ЖҰҚПАЛЫ ДЕРТ

Ел арасында “көксау”, “құрт ауруы”, “көкірек ауруы” деген атауларымен белгілі туберкулез – жұқпалы әрі қауіпті дерт. 1993 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы туберкулезді жалпықоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің жаһандық мәселесі деп жариялады. Осы ұйымның шешімімен жыл сайын наурыз айында Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні аталып, түрлі шаралар өткізіледі. Біздің республика көлемінде де туберкулезге қарсы күрес жөнінде Үкіметтік бағдарлама қабылданып, жүзеге асырылуда.

Науқастардың 75 пайызын 20-40 жас аралығындағы жұмысқа қабілетті адамдар құрайды. Көбіне, олардың отбасылары зардап шегеді. Бұл ауру тек медициналық қана емес, әлеуметтік маңызға ие мәселе ретінде де баршаға белгілі.

Біздің өңірде өткен жылы 376 адам туберкулез ауруына шалдықты. Ең жоғары көрсеткіш Шал ақын, Жамбыл аудандарында тіркелді. Балалардың туберкулезбен ауру көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 2016 жылы – 13,6 болса, 2017 жылы 16,5-ке көтерілген.

Туберкулезді қоздыратын микобактерия таяқшалары қоршаған ортаның әсеріне өте төзімді келеді. Олар күн сәулесі түспейтін дымқыл жерде, кепкен қақырықта бірнеше ай бойы, көше шаңында, кітап беттерінде бірнеше күн сақталады. Суда 150 күнге дейін, малдың қиында бірнеше жылға дейін өмір сүру қабілетін жоймайды. Микобактериялардың өсіп, таралуына адам мен жануарлар ағзасы қолайлы орта. Себебі, олар ағзадан тыс өсе алмайды. Ал күн-сәулесі жақсы түсетін жерде 1-1,5 сағатта, ультра-күлгін сәуленің әсерінен 1-2 минутта, 3-5 пайыздық хлорамин ерітіндісінде 5 сағатта жойылады.

Туберкулез ауруы көп жағдайда дертке шалдыққан науқастардың қақырығы арқылы тарайды. Сырқат адам түшкіргенде, жөтелгенде, сөйлескенде оның ауызынан шығатын ұсақ сілекей тамшылары ауаға тарайды. Сау адам ауамен тыныс алып, ауруға шалдығуы мүмкін. Тазалықты сақтамайтын науқастың қақырығы кепкеннен кейін ауаға көтеріліп, заттарға, киімдерге және қабырғаларға қонады.

Отбасы мүшелерінің бірі қатерлі дертке шалдықса, бұл ең алдымен балалар үшін қауіпті. Яғни туберкулезге шалдыққан науқастың үйінде тазалық ережелері қатаң сақталуы тиіс. Кез келген жерге түкірмеу керек. Өйткені, қақырықпен төсек-орын, киім, тұтынатын заттар былғанады. Ал ол заттарды балалар қолмен ұстайды.

Бұл ауруға кейбір малдар да шалдығады. Әсіресе, ірі қараның арасында жиі кездеседі. Сүтте туберкулез бактериялары пайда болады. Сондықтан оны залалсыздандырып немесе қайнатып ішу керек. Белгісіз, рұқсатсыз сатылымдағы сүт, ет өнімдерінен аулақ болған жөн.

Туберкулезге шалдыққан науқас пен оның айналасындағы адамдар тазалық ережелерін сақтаулары шарт. Науқастың бөлмесін жиі желдеткен дұрыс. Оның ыдыс-аяғы, орамал-сүлгісі бөлек болуы тиіс. Мүмкіндігінше бөлмеде жиһаз, кілем-төсеніштер аз болу керек. Еденді жиі жуып, шаңдарды дымқыл шүберекпен сүртіп отырған жөн. Науқастың бөлмесі күнгей бетте орналасса өте жақсы. Тағы бір айта кетерлігі туберкулез тұқым қуаламайды.

Туберкулездің ауыр түрлері кішкентай нәрестелерде тез өршиді. Оларда жасырын бронхит, пневмония, тұмау ауруларының созылмалы түрлері сияқты болады. Ал салмағы аз нәрестелерде бұл ауру ішек, зәр шығару жолдары инфекциясы, аллергиялық тері ауруларымен қатарласа жүруі мүмкін. Жасөспірімдерде туберкулез ауруы физиологиялық ерекшеліктері мен әлеуметтік жағдайына байланысты тез өршиді. Сондықтан олар жыл сайын флюорографиялық тексеруден өтуі тиіс.

Алдын алу шаралары екі бағытта жүргізіледі. Оның бірі БЦЖ вакцинасын егу және туберкулез инфекциясы жұққан балаларға химиопрофилактикалық ем жүргізу. Біздің елімізде туберкулезге қарсы жаппай егу перзентханаларда жүргізіледі. Одан кейін туберкулезге қарсы екпені 6-7 жастағы балалар алады. БЦЖ вакцинасының құрамы туберкулез микобактерияларының тірі, әлсіз штаммаларынан тұрады. Олар адам ағзасына түсе салысымен көбейіп, туберкулезге қарсы арнайы иммунитеттің пайда болуына әсер етеді.

Балалар арасында дертті дер кезінде анықтау үшін және инфекцияның жұғу дәрежесінің қандай жағдайда екенін білу мақсатында туберкулин сынамасы және диаскентест әдісі қолданылады. Туберкулин сынамасы тек қауіпті топтағы балаларға ғана жасалады. Бұл топқа туберкулез ошақтарындағы балалар мен жасөспірімдердің, әлеуметтік тұрмысы нашар отбасылардың, педиатр дәрігердің диспансерлік есебіндегі, гормондармен ем қабылдайтын балалар мен мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері жатады. Туберкулез инфекциясы бірінші рет жұққан балаларға алты ай көлемінде химиопрофилактикалық ем тағайындалады.

Аурудың алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі бұл туберкулезге шалдыққан адамдарға толыққанды, кешенді және ең бастысы үзіліссіз ем жүргізу болып табылады. Себебі, ауруға қарсы препараттарды қабылдаған науқастан бактерияның бөлінуі тоқтап, жұқпаның қоршаған ортаға таралу процесі тежеледі.

Әр адам өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Отбасында бала-шаға ауруға шалдықпай сау болсын десек, аурудың алдын алу шараларына баса көңіл бөлуіміз керек.

Айнагүл БАБАСАНОВА,

облыстық туберкулезге қарсы диспансердің балалар фтизиатры.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика