БЕДЕУЛІК — ҮКІМ ЕМЕС

Соңғы кезде қоқысқа бала тастап кеткендер туралы жағымсыз жаңалықтарды ара-тұра болсын естіп жүрміз. Кішкентай ғана қорғансыз сәбиді қалай ғана қиып лақтырып кетуге болады?! Мұндай адамдардың жүрегі тас шығар деп ойлайсың.

Осылай бәз біреулер сәбиінен тезірек құтылуға асықса, “Етегің балаға толсын” деген әжелердің ақ батасын алса да, өмірге сәби әкеле алмай қиналып жүрген келіндер де аз емес. Статистикаға сүйенер болсақ, еліміз бойынша бала көтере алмаған әйелдер саны жыл сайын арта түсуде. Ол жайында дәрігерлер де дабыл қағуда. Әйелдер арасында кездесетін бедеуліктің себебі неде деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сауалымызды Петропавл қаласындағы №3 қалалық аурухананың ұрықтандыру бөлімшесінің репродуктолог дәрігері Ольга Звягинаға қойған едік.

– Бедеулік диагнозы әйелдің бойында жүктілік бір жыл бойы байқалмаған кезде қойылады. Жалпы бедеулік ерлерде де, әйелдерде де кездеседі. Мәселен, әйел ағзасында гормоналдық реттеудің бұзылуынан эндокриндік бедеулік орын алады. Сонымен қатар жатырдағы түтікшенің жоқтығы немесе оның өткізу қабілетінің бұзылуы да әйелге сәби көтеру кезінде айтарлықтай қиындықтар туғызады. Жалпы алғанда, бедеулік әртүрлі болады. Оны емдеу жолдары да көп. Әйел толық медициналық тексеруден өткен соң ғана оған арнайы ем-дом белгіленеді. Ең бастысы, уақытты өткізіп алмау керек. Әйел үшін бірінші сәбиін 20-28 жас аралығында туғаны абзал. Себебі, жас ұлғайған сайын сәби көтеру мүмкіндігі кеми түседі, – дейді Ольга Звягина.

Бедеуліктің психогендік себебі де болады. Ольга Владимировна екіқабат болуды қатты аңсаған әйел адамның бойында ешбір өзгерістер байқалмаса да, ол өзін аяғы ауыр адамдай сезінуі мүмкін екенін айтқан. Басы айналып, жүрегі айнып, тіпті, шарананың қозғалғаны сияқты белгілерді де сезінуі мүмкін. Бірақ шындығына келгенде мұның барлығы – оның қиялы, яғни сәбилі болуды қатты тосуының салдары. Мұндай сезім көп жағдайда ана болуға оң ықпалын да тигізетінін медицина теріске шығармайды.

Бала көтерудің көп жолдарының бірі – экстракорпоралды ұрықтандыру. Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, елімізде жасанды ұрықтандыру бағдарламасы жүргізілген жиырма жыл ішінде 10 мыңнан астам сәби дүниеге келген. Айта кетейік, пробиркада пайда болған алғашқы нәресте 1996 жылы туды. Осыдан алты жыл бұрын ЭКО орталығы Петропавл қаласында да ашылды. Оны жарақтандыруға 140 миллион теңге жұмсалған.

Ұрықтандырудың алғашқы қадамы сәтті өтті. Сол кезде егіз сәби дүние есігін ашып, бақытты ата-анамен бірге ақхалаттылар да қос қуаныштың куәгерлері болғанын көзі қырағы оқырмандарымыз әлі ұмыта қойған жоқ шығар. Өмірдің мәнін келтіріп, әйелге – ана, ерге әке болу бағын бұйыртқан мекеменің жемісті жұмысы – білімді, білікті дәрігерлердің жетістігі.

Орталық өз жұмысын бастағаннан бері бүгінге дейін жүздеген отбасы сәби күлкісіне бөленді. Бұл дегеніміз, үзілген үміттердің қайта жалғанып, шаңырақ іші шуаққа бөленгендігі. Бас дәрігердің акушерлік және гинекологиялық қызмет жөніндегі орынбасары Елена Калюжная қазіргі таңда №3 қалалық аурухана жанынан ашылған орталықта жұмыс жүйелі жүргізіліп жатқанын атап көрсетті. Экстракорпоралды ұрықтандыру барынша қолайлы және нәтижелі болуы үшін орталық толықтай заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Ұрықтандыру бөлiмшесiнде репродуктолог, эмбриолог, андролог, заңгер, психолог мамандар бар. Қызметкерлердің барлығы – өз кәсібінің жілігін шағып, майын ішкен шеберлер. Алыс-жақын шетелде тәжірибеден өткен дәрігерлер әлем стандарттарына сәйкес заманауи технологиямен жұмыс істейді. Олардың көмегіне облыс тұрғындары ғана емес, сонымен қатар, Ресейден де келіп, ата-ана болу мүмкіндігін пайдаланғандар аз емес. Экстракорпоралды ұрықтандыру қызметінің құны 900 мың теңге тұрады. Өткен жылы мемлекет 27 квота бөлген. Ашылғаннан бері экстракорпоралды ұрықтандыру арқылы жиырма сәби өмір есігін ашқан.

Орталықта ерлердің репродуктивтік денсаулығын сақтауға байланысты да бірнеше бағыт бойынша жұмыстар қолға алынған. Мәселен, қатерлі ісікке шалдыққан ер адам енді химия терапия алмас бұрын, орталықтың дәрігерлеріне қаралып, болашақта ұрпақ жалғастыруға байланысты ем-дом шараларын қабылдайды. Бұл да медицинамыздың дамып келе жатқандығының бір көрсеткіші.

Белгілі себептермен өздері бала көтере алмайтын жағдайларда отбасылар амалдың жоқтығынан суррогат ана қызметіне де жүгінеді. Елена Станиславовна ол жайында да ақпарат берді.

– Суррогат ана қызметін көбіне ерлі-зайыптылардың жанашырлары, туған-туыстары атқарып беруде. Оған қойылатын талап та аз емес. Денсаулығынан бастап, өмір сүру стилі, ортасы, дүниетанымы да үлкен рөл атқарады, – дейді маман.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика