ТІЛ МҮКІСТІГІ ТҮЗЕЛЕ МЕ?

Бүгінгі таңда тілінде мүкістігі бар балалардың саны артып отырғаны байқалады. Оны өзіміздің көмегімізге жүгінетіндердің көбейгенінен де байқап отырмыз. Сөздерді дұрыс айта алмайтын балалар жиі ұшырайды. Қоғамда олардың санының еселей өсуі логопед мамандарға деген сұраныстың артуына алып келді. Облыс бойынша бірнеше денсаулық сақтау мекемесінде логопедиялық қызмет ұйымдастырылды. Ал облыстық денсаулық сақтау жүйесінде балаларға жоғары дефектологиялық білімі бар 8 маман коррекциялық және логопедиялық кеңес берумен айналысады. Өңір логопедтерінің республикада бірінші болып ерте жастағы балалармен жұмыс жүргізуді қолға алуы – қуанарлық жайт. Біз 2014 жылдан бері логопедиялық қызметте педагогикалық Монтессори бағытымен жұмыс істеуді қолға алдық.

Облыстық балалар ауруханасындағы бейімдеу бөлімшесінде коррекциялық-логопедиялық көмек алатындардың – 70 пайызы сәбилер. Сенсорлы және Монтессори бөлмелерінде балалармен түрлі жаттығу жасаймыз. Басты мақсатымыз – осы балалардың мүмкіндіктерін анықтап, түзету жұмыстарын жүргізу. Бізде логопедиялық жаттығу курсынан өткен әрбір үшінші баланың мүмкіндігі шектеулі. Ақыл-ойы кем, даун синдромымен, аутизммен ауыратын, сондай-ақ, орталық жүйке жүйесіне зақым келген балалар өмірге тіл мүкістігімен келеді.

Жалпы тіл мүкістігін түзеуде баламен неғұрлым жиі әңгімелесудің маңызы зор. Ал баланың сөйлеуге деген қабілеті ерте жастан байқалмаса, үш жасқа дейін тосудың қажеті жоқ. Яғни, бір жасқа дейінгі бүлдіршіндердің дауысында, тіл, ерін қимылында, көру және есту қабілетінде өзгешеліктер орын алса, ата-аналар бірден логопед маманның көмегіне жүгінулері керек. Баланың дамуына әрқашан назар аударған жөн.

Тіл мүкістігі бойынша тіркеуде тұрған балалар жылдар бойы маманның көмегін қажет етуі мүмкін. Осы орайда, өткен жылы тілінде өзгешелігі бар 1782 бала тіркеуге алынғанын атап өту артық болмас. Ал оның 859-ы логопедиялық курстан өтті. Кейбіреуі маман кеңесіне жүгініп, бірқатары коррекциялық-логопедиялық көмек алды.

Логопедтер тарапынан ұсақ қол моторикасын дамытуда саусақ және буындарға массаж жасауға барынша мән беріледі. Ата-аналарға да балаларымен саусақ жаттығуларын жасауға кеңес береміз. Ұсақ моториканы дамыту барысында баланың сөйлеу тілі жетіліп, икемділігі арта түседі. Сонымен қатар логикалық ойлау қабілеті дамиды.

Қазіргі күні кей ата-ана бір жастағы баласымен сөйлеспейді. Бұл дұрыс емес. Осы кезеңде баланы диалогқа тарту арқылы оның сөйлеу қабілетін дамыту керек. Тіл мүкістігінің пайда болу себептеріне келсек, ондай жағдайға тұқымқуалаушылық, биологиялық, химиялық, әлеуметтік-психологиялық ахуал әсер етуі мүмкін. Жүктілік кезеңінде ананың жедел және созылмалы аурулармен ауруы да тікелей әсер етеді. Тілінде мүкісі бар бала өзін өзгелерден кем санап, кекештігіне қысылатын болса, ертеңгі күні баланың тұлға болып қалыптасуы қиындай түседі. Сондықтан ата-аналар баласының денсаулығында бір кінәрат барын байқаса, бірден дәрігерлердің көмегіне жүгінулері керек.

Юлия КРАСНОВА,

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша штаттан тыс бас логопед. 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.