АЛДЫН АЛҒАН АБЗАЛ

Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында кезекті баспасөз мәслихаты өтті. Журналистермен кездескен қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Серікбай Қасмақасов 2017 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылады.

Облыс бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін тілге тиек еткен Серікбай Халимұлы алдын алу жұмыстарының арқасында өңірімізде жұқпалы аурулардың азайғанына тоқталды. Сальмонеллез, өткір ішек ауруы, дерматомикоз, эхинококкоз сияқты жұқпалы аурулар көрсеткіші де төмендеген. Дегенмен, педикулез, ВИЧ, гельминтоз, описторхоз сияқты аурулар жұқтырғандар саны, керісінше, өскен. 2016 жылы “А” гепатитін жұқтырғандар тіркелмегенімен, 2017 жылы облыс бойынша 14 факті анықталған. Барлық сырқаттарға тиісті медициналық көмек көрсетілген. Сондықтан да бүгінгі таңда жағдай тұрақты. Республикада “А” гепатитіне қарсы вакцинаны жеткізушілердің жоқтығына байланысты облыс бойынша 9212 бала дер кезінде екпе алмаған. Дегенмен, бүгінгі таңда бұл бағыттағы жұмыстар ойдағыдай орындалып, балалардың барлығына екпе егілуде.

Серікбай Халимұлы өткен жылы облыстық бюджеттен тұмауға қарсы екпе егу үшін 52 миллион 290 мың теңге бөлініп, тәуекел тобындағы 60 мың адамға екпе егілгенін жеткізді. Ақылы негізде және демеушілердің көмегінің арқасында қосымша 10596 тұрғынға екпе салынған.

Ата-аналар арасында қазір екпеден бас тартатындар да кездеседі екен. Мәселен, 2016 жылы түрлі себептерге байланысты 552 балаға екпе салынбаған. Тұрғындар арасында жүргізілген түсіндіру жұмыстарының арқасында бұл көрсеткіш сәл төмендеген. Сөйтіп, 2017 жылы екпеден бас тартқандардың саны 282 адамға азайған. Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінгі таңда да өз жалғасын табуда.

Аса қауіпті жұқпалы аурулардың ішінен Серікбай Халимұлы туберкулезге тоқталды. Соңғы жылдары туберкулез ауруы 8,2 пайызға төмендегенімен, Солтүстік Қазақстан облысы ел бойынша алдыңғы орындарда. Өкінішке қарай, туберкулезбен ауырған адамдармен жақын қарым-қатынаста болғандардың арасында ауру екі есеге көбейіп кеткен. 2016 жылы 8 факті тіркелсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 16-ға жеткен.

– Әр адам өз денсаулығына жауапты. Сондықтан да дер кезінде флюорографияға түсіп отыру керек. Ол арқылы көптеген ауруларды бастапқы кезеңде анықтауға мүмкіндік бар, – деді департамент басшысы.

Баспасөз мәслихатында баланың денсаулығына зиян келтіретін сапасыз ойыншықтар жайы да сөз етілді. 132 ойыншыққа сараптама жасалып, оның 25 пайызы талапқа сай болмай шыққан. Сапасыз ойыншықтар Қытай (57,6 пайыз), Ресей (27,3 пайыз), Украина (9 пайыз), Беларусь (6,1 пайыз) елдерінен жеткізілген.

Спикер мониторинг көрсеткендей 2013-2017 жылдар аралығында ауызсудың сапасы нашарлағанына тоқталды. Балалар мен жасөспірімдердің гигиенасы, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, ауруханаішілік инфекция, техникалық регламентті бақылау туралы тақырыптар жайында да нақты мәліметтер келтіріліп, істеліп жатқан жұмыстар қорытындыланды.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика