МЕЙІРІМДІ ЖҮРЕК

Дәрігер. Адам баласы дүние есігін ашқан сәттен-ақ осы бір ақхалатты абзал жандар кіндігін кесіп, аялы алақанына алады. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаған сәтте де, осы мамандық иелерінен көмек сұрауға асығатынымыз рас. Қандай жағдайда болмасын адам өміріне араша түсуге әзір дәрігерлердің бірі – облыстық кардиологиялық орталықтың бөлім меңгерушісі Мақсат Құдратоллаев.

Ақмола мемлекеттік медицина академиясының түлегі еңбек жолын ауылдан бастауды жөн санаған. Жас маман 2002 жылы Аққайың аудандық ауруханасына дәрігер-хирург болып жұмысқа қабылданып, төрт жыл бел жазбастан еңбек етті. Кейін біліктілігі артып, тәжірибесі толысқан дәрігерге емдеу мекемесінің хирургия бөлімшесін басқару ісі сеніп тапсырылады.

– Менің әкем дәрігер болуды армандаған. Бірақ оқуға түспек ниетпен үш рет талпынса да, жолы болмапты. Сондықтан әкемнің бұл арманын мен жүзеге асыруға тырыстым. Бала кезден ақ халат кигенді ұнататынмын. Әкем сыйға тартқан былғары дипломатым болатын. Ішінде міндетті түрде йод, зеленка, бастың және іштің дәрісі, дәке сынды алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған заттардың барлығы табылатын. Үйдегілердің немесе көршілердің біреуі ауырса, мен көмекке асығатынмын. Бас сақинасы ұстағандарға цитрамон беретінмін, – дейді балалық шаққа ойша саяхат жасаған Мақсат Мадиярұлы.

Бүгінде адамзат баласын жүрек-қан тамырлары аурулары дендеп тұрғаны белгілі. Бұл дертпен күрес біздің облыста да өзекті. Сондықтан 2009 жылы Петропавл қаласында кардиологиялық орталықтың ашылуы өңір тұрғындары үшін қуанышты жаңалық болды. Ауданда еңбек етіп жүрген Мақсат Құдратоллаев аталмыш орталыққа рентген-хирург болып ауысады. Дәрігер Ресей, Франция, Литва және Латвия сынды елдерде біліктілігін шыңдады.

– Дәрігер болу үшін, ең алдымен, басқаға деген жанашырлық сезім болуы керек. Ауырып ем іздеп келген адамға жаның ашымаса, біреуге көмектесемін деудің өзі бекер. Дәрігер тиянақты болуы керек. Уақытты созбай, дер кезінде шешім қабылдай білуі тиіс. Сабырлық та – таптырмас мінез, – дейді білікті дәрігер.

Петропавлдағы кардиологиялық орталықта коронарография, жүрек артерияларын стенттеу, перифериялық артерияларды стенттеу, аортография, миға баратын артерияларды стенттеу, ангиопульмонография, электро-кардиостимулятор қою, электро-физиологиялық зерттеу, радиожиілікті абляция, бүйрек артериясының абляциясы операциялары жасалады. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана солтүстікқазақстандықтар жүрекке ота жасату үшін Астана, Алматы қалаларына сабылатын. Қазір ең күрделі отаның өзі жергілікті дәрігерлердің қолынан келеді.

Жақында ғана ота үстелінен тұрған сырқаттардың бірі – Антонина Пономарева дертіне шипа табуға көмектескен ақхалатты абзал жандарға дән риза. “Менің жүрегіме жаңа ғана коронарография жасалды. Дәрігердің айтуынша, нәтиже жақсы. Кардиологиялық орталық қызметкерлеріне алғысым шексіз”, – дейді ол.

Мақсат Мадиярұлы әріптестері арасында зор беделге ие. Білікті маман үнемі дұрыс бағыт сілтеп, білгенімен бөлісуден жалықпайды. Әріптестері оның бойынан қарапайымдылық, ізденімпаздық, ұстамдылық сияқты игі қасиеттердің барлығы табылатынын айтады.

Жақсы сөз – жанға шипа. Емделушілерге жылы қабақ танытып, жылы сөзбен қолдап отыру да сырқаттардың тез айығып кетуіне көмектеседі екен. Мақсат Құдратоллаев күніне бірнеше ота жасайды. Дәрігер, әсіресе, кардиологиялық орталық ашылған алғашқы кезде білікті мамандар жетіспей, қиын болғанын жеткізді. Ол кезде күніне 14 отаға дейін жасауға тура келген екен. Бірақ науқастардың дертінен айығып, өздігінен жүріптұрғанын көргенде дәрігер ауыртпашылықтың барлығын ұмытып кетеді. Ал бүгінде кардиологиялық орталықта орта есеппен жылына 5 мың науқас ем қабылдайды.

– Мақсат Мадиярұлымен көптен таныспын. Ал бір ұжымда бірге жұмыс істегенімізге жылдан асты. Ол – өз ісінің нағыз шебері. Қиын сәтте көмегін аямайды. Біздің ұжым оны жоғары бағалайды, сыйлайды. Өмірде түрлі жағдайлар болады. Сан алуан науқастар алдымызға келеді. Жедел әрекет ету керек болған кезде Мақсат Мадиярұлы жылдам әрі дұрыс шешім қабылдай біледі, – дейді әріптесі, кардиолог Аңсат Нұрымбеков.

Мақсат Мадиярұлы – отбасының тірегі, зайыбының арқасүйері, балалары үшін асқар таудай әке. Гүлзада екеуі екі қыз бен бір ұл тәрбиелеп отыр. Кейде қызмет бабына байланысты отбасына көп көңіл бөле бермейтін кездері де болады. Мысалы, дүниеге Әсел есімді қызы келгеніне үш күн өте отағасы жаңа туған сәбиі мен зайыбын елде қалдырып, бір жылға Литваға оқуға кеткен. “Мақсат жұмыстан шаршап келгенде барлық жағдайын жасауға тырысамыз. Өйткені, оның жұмысы қиын. Соған қарамастан, балаларға, отбасына көп көңіл бөледі”, – дейді сүйген жары Гүлзада Құдратоллаева.

Дәрігер – жауапты мамандық. Адамды ауыр дерттен айықтыру үшін күн мен түнге қарамай жұмыс істеуге дайын. Ал мыңдаған жүректің тоқтап қалмай, қайта соғуы үшін еңбек етіп жүрген Мақсат Құдратоллаев сияқты кардиохирургтің еңбегінің өлшеуі жоқ шығар, сірә.

Эльмира КӘЛЕНОВА,

журналист.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика