ЖҮРЕК ОТАСЫНЫҢ ЖАҢА ӘДІСІ

Облыстық кардиологиялық орталықта Германиядан келген кардиохирург, профессор Вернер Хабербоштың қатысуымен коронарлық артерияға стент салудың жаңа әдісі бойынша науқасқа ота жасалды. Сондай-ақ, неміс дәрігері шеберлік сағатын өткізді. Тәжірибе барысында өңір дәрігерлері шетелдік маманмен жүрек ауруына шалдыққан 43 жастағы Галина есімді азаматшаға ота жасады.

– 2016 жылға дейін біздер металдан жасалған стентті пайдаланып келген едік. Оны кейбір ағза қабылдамауы мүмкін. Германияда әзірленген инновациялық стентті Еуропа елдері өткен жылы кең қолданысқа енгізді. Қазақстан медицинасы да қарыштап дамуда. Алдағы уақытта солтүстікқазақстандық әріптестерімнің бұл биорезорбциялық стентті сәтті қолданысқа енгізетініне сенімдімін. Мұнда оған қажетті база бар, тәжірибе де жеткілікті, – деді Вернер Хабербош.

Неміс кардиохирургі коронарлық артерияға стент салуды 1995 жылдан бері қолдануда. Ал әлемдік тәжірибеде биорезорбциялық стенттердің қолданылғанына көп уақыт өткен жоқ. Бұл жаңа өнімді Германияның “Биотроник” компаниясы жасап шығарған. Мамандардың айтуынша, оның бұрынғы баламаларынан артықшылығы көп. Ол науқастың жүрек-қан тамырларына ешбір ақаусыз 6-12 айдың ішінде бітіп кетеді.

Облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Асхат Молжігітов өңірде жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққандардың көп екенін, жыл сайын облыстық кардиологиялық орталықта 500-ге жуық ота жасалатынын айтты. Отаның осы түріне көбінесе 60 жастан асқан науқастар жүгінсе, соңғы жылдары аталмыш аурудың жасара түскені байқалады. Барлық емдеу шарасы кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында жүргізілетінін жеткізген бас дәрігердің орынбасары жыл сайын шамамен 200-ге жуық жас науқас стентті қажет ететінін хабарлады. Тамырға енгізілетін стент те мемлекет қаражаты есебінен салынады. Мұндай отаның орташа бағасы 800-900 мың теңге тұрады.

Неміс дәрігерінің қатысуымен науқасқа жасалған алғашқы ота сәтті өтті. Сырқат өзін жақсы сезінеді. Қатты қобалжығанын да жасырмаған Галина денсаулығында оң өзгерістердің барын айтып қуанды. Неміс дәрігерінің қатысумен алда шеберлік сағаттары мен бірнеше ота өткізу жоспарлануда. Ал биыл өңірге бөлінген квотаның арқасында 30 науқастың жүрек-қан тамырына стент салынбақ.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика