САНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ — САПА КЕПІЛІ

Адамның денсаулығы – қоғамның байлығы. Халықтың денсаулығын жақсарту, өмір сүру жасын арттыру мәселелері медицинада ерекше маңызға ие. Мемлекет тарапынан қолдауға ие бұл салаға жыл сайын бөлінетін қаржы да қомақты. Заманға сай денсаулық сақтау саласына енгізіліп жатқан жаңашылдықтар да баршылық. Соның бірі – “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы халыққа арнаған “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында да үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт мәселесі жан-жақты айтылды.

Жиырма бірінші ғасырда ақпараттық-коммуникациялық технология барлық салаға дендеп еніп, заманауи қоғамның бір бөлігі ретінде қалыптасты. Көптеген зерттеу қорытындылары мен әлемдік тәжірибеге сүйенсек, ақпараттық технологияның дамуы экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Бес жыл бұрын “Ақпараттық Қазақстан – 2020” мемлекеттік бағдарламасы бекітіліп, 2013-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының электронды денсаулық сақтау саласын дамытудың тұжырымдамасы әзірленді. Сонымен қатар, 2016-2019 жыдарға арналған “Денсаулық” бағдарламасы қолға алынды. Жоғарыда аталған тұжырымдамаға сәйкес негізгі клиникалық үдерістерді цифрландыруды өңірлік және локальді деңгейде жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етуі тиіс болатын. Осы мақсатта біздің өңірде де денсаулық сақтау саласын электронды жүйеге көшірудің дайындық жұмыстары алдын ала қолға алынғанын атап өтуге тиіспіз.

Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты 22 ақпараттық жүйе онлайн режімде жұмыс істейді. Жүйеде медициналық ұйымдар туралы барлық ақпарат жинақталған. Жалпы еліміз бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына 18 миллионнан астам адам тіркелген, біздің облысымызда олардың саны 580 мыңға жетті. Медициналық ақпараттық жүйені енгізу, компьютерлік техникалармен жабдықталу мен медициналық ұйымдардың интернетке қолжетімділігі бойынша цифрландырудың үш негізгі көрсеткіші бар.

Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының облыстық филиалының директоры Ольга Шерстюктің айтуынша, өңірде медициналық ақпараттық жүйені енгізуге тиіс 28 мемлекеттік мекеме бар. Облыстық деңгейде олардың саны он болса, қалғандары қала және аудандарға тиесілі. Ақпараттық жүйеге көшу өткен жылдың екінші жартыжылдығында белсенді қолға алынды.

Мемлекеттік медициналық мекемелер арасында “ДАМУ” ақпараттық технологиялар мен “Жетісу” автоматтандыру орталықтары, “Profit” жеке кәсіпкерлігі және “Inform Colsanding” компаниясы медициналық ақпараттық жүйені енгізумен айналысады. “Надежда” медициналық ақпараттық жүйесі облыстағы 12 ұйымда енгізілді. Оның ішінде облыстық және екі қалалық аурухана, кардиологиялық, перинаталдық орталықтар, онкологиялық, тері-венерологиялық, психоневрологиялық диспансерлер мен облыстық балалар стоматологиясы, №3 қалалық емхана, Шал ақын аудандық орталық ауруханасы бар. Облыстық жедел жәрдем орталығы мен облыстық туберкулезге қарсы диспансер, Уәлиханов, Тайынша аудандық орталық ауруханалары “Жетісу” ақпараттық жүйесін пайдаланады.

Жүйеге енгізілген стационарлық ауруларды электронды тіркеу диспансерлік есепте тұрған науқастардың есебін жүргізуді, ал дәрімен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің аясында амбулаторлық ауруларды тегін дәрілік заттармен қамтамасыз етуді жеңілдетеді.

Қазіргі таңда диспансерлік науқастардың электрондық тізілімінде 130 мыңнан астам өңір тұрғыны тіркеуде тұр. Өткен жылы 76 мың науқасқа 690 мың дәрі-дәрмекке нұсқаулық беріліп, оның 75 мыңы дәрілік препараттарға қол жеткізген. Онкология, психиатрия, наркология, туберкулез ауруларының электрондық тізілімінде ем қабылдаған науқастар туралы ақпарат қорытылады. Барлық порталдар денсаулық сақтау саласының қаржыландырылуы мен ақпараттық статистикасын жинақтайды. Алдағы уақытта денсаулық сақтау мекемелерін ақпараттық жүйе мен мәліметтердің көшірмесін енгізуде ауқымды жұмыс күтуде. Бұл мәселені оңтайлы шешудің маңызды қадамы медициналық ұйымдарда ақпараттық жүйені енгізу болмақ. Медициналық ақпараттық жүйе дәрігердің қабылдауына жазылудан бастап, дәрілік заттарды қолдануға дейін денсаулық сақтау мекемелеріндегі ішкі үрдістердің тиімділігін арттырып, автоматтандырады. Сонымен қатар, ақпараттық жүйенің енгізілуі қағаз қолданбайтын ауруханаға көшуге негізделген. Яғни медициналық құжаттар электрондық жүйеге көшірілмек. Дәрігердің қабылдауына жазылу, зерттеу қорытындылары мен нұсқаулыққа қол жеткізу электронды қызмет көрсету бойынша жүзеге асырылмақ. Бұл өз кезегінде денсаулық сақтау мекемелері жұмысының ашықтығын қамтамасыз етпек.

Сандық технология жемісін бере бастады. Мәселен, №3 қалалық емханада электронды терминал орнатылып, “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қалалық емханада 68227 адам тіркеуде тұрса, соның 1323-і дәрігердің қабылдауына электронды терминал арқылы жазылуға мүмкіндік алған. Мобильдік қосымша мен сайт бойынша да дәрігердің қабылдауына жазылғандар бар. Сондықтан электронды терминал арқылы немесе мобильді қосымшаның көмегімен кезекке тұру тиімді екенін айтқан емхананың бас дәрігері Әлия Тәшетова мұндай жаңашылдықтар саланың қарқынды дамуына оң ықпал ететінін, электронды терминал денсаулық сақтау мекемесі мен емделушілердің уақытын үнемдейтінін жеткізді.

–Тұрғындар үшін дәрігердің қабылдауына алдын ала жазылу ең өзекті мәселелердің бірінен саналады. Осы мәселені шешу мақсатында емделушілерді электронды тіркеуді қолға алдық. Біздің емханамызда тіркеуде тұрған адамдар бірер минуттың ішінде терминалға өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін енгізіп, уақыты мен күні белгіленген талонға ие болады, – деді Әлия Жақсылыққызы.

Ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, “қағаз қолданбайтын ауруханаға” көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру Елбасының Жолдауында ерекше аталды. Осыған орай “Патронаттық медбике” жобасы аясында ана мен бала үшін патронаттық медбикелік көмек көрсетуге арналған мобильді қосымша әзірленді. Бүгінде тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қарастырылуда. Сол себепті “Халықтық бақылау”, “Менің жүктілігім”, “Онкоскрин”, “Антиинсульт” сияқты бірқатар қосымшалар пайдаланылуда. Бірыңғай желіде 80 мыңнан астам дәрігерді біріктіретін “Med.mail.kz” электронды сервисі жүзеге асырылды.

2017 жылдың қорытындысына сәйкес облыста медициналық ақпараттық жүйені енгізу 96,6 пайызды құраған. Өткен жылдың жоспары толық орындалса да, компьютерлік техникамен жабдықталу – 80,1 пайыз ғана. Былтыр 446 жаңа компьютер сатып алынды. Облыстағы медициналық мекемелердегі 4071 жұмыс орнында 3259 компьютер орнатылды. Бірақ тағы 812 бірлік техника қажет. Ауылдық медициналық мекемелерге 403 компьютер сатып алу үшін 2018 жылы бюджеттен 196 миллион теңге қарастырылғанын да айтқан жөн. Оның 148 миллион теңгесі жергілікті бюджет есебінен. Жеке қаражат есебінен де қажетті техникалар сатып алынады. Ал үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында қосымша 205 компьютер алынуы тиіс. Осылайша, бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу көзделуде.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Аманжол Кәкімов облыстық, қалалық, аудандық медициналық мекемелердің интернетке қолжетімділігі 100 пайыз екенін, бірақ шалғай ауылдарда бұл көрсеткіш 30 пайызды ғана құрайтынын айтты. Бұл орайда, егжей-тегжейлі жоспар құрылып, ауылдағы мекемелерді интернет торабына қосу кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Бұл жоспарды үш кезең бойынша жүзеге асыруға 60 миллион теңге қаржы керек.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика