АУЫРМАУДЫҢ ЖОЛЫ тұрғындардың өз қолында

Жігіт ағасы әбден шаршағандай. Аурудың азабын тартқанына жарты жыл. Облыста ол бармаған аурухана жоқ. Небір білікті, тәжірибелі мамандардың көмегіне жүгінсе де, ешқандай оң өзгеріс байқалмайды. Ауыр дертпен күресуге дәрмені қалмаған, шыбын жанын шүберекке түйген ер-азаматтың көзінен өмірге деген құлшыныс байқалмайды.

Өзінің обыр дертіне шалдыққанын білген соң сары уайымға салынып, қайғы шеккен отағасының жүдеу көңілі үйдегілердің үрейін ұшырып, ішкендері – ірің, жегендері желім болды. Бойы шөгіп, көздері үңірейген әкенің қимыл-қозғалысында, жүріс-тұрысында да дәрменсіздік байқалады. Кезінде екі иығына екі кісі мінгендей, атпал азамат еді. Бүгінде оның ешкіммен шаруасы жоқ. Құр сүлдері. Бес күндік жалған дүниеде бәрі алдамшы екенін ол енді ұққандай. Дәрігерге кеш қаралып, алтыннан қымбат уақытын өткізіп алғанына қапалы. Қажетті ем-дом жасаған соң, үйіне қайтаруды жөн көрген ақхалатты жандар да қауқарсыз.

Жалпы обыр ауруы қандай дерт? Осы орайда қатерлі ісіктің алдын алу шаралары туралы облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Қабдірахман Сақтағановтың пікіріне жүгінелік.

– Аурудың алдын алып, дертке шалдыққан науқастарға сапалы әрі уақтылы медициналық көмек көрсету денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің басты міндеті болып табылады. Аждаһадай аузын ашқан бұл аурудың алдын алып, сырқатты ерте анықтау үшін тұрғындар арасында скринингтік, медициналық тексерістер жүргізудің маңызы зор. Әсіресе, онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарды емдеуді кешеуілдетпеу керек. Сондықтан біздер оларға бірден ем тағайындап, қолымыздан келген көмекті көрсетеміз, – дей келе, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер Қабдірахман Еркінұлы онкологиялық аурудың соңы өлім деп ойлау қате пікір екенін жеткізді. Оның айтуынша, ауру ерте кезеңде анықталса, емдеу шаралары да оңай жүргізіледі. Емдік шаралар ерте басталса, аурудан айығуға мүмкіндік бар. Осындай ойларымен бөліскен бас дәрігер ауру асқынған жағдайда әріптестерінің тығырыққа тірелетінін жасырмады.

Бүгінде тұрғындардың сапалы медициналық көмек алуына баса мән берілуде. Әсіресе, онкологиялық ауруларға шалдыққан науқастар үшін республика аумағында арнайы бағдарлама қабылданып, жүзеге асырылуда. Бұл орайда қатерлі ісік ауруын ерте анықтау мақсатында емделушілерге жоғары білікті мамандандырылған медициналық көмекті уақытында көрсету үшін онкологиялық және медициналық-санитариялық көмек қызметтерінің өзара байланыста болуы маңызды. Қауіпті кеселге қарсы жүргізілетін барлық ем-шара тегін екенін ескерсек, медицина саласының дамуына Үкімет тарапынан қолдау ерекше.

Қатерлі ісікті ерте диагностикалау мақсатында облыс, қала емханаларында заманауи үлгідегі аппараттар сатып алынғанын баса айтып өткен жөн. Облыстық онкологиялық диспансерге де заманауи диагностикалық апараттар қойылды. Оның ішінде ультрадыбыстық диагностика аппараты, бейнеэндоскопиялық колоноскопия, гастроскопия жүйесі, рентген-диагностикалық кешен бар. Жаңа жылда сандық маммограф сатып алу көзделуде. Осындай заманауи кешендердің арқасында сүт безі, жатыр мойыны обыры, қуықасты безі, өңеш, асқазан ауруларын алдын алу мақсатында 65 жастан асқан тұрғындар тексеруден өткізілді.

Қабдірахман Еркінұлы қазіргі таңда диспансерде 9358 науқас есепте тұрғанын айтты. Оның 1601-інің бойындағы дерт өткен жылы анықталған. Стационарлық ем қабылдағандардың саны – 5981 адам. Павлодар облысынан кейін біздің өңір онкологиялық ауруларға шалдығу бойынша республикада екінші орында тұрғаны көңіл құлазытады. Осы орайда облыста қатерлі ісік ауруына шалдығатындардың дені егде жастағы тұрғындар екенін атап өткен жөн. Яғни, 80 пайызы – қарттар. Дегенмен, жыл өткен сайын “жаман ауру” жасарғанын мамандар жоққа шығармайды. Жыл сайын талай науқасты уайымның уысына түсірген бұл кесел адамды жынысына, үлкен-кішісіне бөліп жармайды.

Жалпы соңғы бес жылдағы көрсеткішпен салыстыратын болсақ, өңірде скринингтік тексерулердің нәтижесінде онкологиялық ауруларды анықтау көрсеткіші өскенімен, ауруға шалдығу деңгейі былтыр сегіз пайызға төмендеген. Ауруы асқынғандар азайып, он бір пайызды құраса, өлім-жітім жеті пайызға төмендеді. Бір өкініштісі, өкпе обырына шалдыққандар біздің облыста бірінші орында. Олардың саны 13,5 пайызды құраса, екінші сатыда – сүт безі қатерлі ісігіне тап болғандар. Одан кейінгі орындарда тері, асқазан қатерлі ісігімен ауыратын науқастар бар. Обыр дертімен күрес жүргізетін мамандар бұл кесел жұқпалы немесе тұқым қуаламайтынын айтты. Бірақ сүліктей сорған аурудың құрсауына іліккендердің дені ажал құшатыны өкінішті. Науқастар электрондық тіркемеге алынып, әрбіреуі мультидисциплинарлық топтың бақылауында болады. Мультидисциплинарлық топтың құрамында хирург, онколог, маммолог сияқты бірнеше дәрігерлер болады.

Кез келген салада қиындық барын ескерсек, облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері жұмыс барысында бірқатар мәселелер туындайтынын жеткізді. Мәселен, егде жастағы кейбір адамдар скринингтен бас тартып, тексерулерден дер кезінде өтпейді.

“Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде” деген халқымызда дана сөз бар. Дегенмен, бұл нақылға біздер қаншалықты мән береміз? Тіпті, кейбіреуіміз ауру алқымнан алғанда ғана аурухана есігінен сығалап, дәрігердің көмегіне жүгінеміз. Мына өлшеулі ғұмырда өзіміздің денсаулығымызға жауапкершілікпен қарау абзал емес пе?!

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

 

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика