АНА СҮТІ – ТАБИҒИ ҚОРЕК

Қазіргі таңда жас босанған кейбір келіншектер нәрестелерін ана сүтімен қоректендірмейді. Сірә, ол жас келіншектердің сәбилеріне ана сүтінің қаншалықты пайдалы екенін дұрыс түсінбегендігінен болар.

Мұндай жағдайда химиялық құрамы жағынан ана сүтіне ұқсас жасанды сүт қоспалары пайдаланылады. Бірақ жас аналар қоспалардың ана сүтін толық алмастыра алмайтынын білулері керек. Жасанды сүт қоспаларын пайдалану аллергиялық диятезге, бала салмағының шамадан тыс артуына, асқазан-ішек жолдары қызметінің бұзылуына әкеп соғады. Сонымен қатар баланың иммунитетін төмендетіп, жұқпалы ауруларға қарсылығын азайтады.

Жаңа туған нәрестенің қорғаныш жүйесі белсенді болмайды. Сондықтан да жаңа туған нәресте ана сүтіне зәру. Сүттің жаңа туған нәрестенің иммунитетін қалыптастыратын қасиеті бар. Ана сүті емшектегі сәбиді түрлі жұқпалы аурулардан, оның ішінде ішек ауруларынан сақтайды. Себебі, оның кұрамында иммуноглобулин, лактоферин, бифидум бактер, лимфоцит пен макрофагтар бар.

Ана сүтіндегі кейбір биологиялық қасиеттер баланың дұрыс жетілуіне мүмкіндік береді. Табиғи сүттің құрамында майдың сіңірілуіне әсер ететін фермент – липаза бар. Баланы емшек сүтімен асырағанда майдың қорытылуы, сіңуі жеңіл болады.

Ана сүтіндегі минералдық тұздардың мөлшері сиыр сүтіне қарағанда аз және бұл балаларда бүйректің несеп шығару қызметі нашарлаған кезде оған ауыртпалық түсірмейді. Баланың қалыпты тәндік және эмоционалды дамуына ықпал етеді. Бала мен ана арасындағы биологиялық және эмоционалдық байланыс жұқпалы аурулардан, олардың ішінде жедел ішек инфекцияларынан, жедел респираторлы – вирустық және басқа жұқпалардан қорғайды. Аллергияға бейімділіктің даму қаупі төмендейді. Жақ сүйектерінің дұрыс қалыптасуына байланысты тістеу мүмкіндігі азайып, көздің көруі мен психомоторлық дамуы жақсарады. Баланың ас қорыту жүйесінде де оң өзгерістер болуы мүмкін. Ана сүтімен қоректенген бала есейгенде семіздік ауруына шалдықпайды. Сондай-ақ, құлақ ауруларынан сақтануда да айтарлықтай әсері бар.

Алғашқы алты айда анаға жүктілікке дейінгі дене салмағына оралуға ықпал етеді. Сүт пен аналық бездің қатерлі ісігін азайтады.

Баланы 1,5-2 жасқа дейін ана сүтінен айырмау керек. Ана уызына жарымаған бала аурушаң, әлсіз болады. Ана сүтін ұзақ емген бала мейірімді де ақылды болып өседі. Мейірімділік ана сүтінен даритынын кез келген әйел білгені жөн.

Серікгүл РАМАЗАН,

аудандық орталық аурухананың педиатр дәрігері.

Ақжар ауданы.

Comments   

 
0 #1 Жәмила 2018-04-04 08:50
"Солтүстік Қазақстан" газетін үзбей оқитын оқырманның бірімін. Зейнетке шыққан соң, қолым жұмыстан босап, газет-журналдар ды көп оқимын. Жас ұлғайған сайын, денсаулық та сыр бере бастады. Ал газетте әр ай сайын "Денсаулық" бетінде жарияланатын мақалалардың біреуін де қалт жібермеймін. Бұл ретте "Ана сүті - табиғи қорек" атты тақырыпта жазылған мақаланың көтеріп отырған жүгі ауыр. Қазір көптеген жас келіншектер балаларын емізуден қашады. Бұл дұрыс емес. Белгілі бір себептер болмаса, аналар сәбилерін табиғи сүтпен қоректендіргені абзал. Өйткені, ана сүтін ешнәрсе алмастыра алмайды. Осыны кейбіреуінің түсінбейтіні өкінішті. "Жақсылықтың бәрі ана сүтімен дариды" деп бекер айтылмаған. Ана баласымен бақытты емес пе? Бауырында бөбегі бар кез келген ана әуелі дені сау ұрпақ тәрбиелеуге баса назар аударуы керек.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика