ҮМІТ СЫЙЛАҒАН ОРТАЛЫҚ

Бүгінде денсаулықтан басқаның бәрі сатылады. Өкініштісі сол, кейбіреуіміз баға жетпес байлықтың қадірін жете түсінбейміз. Түрлі себептерді желеу етіп, денсаулыққа салғырт қараймыз.

Түсіне білген адамға аурудың азабын тартудан асқан қиямет жоқ. Әсіресе, ақхалатты абзал жандардан араша сұраған Людмила Шилкина сияқты адамдарға аурудың азабы жақсы таныс. “INTEGRUM SK” медициналық оңалту орталығында қажетті ем-дом алған ол денсаулықтың қадірін кеш түсінгеніне өкінетінін, алайда онкүндік емдеу курсы оң нәтиже беріп, денсаулығы біршама жақсарғанын айтқан.

Көпшілік қауымға белгісіздеу орталықтың жұмысымен біздер де танысқан едік. Медициналық мекеменің ашылғанына көп уақыт өткен жоқ. Үстіміздегі жылдың сәуір айында ғана жұмысын бастап, бүгінге дейін жүзге тарта адамды қабылдап үлгеріпті. Әсіресе, созылмалы қабыну, жүрекқан тамырлары, омыртқа және буын, онкологиялық, жүйке жүйесі мен тағы басқа ауруларға шалдыққан науқастар денсаулықтарын қалпына келтіруде аталмыш мекеменің көмегі зор екенін айтады. Облыс бойынша әзірге мұндай орталық біреу ғана. Сондықтан келушілердің көбейгенін мекеменің жетекшісі Диана Грищенко мәлімдеді. Науқастар арнайы “АЛМА” аппараты арқылы емдеу курсынан өтеді.

Тұрғындардың әлеуметтік жағдайына байланысты арнайы жеңілдіктер қарастырылғанын да айтпасқа болмас. Мәселен, балалар мен зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар айтарлықтай жеңілдіктерге ие.

Магниттік-терапияның, әсіресе, инсультке шалдыққан науқастар үшін маңызы зор.

– Менің медицина саласында еңбек еткеніме жиырма жылдан асты. Мейірбике болып 24 жыл жұмыс істедім. Күнделікті қат-қабат шаруамен жүргенде, денсаулығымның сыр бергенін өзім де аңғармай қалдым. Жаман ауруға тап болып, ота жасаттым. Ресейге барып, “АЛМА” аппараты арқылы медициналық қайта қалпына келтіру курстарынан өтудің нәтижесінде, денсаулығымда оң өзгерістер пайда болды, – дей келе, ол осы оқиғадан кейін өңірде медициналық оңалту кабинетін ашуды қолға алғанын айтты. Бүгінде арманына қол жеткізіп, көптеген науқастардың алғысына бөленуде.

Әрине, кез келген істі бастау үшін тәуекелге бару қажет. Өзіне нық сенімді Диана несие рәсімдеп, Ресейде жасалатын автоматтандырылған магниттік-терапия кешенін сатып алды. Медициналық кешеннің құны – 6 миллион теңге.

Мұнда Айман Күлқарина, Елена Ахременкова сияқты білікті физиотерапевтер жұмыс істейді. Біз орталықта болған уақытта келушілердің саны көп екенін байқадық. Басы ауырып, қан қысымы көтерілгендер де орталықтан табылуда. Сондықтан алда атқарылуы тиіс шаруа көп. Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында “INTEGRUM SK” медициналық оңалту мекемесі қайырымдылық шарасын өткізді. Яғни, жыл соңына дейін көмекке мұқтаж жандарға тегін көмек көрсетілмек. Бүгінде халықтың әлеуметтік әлжуаз тобы мен “Солнечный дом” қоғамдық қорының балалары автоматтандырылған магниттік-терапия кешені арқылы тегін емдеу курсынан өтуде. Осы орайда, ата-ананың бірі – Светлана Хасанова жүрек ауруына шалдыққан Анита есімді қызының аталмыш мекемеде тегін көмек алғанын жеткізді. Қазір бала мазасыздануын қойып, тыныш ұйықтайтын болған. Жағдайы біршама жақсарған қыздың өмірге деген құлшынысы ерекше. Он минуттық емдеу терапиясы қаршадай қыздың жүзіне күлкі үйіріп, өміріне нұр шашқандай.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

 

Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика