ЕМДЕУ САЛАСЫНЫҢ ЕҢСЕСІ ТІК

“Нұр Отан” партиясы сайлауалды бағдарламасының “Денсаулық сақтау” бағыты бойынша комиссиясының кезекті отырысы өтті. Кездесуде өңіріміздегі денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесі қаралды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Әлия Оразалинаның айтуынша, биыл Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында қалалардағы және ауылдық елді мекендердегі нысандарға күрделі жөндеу жүргізу үшін 132 244,0 мың теңге бөлінген. Бұл қаржыға бастапқыда бес жобаны жүзеге асыру жоспарланғанымен, конкурстық рәсімдер нәтижесінде 13 220,6 мың теңге ақша үнемделіп, медициналық колледждің акт залы күрделі жөндеуден өткізілген. Жергілікті бюджеттен бөлінген 452 185,7 мың теңге қаржыға 13 жоба жүзеге асырылған.

– Өңіріміздегі денсаулық сақтау мекемелерін медициналық және басқа да жабдықтармен жарақтандыру үшін биыл жергілікті бюджеттен 1 225 138,6 мың теңге қарастырылған болатын. Соның ішінде 210 216,9 мың теңгеге 21 санитарлық және 5 жеңіл көлік жеткізілді. Сондай-ақ, 136 бірлік медициналық және басқа да жабдықтар сатып алынды, – деді Әлия Оразалина.

Облысымыздың қытымыр ауа райын ескеріп, күзгі-қысқы мерзімге дайындық қызу жүргізілген. Биыл жеті емдеу мекемесіне 13 жылыту қазандығын алуға қаржы бөлінген, Айыртау ауданы – 1, Тимирязев ауданы – 4, Шал ақын ауданы – 3, Уәлиханов ауданы – 4, Ғабит Мүсірепов атындағы аудан 1 қазандықпен қамтылған. Биыл кардиологиялық орталыққа 177 млн. теңге қаржыға жүректі картографиялау және электрофизиологиялық жүйелеу аппараттары алынды. Бұл құрылғылар жүрек соғысының бұзылуын емдеу барысында оны электрофизиологиялық зерттеуден өткізеді. Бұған дейін жүрек ауруына шалдыққандар Алматы және Астана қалаларындағы ғылыми-зерттеу орталықтарына баруға мәжбүр болған.

Сонымен қатар шалғайдағы медициналық ұйымдар үшін 14 635,0 мың теңгеге телеметриялық ЭКГ құрылғысы алынды.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика