МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫНА АҚША АУДАРЫЛУДА

Өткен жылдың шілде айынан бүгінгі күнге дейін медициналық сақтандыру қорына республика бойынша 55,1 млрд. теңге қаржы түскен. Оның 585,2 миллион теңгесі біздің өңірден аударылған.

Бүгіндері медициналық сақтандыруға көшу кезеңмен жүргізілуде. Қор өкілдері жеке кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы құрылымдары өкілдері мен тағы басқа сала мамандарына аударымдар жасауға міндетті екенін еске салуда. Қазіргі таңда өңірде жеке медициналық ұйымдардың саны 42 пайызға өскен. Әрбір солтүстікқазақстандық “E-gov” мемлекеттік қызметтер порталы арқылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесі мен аударымдары туралы біле алады. “Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры” коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалының бөлім басшысы Мұрат Жәкеновтің айтуынша, биылғы шілденің бірінен бастап аталмыш қормен жобаланған мемлекеттік қызметтің стандарты жүзеге асырылмақшы. Ал азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталығында мәртебесі мен қаржылық кірісі туралы анықтама ала алады.

Сонымен қатар денсаулық сақтау саласында бірқатар жаңашылдықтардың енгізілетінін атап өту артық болмас. Мәселен, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тіркеу ережесіне өзгеріс енгізуді жоспарлауда. Алдағы уақытта азаматтар электронды қызмет көмегін пайдаланып, емхананың тіркелу бөліміне жүгінбейтін болады. Жаңа жүйе медицина саласындағы электронды қызметті одан әрі дамытып, емделушілердің құқығын қорғауды қамтамасыз етпек. Азаматтардың құжаттары Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен “E-gov” порталы арқылы қабылданады. Жаңа жобалардың арқасында бір мезгілде бірнеше мәселені шешуге мүмкіндік туады. Тіркеу туралы мәліметтер медицина ұйымдары тарапынан бұрмалану қаупін төмендетіп, емханалардың тіркеу бөлімдеріне түсетін жүктемені азайтады. Жалпы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу инновациялық қолданыстағы ережелерді өзгертуді талап ететінін айтқан жөн.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу 2020 жылға ауыстырылғаны белгілі. Ал бұл уақыт аралығында кепілдендірілген медициналық көмектің көлемін оңтайландыру және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың пакетін дайындау маңызды болмақ.

Самат САПАРАЛЫ,

облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика