ДӘРІГЕРЛЕР ӨЗІМІЗДЕ ДАЯРЛАНАДЫ Министр Петропавлда медицина кафедрасын ашу жөніндегі бастаманы қолдады

Өткен сенбі күні өңірімізге жұмыс сапарымен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов келді. Облыстық ауруханада медицина саласы мамандарымен кездесу өткізіп, бірқатар мәселелерді талқылады.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы айтып, халықты тиімділігі дәлелденген, қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында құрылған медициналық сақтандыру қорының жұмысымен қысқаша таныстырды. Қорға түскен қаржы емдеу іс-шараларына тиімді жұмсалып, медициналық қызмет көрсету аясын кеңейтуге бағытталатынын жеткізді. Елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың, жалдамалы жұмысшылардың, жұмыссыздардың қандай санатқа жатқызылатынын анықтап, халық арасында медициналық сақтандыру қорының тиімділігі түсіндірілуі тиіс екенін атап көрсетті. Бұл олардың кепілдендірілген медициналық көмек алуларына жағдай жасамақ.

Сондай-ақ, министр мемлекет тарапынан барлық аурулар бойынша тегін медициналық көмек көрсету мүмкін емес екенін, азаматтар өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қараулары тиістігін айтты.

Оның айтуынша, алдағы уақытта мемлекет тарапынан әлеуметтік маңызы бар негізгі аурулардың отыз түріне ерекше назар аударылады. Сондықтан кез келген аурудың алдын алу үшін скринингтік тексерулерден өткен абзал.

Ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, “қағаз қолданбайтын ауруханаға” көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру мақсатында ауқымды шаралар белгіленді. Біздің өңір дәрігерлеріне “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасын жүйелі іске қосу міндеті жүктелді. Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде де бірқатар мәселелер бар.

– Қазіргі таңда кадр тапшылығы мен жалақының аздығы ең өзекті мәселелер қатарында. Мамандардың жалақысын бірден 20-30 пайызға көтеру мүмкін емес. Сондықтан бұл мәселеде ішкі резервтерді қарастыру керек. Бюджеттің 60 пайызы мамандандырылған стационарлық емдеу ісіне жұмсалады. Керісінше, бұл қаржы аурудың алдын алуға бағытталуы тиіс, – деді Елжан Біртанов. Біздің өңірде шешімін таппаған кейбір мәселелерді тізіп шыққан ведомство басшысы нақты мысалдар келтіру арқылы бірқатар жұмыстарға көңілі толмайтынын, “100 мектеп және 100 аурухана” бағдарламасы аясында облыста бірде-бір жаңа аурухана құрылысы жүргізілмегенін сынға алды. Өңірдегі емдеу мекемелері ғимараттарының басым көпшілігі ескі, материалдық-техникалық базасы нығайтуды қажет етеді.

Жиында аурулармен күрес жүргізу туралы да нақты ұсыныстар айтылды. Мәселен, қазіргі таңда өңірде онкологиялық ауруға шалдығу басым. Қан айналым жүйесі, жарақат, астан ұшыну, ана мен бала өлімі деңгейі де жоғары. Тұрғындардың қартаюының ана мен бала өліміне ешқандай қатысы жоқ екенін айтқан Елжан Амантайұлы бұл мәселелер алдағы уақытта жіті қадағалауда болатынын жеткізді. Министр денсаулық сақтау басқармасына бір айдың ішінде “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасының өңірлік жоспарын қайта қарастыруды тапсырды.

№3 қалалық ауруханада жұмыс істейтін жас маман Бейбіт Дайрабаев жалақы мәселесін көтерді. Шаруашылық жүргізу құқығына ие мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар үшін бірқатар артықшылықтар бар. Мәселен, аталмыш ұйымдардың бас дәрігерлері өздерінің ішкі резервтеріне орай қызметкерлердің жалақысын тағайындай алады. Министрдің айтуынша, мамандардың еңбекақысын өсіру аталмыш ұйымдардың өз құзырында. Сондықтан жоғары жаққа қол созбай, мүмкіндігінше мәселені өз орталарында тиімді шешу жолдары қарастырылуы керек.

Еңбекақыны өсіруге қатысты көтерілген сауал бойынша министр үш бірдей орынбасары бар қалалық №3 аурухананың бас дәрігері Ержан Әбуғалиевтің жұмысын сынға алды. Оған әкімшілік шығындарды қысқартып, жұмысты ұйымдастырудың тиімді тұстарын қарастыруға кеңес берді. Министрдің өзінде екі орынбасардың барын ескерткен ведомство басшысы емдеу мекемелеріне бір орынбасар да жеткілікті екенін айтты. Осы орайда, ана тілінде ойын еркін әрі анық жеткізген оның дәрігерлердің сұрақтарына қазақша жауап бергенін де айтып өткен артық болмас.

Корпоративтік басқару жүйесі бойынша алдағы уақытта бас дәрігерлерді үш жылға тағайындау қолға алынбақ. Қоғамдық тексеру комиссиясы басшылық қызметте отырғандардың жұмыстарына баға беріп, қорытынды шығарады. Бұл орайда, тексеру кеңесін құрудың маңыздылығы айтылып, оның құрамында қоғамдық ұйымдар, партия өкілдері, бизнесмендер болуы тиіс. Бас дәрігерлерді аттестаттаудан өткізуде біліктілік талаптары қатаң ескерілмек.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды қолданысқа енгізгеннен кейін белгіленген тарифтерді көтеріп, медицина саласы мамандарының еңбекақысын өсіруге тырысатын боламыз. Көп мәселені шешу біздің өзімізге байланысты. Алдағы уақытта құрылатын жұмыс тобына жас мамандарды да тарту қажет, – дей келе, Елжан Біртанов М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің базасында медициналық кафедра ашу жөніндегі бастаманы қолдайтынын білдірді.

– Көтерілген мәселелер өте орынды. Шын мәнінде денсаулық сақтау саласында жылдар бойы қордаланған түйткілдер баршылық. Қазір өңірде 239 дәрігер жетіспейді. Кейбір ауру көрсеткіштері республикалық деңгейден жоғары. Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы республикалық көрсеткіштен 24 пайызға төмен. Бұл орайда біздер өзіміздің мүмкіндігімізді дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Облыс орталығында заманауи үлгідегі, медициналық техникалармен жабдықталған аурухана қажет, – дей келе облыс әкімі Құмар Ақсақалов көрші Ресей елінің немесе Қазақстанның өзге қалаларына көмекке жүгінетін тұрғындарға облыс орталығында барлық қажетті медициналық көмек алуларына жағдай жасау керек екенін нақтылады. Алқалы жиын соңында медицина қызметкерлерін тұрғын үй мен қамтамасыз етудің жолдарын қарастыруға уәде берген өңір басшысы әлеуметтік желілерде денсаулық сақтау саласына мониторинг жүргізетінін хабарлады. Сондай-ақ, ол медициналық мекемелердегі ұзын сонар кезектің әлі де шешілмей отырғанын жауапты тұлғаларға ескертіп, оған облыс орталығындағы мекемелердің біріне ескертусіз барғанда анық көз жеткізгенін мәлімдеді.

Облыстық ауруханадағы отырыстан кейін Елжан Біртанов облыстық онкологиялық диспансерде болып, емдеу мекемесінің жағдайымен танысты. Қатерлі ісік ауруы бойынша біздің өңірдегі өлім-жітім көрсеткішіне алаңдаушылық білдірген министр дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде қандай да түйткілді мәселелердің бар-жоғын сұрады. Онкологиялық диспансердің бас дәрігері Қабдырахман Сақтағановтың айтуынша, емдеу мекемесі қазіргі таңда қажетті дәрі-дәрмектермен 85 пайыз қамтамасыз етілген. Наурыз айының соңына дейін бұл мәселе толығымен шешілмек.

Биыл онкологиялық диспансер жаңа маммограф аппаратын сатып алуды жоспарлап отыр. Емдеу мекемесі жанында салынып жатқан диспансердің қосалқы ғимаратының құрылысын көрген ведомство басшысы облыстық “Жедел жәрдем” орталығы мен Қызылжар аудандық орталық ауруханасына барып, ондағы жағдаймен де танысты.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Comments   

 
0 #1 Асыл 2018-03-14 05:44
Өз өңірімізде дәрігерлерді даярлау - құптарлық іс. Бүгінгі таңда шынымен де медицина мамандарының тапшылығы өткір сезіледі. Әсіресе балалардың денсаулығын қарайтын дәрігерлер жоқтың қасы. Бұл мәселе оңтайлы шешілсе, осы салада қызмет етуге ниетті жастар да баршылық. Олар Астана, Алматыға ат терлетпей, осында білім алып, қызмет етіп жатса, тамаша емес пе?
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика