ОТАНЫҢ ЖЕҢІЛІ БОЛМАЙДЫ

“Хирургтің қолы – әйелдердікіндей нәзік, көзі – бүркіттікіндей өткір, жүрегі – арыстандікіндей айбатты болуы керек” деген нақыл сөз бар. Руслан Көшеков те отыз жылға жуық уақыт ішінде көптеген науқастың өмірін ажалдан арашалап қалған. Ол 1989 жылы Ақмола мемлекеттік медицина институтын тамамдаған. Оқуын аяқтағаннан кейін №3 қалалық ауруханада бір жыл интернатурадан өтіп, еңбек жолын №2 қалалық ауруханада хирург болып бастайды. 2011 жылдан бері облыстық аурухананың хирургия бөлімшесінде қызмет атқаруда.

Жақында ел құрметіне бөленген білікті маманмен тілдесудің сәті түскен еді.

– Сіз тәжірибелі хирургсіз, бұл мамандық иесінің өн бойында қандай қасиет пен қабілет болуы керек?

– Хирург болу өте қиын. Адамның қанын көру, ота жасау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Үлкен жауапкершілікті талап етеді. Адам өміріне жауапты боласыз. Отадан кейін түнімен ұйықтай алмайтын кездеріміз болады. Хирург өз біліктілігін үнемі жетілдіріп, тәжірибесін жаңа технологиямен ұштастырып отыруы қажет. Себебі, ғылым бір орында тұрмайды. Сондықтан шеберлік пен біліктілікті арттыруды әрдайым қатар алып жүрген жөн. Кез келген дәрігер, соның ішінде хирург: “Мен оқып болдым, толдым, жетілдім, кітапта жазылғанның барлығын білемін, мен білмейтін ештеңе жоқ”, – деп өз-өзіне көңілі толған күні алға қарай дамуды қойып, кейін қарай кетеді, кәсіби шеберлігінен айырылады. Ондай маманға адамның өмірін сеніп тапсыруға болмайды. Сондықтан хирург өмір бойы ізденуі, алға ұмтылуы керек.

– Оталардың жеңілі, ауыры болмайтыны анық. Дегенмен, сіз үшін ең ауыр әрі ең қиын, ұзақ жасаған отаңыз есіңізде ме?

– Отаны жеңіл, ауыр деп бөлуге болмайды. Жасалған отаның барлығы ауыр. Оталар қарын, өт жолы, бауыр, ұйқы безі, аш ішек, тоқ ішек, тағы басқа ауруларға байланысты жасалады. Соларды алып тастау, алып тастаған ағзаның орнына соның қызметін атқарып тұрған басқа ағзаны қою – мұның барлығы оңай жасалатын оталар емес.

Ал ең қиын әрі күрделі деп бірінші жасаған оталарымды айтамын. Себебі, алғашқы кезде өте қиын болатын. Әсіресе, қасыңда тәжірибелі хирург жоқ кезде. Ең алғаш 1989 жылдың тамыз айында 23 жастағы науқастың соқыр ішегін алып тастағаным есімде.

– Қазір еліміздегі хирургияның дамуына қандай баға бересіз?

– Елімізде денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлінуде. Бұрын тек Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығы, балалар хирургиясы мен педиатриясы ғылыми орталығы ғана жұмыс істеген болса, қазір травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығы, республикалық нейрохирургия орталығы, республикалық ұлттық нейрохирургия ғылыми орталығы, тағы басқалары ашылып, жалпы хирургия саласының дамуына үлес қосып жатыр. Жаңа технологиялар енгізіліп, дәрігерлер өзге елдерде біліктіліктерін арттыра алады. Еліміз бен шетел дәрігерлері арасында тығыз байланыс орнады. Қазір оталарды лапороскопиялық әдіспен жасаудамыз. Яғни, бұрынғыдай қолмен ота жасау азайып келеді. Ашық жара болмағандықтан, науқас 2-3 күннен соң өзі жүріп, тамақ іше алады. 4-5 күнде үйге шығарамыз.

– Өз тәжірибеңізде ота үстінде ғұмыры үзілген адамдар болды ма?

– Ондай қайғылы жағдайлар кездесті. Дәрігер сырқатқа өз мүмкіндігінше көмек көрсете алады, ал ажалы келіп тұрса, оған арашашы болу мүмкін емес. Әдетте адам өлімі дәл сол отаның салдарынан, яғни хирургияның дәрменсіздігінен емес, аурудың әбден асқынып кеткендігінен болады. Бірақ марқұмның туыстары олай ойламайды, олардың пікірінше, барлығына дәрігер ғана кінәлі сияқты. Науқастың жағдайын тек дәрігер ғана біледі, алайда, соны біле тұра отадан кейін сәтсіздік орын алса, оған қайғырмайтын, уайымдамайтын хирург жоқ. Ол жалғыз менің ғана емес, барлық хирургтің басында болатын жайт.

– Қазір қазақ қоғамы рухани жаңғыруға бағыт алды. Руханият жайындағы ойыңызды білдіре отырсаңыз.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Егемен Қазақстан” газетінде жарияланған рухани жаңғыру жайлы мақаласын мұқият оқып шықтым. Түсінген адамға бағыт-бағдар беретін, жол көрсететін тартымды мақала. “Экономика”, “саясат” деп жүріп рухани дүниемізді қожыратып алғанымыз рас. Жастар арасында тәрбие жұмысы көмескіленіп, рухани кедейшілік көрініс бере бастады. Тіпті, еліміздің тарихын, мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрімізді білмейтін жас ұрпақ қалыптасуда десем, артық емес. Тілін білмесе, халқының тарихын білмесе – одан қандай патриот шығады. Ұлтжандылық отбасындағы тәрбиеден бастау алуы керек. Түрлі діни ағымдарға ілесіп, сақал қойып, шалбарларының балақтарын кескен жастарды, хиджаб киіп, басынан тобығына дейін оранып алған қыздарымыз бен келіншектерді көріп жүрміз. Олар кімнің айдауына көніп, кімнің жетегінде жүр? Ата-баба дәстүрінде ондай бар ма еді? Міне, мені және де түйсігі түзу замандастарымызды осы сұрақтар қатты алаңдатады. Жастардың болашағы көмескіленіп, жат-жұрттықтардың қолжаулығына айналып кетпесе екен деп толғанамыз. Жастар арасында әлі де болса рухани жұмыстарды жандандыра түсуіміз керек-ақ. Идеология дегенің, біле-білсек, өте нәтижелі, адамға зор әсер ететін күшті қару. Тәрбие қажет. Әйтпесе, толқып тұрған жас шыбықтай майысып, басқа бір бағытқа, теріс ағымға ілесіп кетуі әбден мүмкін.

Әңгімелескен

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

 

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.