ҚАУІПТІ ДЕРТПЕН КҮРЕС

Бүгінде тұрғындардың сапалы медициналық көмек алуына баса мән берілуде. Соның бір дәлелі – онкологиялық ауруларға шалдыққан науқастар үшін республика көлемінде арнайы бағдарлама қабылданып, жүзеге асырылуда.

Қатерлі ісікті ерте анықтау, емделушілерге жоғары білікті мамандандырылған медициналық көмекті уақытында көрсету үшін онкологиялық және медициналық-санитарлық көмек қызметтері өзара байланыста жұмыс істеулері керек. Облыстық онкологиялық диспансерде өткен баспасөз мәслихатында осы жайында айтылды. Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған шарада өңірде қатерлі ісікті ерте анықтау және алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайы сөз болды. Диспансер бас дәрігерінің әдістемелік-ұйымдастыру жұмысы жөніндегі орынбасары Ермек Әбдірімовтің айтуынша, өткен жылы қауіпті дертке шалдығуы мүмкін 1751 адам есепке алынған. Ал 9353 науқас нақты тіркеуде тұр.

Соңғы кездері онкологиялық аурудың жасарғанын мамандар жоққа шығармайды. Жыл сайын талай науқасты уайымның уысына түсірген бұл кесел адамды жынысына, үлкен-кішісіне бөліп жармайды.

Қауіпті кеселге қарсы барлық ем-шара тегін жүргізіледі. Онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте анықтау мақсатында қазір республикалық онкүндік өткізіліп жатқанын да айта кету артық болмас. Баспасөз мәслихаты барысында бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Олег Дудяк пен мамандандырылған консультациялық-диагностикалық бөлімше меңгерушісі Балжан Дәулетбекова аурудың алдын алу, тұрғындардың өз денсаулығына жауапкершілігін арттыру, скринингтік тексерулерден өту қажетін айтты. Мамандар облыста қатерлі ісік ауруына шалдығатындардың дені егде жастағы тұрғындар екенін жеткізді. Өкпе обырына шалдығу жиі кездесетін болса, сүт безі, тері, асқазан қатерлі ісігімен ауыратын науқастар да азаймай отыр. Енді сүт безі обырына қарсы тексерістер 40-тан 70 жасқа дейінгі әйелдер арасында екі жылда бір рет жүргізілетін болады. 2017 жылы 16,5 мың әйел маммографиялық зерттеуден өтсе, биыл бұл көрсеткішті екі есеге арттыру көзделіп отыр.

Өз денсаулығына салғырт қарап, дұрыс тамақтанбай, зиянды әдеттерге әуестенетін адамдардың арасында онкологиялық ауруларға шалдығу көрсеткіші жоғары. Сондықтан ақхалаттылар “ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуге” кеңес береді.

Онкүндік аясында онкологиялық диспансерде “Ашық есік күні” өткізіліп, облыс тұрғындары онколог, маммолог сияқты бірқатар мамандардың қабылдауында болмақ.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика