ТИІМДІ ТЕРМИНАЛ

Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша басымдық берілуде. Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтып, заманауи жабдықтар сатып алынуда. Өйткені, тұрғындарға қолжетімді сапалы медициналық көмек көрсету – басты мақсат. Осы орайда, Петропавл қаласындағы №3 емханада электрондық терминал орнатылып, медициналық мекеменің көмегін пайдаланушылар зор қуанышқа кенелді.

Аталмыш денсаулық сақтау мекемесіне қарасты тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында орнатылған терминал арқылы учаскелік терапевт пен жалпы тәжірибедегі дәрігердің қабылдауына жазылуға болады. Енді адамдар дәрігердің қабылдауына жазылу үшін кезек күтіп, уақыт өткізбейді. №3 қалалық емхананың бас дәрігері Әлия Тәшетова журналистерге берген сұхбатында мұндай жаңашылдықтар саланың дамуына оң ықпал ететінін айтып, электрондық терминал денсаулық сақтау мекемесі мен емделушілердің уақытын үнемдейтінін жеткізді. Терминал орнатылысымен-ақ, оның көмегін пайдаланушылар көбейген.

– Тұрғындар үшін дәрігердің қабылдауына алдын ала жазылу ең өзекті мәселелердің бірінен саналады. Осы мәселені шешу мақсатында емделушілерді электронды тіркеуді қолға алдық. Біздің емханамызда тіркеуде тұрған адамдар бірер минуттың ішінде терминалға өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін енгізіп, уақыты мен күні белгіленген талонға ие болады. Қазіргі уақытта емделушілердің бір апта бұрын алдын ала жазылуға мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта дәрігерге алдын ала жазылу мерзімін екі апта, бір айға дейін ұзартуды жоспарлап отырмыз, – деген емхананың бас дәрігері өзге де медициналық қызмет көрсетулерді терминалға енгізу алдағы уақыттың еншісіндегі мәселе екенін айтты. Онда адамдардың жас мөлшеріне сәйкес қант диабеті, онкологиялық аурулардың алдын алу мақсатында скринингтік тексерулер туралы ақпарат көрсетілмек.

Тағы бір айта кетерлігі, “PROFIT” жеке кәсіпкерлігінің қанатқақты жобасы ретінде электрондық терминал тегін орнатылды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика