АНТҚА АДАЛДЫҚ

Алдын ала келісіп, уағдаласқан күні облыстық кардиологиялық орталыққа келдік. Кезекші мейірбике кардиохирургиялық бөлімшенің меңгерушісі Игорь Шумаков отырған кабинетті нұсқады.

Әдеттегідей дәрігерлер бөлмесінде аурулардың құжаттарын қарап, әлденені қойындәптеріне түртіп отырған хирургтің назары бірден бізге ауды. Игорь Шумаковтың есімі облыс жұртшылығына жақсы таныс. Әңгімелесу барысында байыпты, сабырлы мінезімен бірден өзіне баурап алған оның әр сөзі салмақты шығып жатты. Қарапайымдылығын аңғару да қиын болмады. Өмірін денсаулық сақтау саласына арнау мамандығын жан-тәнімен сүйетін Игорь Витальевичтің бала күнгі арманы екен.

Мектепте жүргенде-ақ болашақ мамандығын таңдап, адамдарға жақсылық жасауды мақсат еткен дәрігер бүгінде өз ісінің хас шебері десек, қателеспейміз. Облыстық кардиохирургиялық бөлімшеде жылына 250-дей ота жасалса, соның дені Игорь Шумаковтың қатысуымен өтеді. Ауруына араша іздеп, дәрігердің көмегіне жүгінген жанға қолынан келгенін жасайды. Дәрігер атаулыға артылар асыл аманат – антқа адалдық. Әр күні қарбаласқа толы. Ертеңгі күні науқастың аяғынан нық тұрып кетуі үшін барын салатын хирургтің басты мақсаты – қателік жібермеу. Оның биік шыңға көтерілуінің бірден-бір себебі – осы. Жеткен жетістіктері – табанды еңбектің жемісі.

Ол табиғаты әсем, көрікті Айыртауда дүниеге келіп, Астана мемлекеттік медицина академиясында білім алды. Санаулы жылдардың ішінде кардиохирургиялық бөлімшенің меңгерушісі қызметіне дейін көтерілген оған аудандық, облыстық балалар ауруханалары нағыз маман ретінде шыңдалу мектебі болды. Туған жерге туын тіккен азаматтың ең алғаш еңбек жолы Айыртау аудандық орталық ауруханасынан бастау алуы да тегін емес.

– Мамандық таңдауда адам қателеспеуі керек. Бұл ретте мен өзімнің орнымды тапқан адаммын. Өзімді өзге салада елестете алмаймын. Басқа саланың маманы болу қолымнан келмейді. Бұл саланы таңдағаныма өкінбеймін. Медицина – менің өмірім. Дәрігерлік міндетім өз алдына, қиналған науқастарға қолдау білдіруге әрқашан дайынмын. Ант беріп, адал еңбек етуді мақсат еткендіктен, біздерге жүктелер жауапкершілік те екі есе, – деп оз ойымен бөліскен хирург кәсібіне адал, мамандығын шын сүйетін адам ғана өз ісінің білгірі бола алатынын айтты. Қамал алар жасқа келген Игорь Шумаков үшін адамдардың алғысынан қымбат ештеңе жоқ. Көргені көп, өмірден алған тәжірибесі бай.

Уақыттың тығыздығына, шаруаның көптігіне қарамастан, жұмысқа келген бойда бірден науқастарға барып, жағдайларын біледі. Бұл – оның күн сайынғы әдеті. Тіпті, демалыс күндері жұмыстан табылуы мамандығына деген адалдығын аңғартады. Бір сәтке де емделушілерін назардан тыс қалдырғысы келмейді. Өйткені, ол науқастардың өміріне жауапты.

Медицина бір орында тұрмайды. Біліктілігін арттырмаған дәрігер де тоқырайды, ал тоқырау бар жерде даму жоғын жақсы білетін хирург медицинасы көш ілгері елдерде болып, тәжірибеден өтті. Үнемі ізденісте жүретін Игорь Витальевич әр жылдары Қытай, Италия, Израиль, Литва, Австрия, Швеция, Финляндия елдеріндегі оқыту курстарына қатысып, білімін жетілдірді.

Ал №2 қалалық аурухананың негізінде ашылған кардиологиялық орталықта 2009 жылдан бері жұмыс істейтін дәрігердің әріптестері оның адамгершілік қасиетіне жоғары баға беруде. Кардиохирургиялық бөлімшеде 60 адам еңбек етсе, соның барлығына қамқор, жанашыр.

– Мен қолы алтын дәрігермен жұмыс істегеніме қуаныштымын. Оның жайдары мінезі, адамдармен өзара тіл табыса білуі, кез келген іске сабырлылық танытуы – ұжым мүшелерінің әрқайсысына үлгі. Оның біреуге тіл тигізіп, жөнді-жөнсіз тұқыртып сөйлегенін естіген емеспін. Біліктілігі жоғары. Қиын оталарды жасауда өзінің тәжірибелі маман екенін сан мәрте дәлелдеді. Осындай майталман маманмен жұмыс істеу – бір ғанибет, – деді кардиохирургиялық бөлімшенің мейірбикесі Екатерина Гернер.

Шынымен ұжым мүшелерін бір-бірінен бөліп жармайтын Игорь Шумаков үшін әр маманның орны ерекше. Бөлімшеде қызмет ететін Мұрат Қасымов, Анатолий Донов, Вячеслав Ким, Вячеслав Малахов сияқты анестезиолог, хирургтердің біліктілігін тілге тиек еткен ол қолы жеңіл дәрігерлердің еселі еңбегін де ерекше атап өтті. Көпшіліктің құрметіне бөленуі ұжымдағы білгір мамандардың арқасында екенін айтқан бөлімше меңгерушісі алға қойған міндетімен бөлісті. Ендігі мақсат – миниинвазивті кардиохирургияны жетілдіру.

Дәрігер жеткен жетістіктеріне тоқмейілсімейді. Қайта алға жылжып, денсаулық сақтау саласын жетілдіруге асық. Ел үшін еткен еңбек те ешқашан ұмытылмайды. “Құрмет” ордені, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасы – адамдарға жасаған жақсылығына берілген лайықты баға.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика