнеше қан компоненттерін – эритроциттер, тромбоциттер, плазма, лейкоциттер алуға болады. Сондықтан донор қанды бір рет тапсырып, бірнеше науқасқа көмектесе алады, – дейді облыстық қан орталығының директоры Сабыржан Тәукелов.

Әңгіме барысында жатырдан тыс жүктілік, тууға дейінгі және одан кейінгі қан кету сияқты жүктілік асқынулары кезінде әйелдердің, безгек ауруы немесе жеткіліксіз тамақтанудың салдарынан дамитын күрделі анемияға шалдыққан балалардың, әртүрлі жағдайда күрделі жарақат алған адамдардың, хирургиялық оталар жүргізілетін және онкологиялық аурулармен ауыратын көптеген науқастардың қанға аса мұқтаж болатынын айтқан Сабыржан Әбдірахманұлы донор болған адам, ең алдымен, біреудің өмірін сақтап қалғанына рухани тұрғыда өзін жақсы сезінетінін және оның денсаулыққа да пайдасы бар екенін тілге тиек етті.

Оның айтуынша, тұрақты түрде донорлық адамның қан айналымының, жүрек-қан тамырлары жұмысының қалыпты болуына және қан қысымы мен инфаркт сияқты аурулардың алдын алуға септігі мол көрінеді. Қазақстан бойынша, әрине, ең сирек кездесетін қан тобы – төртінші. Осы топтағы адамдар саны бүкіл ел бойынша 11 пайызды құрайды. Қалған қан топтарының әрқайсысының үлесі – шамамен 30 пайыз. Ешкімге күштеп қан тапсырта алмайсыз. Статистикалық деректерге сүйенсек, үстіміздегі жылдың тоғыз айында облысымызда 2353 тұрақты донор бар. Олардың 90 пайызы қандарын тегін тапсырады. Осыдан жиырма жылдай бұрын олардың саны бұдан көбірек болған. Ал қанға деген сұраныс ешқашан азайған емес. Ауру-сырқауларды айтпағанда, көлік саны еселеп көбейген заманда жол апаттарынан зардап шеккендерге қанның қаншалықты қажет екендігі түсінікті.

Қан керек болғанда адам тағдырын әр минут шешетіндей қысылтаяң шақ туады. Сондықтан, әсіресе, ірі елді мекендерде белгілі мөлшерде қан қоры болуы міндетті. Науқасқа дер кезінде көмек көрсету, оған керекті қан құрамын сәйкестендіріп тауып беру үшін қан орталығы күндіз-түні жұмыс істейді.

Жыл басынан бері облыстық қан орталығына 3348 адам қан тапсырған, олардың 995-і – донорлар қатарын биыл толтырғандар. Облысымыздың барлық медициналық мекемелері қанмен және оның компоненттерімен толық қамтамасыз етілген. Биыл өз еркімен қан тапсыруға келген 1078 адамды медицина қызметкерлері олардың денсаулығына байланысты немесе басқа да дәлелді себептермен қабылдамай, кері қайтарған.

Донор болу үшін әр тілек білдірушінің жасы 18-ден асқан, денсаулығы жарамды және қан орталығы орналасқан облыста тіркеуде болуы шарт. Орталыққа алғаш келген адамның мәліметтері Бірыңғай донор орталығының компьютерлік базасы арқылы тексеріледі. Содан соң оны терапевт дәрігер қарап, арнайы зертханалық тексерістен өтеді. Яғни, оның қанына клиникалық, биохимиялық талдау жасалып, жұқпалы аурулар вирусының жоқтығына көз жеткізіледі. Қандай да бір жұқпалы сырқаты бар, әлжуаз, ішімдік ішкен, наркологиялық диспансер есебінде тұрған адамдар, екіқабат немесе бала емізетін әйелдер донор бола алмайды.

– Облыстық қан орталығы биылғы тоғыз айда барлығы 3700 литр донор қанын қабылдап, одан 5259 доза қан мен оның компоненттерін дайындады. Бір қуанарлығы, қан тапсырушылардың көпшілігі қан қажет болған жақын-туыстары мен әріптестеріне көмек үшін келеді. Айта кету керек, донорларды қайталап қан тапсыруға ынталандыру мақсатында, біреу үшін қан тапсырғандарға 0,25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем жасалады. Қанды бір тапсырғаннан кейін қайтадан тек арада екі ай өткен соң ғана тапсыруға болады. Алдын ала медициналық тексерістен өту қажет және қан тапсыру күндері донор заңды түрде жұмыстан босатылады және жалақысы сақталады. Берілетін екі күн демалысты бірден немесе еңбек демалысына қосып алуына болады, – дейді облыстық қан орталығының бөлімше меңгерушісі Динара Қалуова.

Тегін және тұрақты қан тапсыратын донорлар “Денсаулық сақтау iciнe қосқан үлесі үшін” төсбелгісімен, Алғыс хатпен марапатталады. Жүйелі түрде қан тапсыратындар арасында Ж.Айтжанов, В.Рыскин, Р.Мамбетов, Р.Хамзин, Н.Колесникова, Е.Алтиев, Р.Мударисов сияқты донорлар бар. Облыстық қан орталығы донор болуға насихат жұмыстарын тұрақты жүргізеді. Түрлі қоғамдық ұйымдар мен кәсіпорындарда қайырымдылық шараларын өткізеді. Облыстық прокуратураның, ішкі істер департаментінің, Қызыл Ай қоғамы өңірлік филиалының қызметкерлері, облыстық және аудандық мешіт имамдары және т.б. қан тапсыруда белсенділік көрсетуде. Әсіресе, қан тобы сирек кездесетін донорлармен жұмысқа көп көңіл бөлінеді. Ондай қаны бар адамдар туралы мәліметтер ақпараттар базасына енгізіліп, олармен тұрақты байланыс орнатуға ден қойылған.

– Саламатты өмір салтын ұстанамын, спортпен белсенді түрде айналысамын. Денсаулығым келіп тұрғаннан кейін, екі айда бір рет 500 мл. қан тапсырамын. Бүгінге дейін неше мәрте тапсырғаным есімде жоқ. Донорлық – менің өмірімде қалыпты жағдайға айналып кетті. Қан тапсыру қауіпті емес, қайта өзіміздің денсаулығымызға да пайдалы, – дейді облыстық қан тапсыру орталығының тұрақты өкілі, белсенді донор Юрий Наумочкин.

Бүгінде Қазақстан Республикасының 2016-2020 жылдарға арналған “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасы аясында республиканың қан орталықтарын, клиникаларын, донорлық қанды құю және басқа да сәйкес қызметтерді біріктіретін бірыңғай ақпараттық жүйе құрылған. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру арқылы қанның компоненттерін даярлау, тексеру және сақтау процесін автоматтандыру, содан кейін тұтынушыларды тіркеп, емдеу-сауықтыру мекемелеріндегі қан қорын басқару мүмкіндігі туады. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Отандық денсаулық сақтау саласы үшін донорлық қан мен оның компоненттерін дамыту маңызды. Өз еркімен тегін донорлық жасау қан қызметінің негізін қалайды. Қан құю – қан кету, қан аздық, хирургиялық үлкен оталар кезінде, түрлі аурулардың емі үшін теңдесіз әдіс. Және бүгінде емделушінің өмірін аман алып қалудағы өте қажетті амал. Бір рет қан тапсырған адам орташа есеппен үш адамның өмірін құтқарады. Өйткені, қанның бір дозасынан бірнеше компонент алынады. Қан тапсыру донордың өзіне де жақсы әсер етеді. Себебі, жиі қан беретін адам жүрек-тамыр ауруларымен сирек ауырады және қан кету болған жағдайда қатты қиналмайды. Сондай-ақ, жиі қан тапсыратын донор статистикадағы өмір сүрудің орташа жас мөлшеріне қарағанда бес жыл ұзақ өмір сүреді. Себебі, олардың қан айналым жүйесі белсенді қызмет атқарады, мидың жақсы жұмыс істеуіне және иммунитеттің үнемі дұрыс қалыпта болуына септігін тигізеді.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.