АЛАҢДАУҒА НЕГІЗ ЖОҚ

Жыл басынан бері Қазақстанда менингококты инфекция диагнозы 58 адамға қойылып, оннан астам науқас көз жұмды. Мамандар мұндай көрсеткіш өткен жылдардағы нормаға сәйкес келетінін айтып, халықты тыныштандыруға тырысуда.

Солтүстік Қазақстан облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты, менингококк инфекциясы тіркелген жоқ. Бұл жөнінде облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Серікбай Қасмақасов баспасөз мәслихаты барысында хабарлады. Ол инфекцияның таралу себептері және алдын алу бойынша қолға алынып жатқан шаралар жөнінде де баяндап берді.

Менингитке көбіне қарт адамдар мен иммунитеті төмен балалар мен жасөспірімдер шалдығады. Мамандардың айтуынша, оның туындауына менингококк бактерияларынан басқа пневмококк, инфлюэнца сияқты өзге де инфекциялар әсер етеді. Инфекцияның белсенді таралуына ауа райы да ықпал етеді екен. Дымқыл ауа райында қоздырғыштар үдей түссе, күннің ыстығында бактериялар тезірек жойылып, қауіп сейіледі.

Аурудың таралуының бірнеше деңгейі бар. Аптасына 100 мың тұрғынға шаққанда үш сырқат тіркелетін болса, штабтар құрылып, сақтандыру, алдын алу шаралары жүргізіледі. Бүгінгі күні елімізде бұл көрсеткіш деңгейі екі есе төмен екен. Соған қарамастан, еліміздің денсаулық сақтау саласы тиісті іс-шараларды шұғыл түрде қолға алып отыр.

Менингококк бактерияларының әр түріне арналған вакциналар бар. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов менингитке қарсы егудің әзірге қажеттілігі жоқ екенін мәлімдесе де, Астана тұрғындары екпе алу үшін жаппай кезекке тұруда. Бұл орайда департамент басшысы біздің облысымызда асығыстық танытып жатқандардың жоқ екенін айтты. Оның үстіне облысымыз вакцинамен қамтамасыз етілмеген. “Екпе алғанның өзінде адам жұқпалы аурудан жүз пайыз сақтандырылады деп кесіп айтуға болмайды”, – деді Серікбай Қасмақасов.

– Менингит кенеттен басталады. Алғашқы белгілері жедел респираторлық-вирустық инфекцияларға ұқсас болып келеді. Температураның көтерілуі, бас айналу, құсу пайда болған жағдайда дереу дәрігерге көріну қажет. Егер осы белгілермен қатар адамның денесі мен ауыз қуысында бөртпелер пайда болып, түрі бозарып, шөлдеп, тәбеті жоғалып, жарыққа шыдай алмайтын болса, бұл менингитке шалдығу белгісі, – деді ол.

Өңіріміздің бас санитарлық дәрігері тұрғындарға алаңдамай, сақтанып жүруге кеңес берді. Ол үшін таза ауада жиі серуендеп, балалармен бірге көпшілік орындарға жиі барудан бас тартып, бөлмелерді әлсін-әлсін желдетіп, тазалықты қадағалап отыру қажет. Сонымен қатар жақын адамдармен кездескенде құшақтап, сүюдің де зияны барын еске салды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Дәуренбек Бейсенбаев облыс орталығындағы жұқпалы аурулар бөлімдерінде 180 орынның барын және дәрігерлердің науқасты жедел қабылдап, шаралар қолдануға толық дайын екенін жеткізді. Қажетті дәрі-дәрмектер қоры да жеткілікті. Аудандық ауруханалардағы жағдай да осындай. Қазіргі уақытта дәрігерлер назофарингитпен (мұрын мен жұтқыншақ қабығының қабынуы) ауыратындарды жіті бақылауға алып, тұрғындарға аурудың алдын алу шаралары жөнінде ақпараттар таратуда.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика