МЕДИЦИНА МАМАНДАРЫ ТАПШЫ

Ұрпақ денсаулығы – ұлттың саулығы. Бәсекеге қабілетті, озық ойлы, білімді де дарынды жастарды тәрбиелеу үшін алдымен олардың денсаулығына ерекше назар аударған жөн. Өкінішке қарай, денсаулық сақтау саласында қордаланған мәселе аз емес. Өңірде балалар сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етілмей отыр. “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында өткен өңірлік комиссияның отырысында осы жай әңгіме өзегіне айналды.

– Балаларды медициналық көмекпен қамтамасыз ету және облыс тұрғындарының СПИД ауруына шалдығуы күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер. Бүгінде бірқатар қиындықтар бар. Оның басты себебі – маман тапшы. Ал республика бойынша ғасыр дертіне шалдығу – көрсеткіші өңірде жоғары, – деді облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық аурухананың бас дәрігері Юрий Белоног.

Ал облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Олег Завьялов өңірде педиатр, аллерголог, пульмонолог, ревматологтің жетіспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыстық балалар ауруханасында 65 дәрігер жұмыс істесе, тағы 13 маман керек. Анестезиология, хирургия, травматология бойынша да мамандар жетіспейді. Қазір Астана, Қарағанды медицина академияларын бітіретін жас мамандардың өңірге келуі күтілуде. Жалпы, облысқа 13 педиатр қажет екен.

Адамның иммун тапшылығы вирусы мен жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы бойынша да өңір тұрғындары арасында қауіп жоғары. Мәселен, облыстық СПИД-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың бас дәрігері Айман Сыздықова 2016 жылдан бері өңірде ВИЧ инфекциясы ауруына шалдығу көрсеткіші өскенін, өткен жылы 280 оқиға тіркелгенін айтты. Бұл көрсеткіш облыста жаңа синтетикалық психобелсенді заттың пайда болуымен байланысты. Мұндай психологиялық белсенді заттарды қолдану есірткіге тәуелділікті арттырады. Есірткі тобына енбегендіктен елімізде ондай заттарды сақтау, тарату мен қолдануға қатысты нормативтік-құқықтық құжат қарастырылмаған. Ал инфекция жұқтырғандардың дені – 25-39 жастағы ер-азаматтар.

Қызылжар, Мамлют, Шал ақын аудандарында ВИЧ-инфекциясын жұқтырғандар тіркелген. Айман Кеңесқызы аурудың алдын алу бағытында бірқатар жұмыстар атқарылғанын, өңірде кешенді шаралар жоспары құрылғанын хабарлады. Бүгінгі таңда адамның иммун тапшылығы вирусын тұрақтандыруға мүмкіндік туып, оның нәтижесінде үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында ауру көрсеткіші 1,1 есеге төмендеген. Ауруды дер кезінде анықтаудың нәтижесінде инфекция жұқтырған адамдардың 79,6 пайызына ВИЧ диагнозы нақты қойылды.

Отырыс барысында “СПИД және ВИЧ-пен өмір сүретін адамдардың қазақстандық одағы” қоғамдық қорының қолдауымен инъекциялық есірткі қолданушы тұлғалар үшін 2 миллион шприц бөлініп, үкіметтік емес ұйымдар мен аутрич-қызметкерлердің жұмысы үйлестірілгені айтылды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика