ЕЛЕМЕГЕН АУРУ ЖАМАН

Айналаны жасыл желек көмкеріп, дүние құлпырған шақ – табиғаттың ең әдемі көрінісі. Ағаштардың қанық жасыл түсі де жер Анаға ерекше көрік беріп тұрғандай. Табиғаттың әсем көркіне шаттанбайтын адам жоқ-ау, сірә. Десек те, жаз маусымында жаны жай таппайтындар да бар. Өйткені, олардың бүршік атқан ағаш пен гүлдердің иісінен тынысы тарылады. Маусым-шілдеде теректен ұшатын ұлпадан мезі болатындар да аз емес.

Аллергия қандай ауру? Бұл дертпен күресудің жолдары және аллергияны емдеп жазуға бола ма деген сан сауал көңілде қылаң беретіні анық. Грек тілінен аударғанда “бөтен заттың әсері” деген мағынаны беретін “аллергия” көпшілікке таныс дерт. Ал бұл ауру неден пайда болады?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша жер шарындағы адамдардың 90 пайызында аллергияға шалдығу ықтималдылығы бар. Сондықтан оған атүсті қарамау керек. “Елемеген ауру жаман” деп халқымыз бекер айтпаған.

– Мен теміржол саласында жеті жыл жұмыс істеймін. Бұған дейін ешқашан аллергиямен ауырған емеспін. Көбіне шаң-тозаңның ортасында жүремін. Бәлкім, сол аллергияны қоздырған шығар. Өткен жылдан бері белгісіз бір сырқат мазалап жүр. Қыста денсаулығым сәл түзелгендей болады. Бірақ көктем шыға, жаз бастала көзім жасаурап, түшкіріп-пысқырып, мазам кетеді. Басында тұмау жұқтырып алдым ба деп ойладым. Дәрігерлер маған маусымдық поллиноз диагнозын қойды. Арнайы аллергологтың қабылдауында болған емеспін. Өйткені, Петропавл қаласында аллерголог жоқ. Болса да ақылы түрде қабылдайды, – деді қала тұрғыны Әсет Сұрағанов.

Медицина мамандары соңғы кезде аталмыш ауруға шалдыққан науқастардың көбейгеніне алаңдаулы. Олардың айтуынша, бронхиалды-демікпе ауруына дейін өршіп кететін жағдайлар жиі кездеседі. Ал маусымдық аллергияға шағымданатындардың саны тіптен көп. Мәселен, соңғы 10 жылда аталмыш ауру көрсеткіші 20 пайызға өскен. Облыстық аурухана жанындағы емхананың дәрігері, облысымыздағы жалғыз аллерголог Рустам Әжібаев құрамында консерванты, бояғышы бар тағамдарды шектен тыс пайдалану мен экологияның нашарлауы ағзадағы аллергендердің қозуына түрткі болатынын, сондай-ақ, косметикалық заттар, жууға арналған құралдар, синтетикалық заттар, жануарлар мен үйдегі шаң да аллергия тудыруы мүмкін екенін айтты. Дәрігердің сөзінше, аллергия үш маусымдық кезеңге бөлінеді. Көктем, жаз, күз айында аллергендік белсенділік байқалады. Ал бұл дерттің белең алуының бірнеше себебі бар. Әсіресе, жаз айларында науқастар санының еселей артуын осы мезгілде қаулап өсетін түрлі шөптермен байланыстырған дәрігер көктемнен күзге дейін маусымдық поллиноз жүретінін жеткізді. Әдетте өсімдіктердің тозаңынан болатын аллергияның түрлері өте көп. Дәрігердің айтуынша, маусымдық поллиноз – аллергиялық коньюктивтің кең таралған түріне жатады. Қазір аурудың осы түрі өршіп тұр.

Дәрігерлердің айтуынша, поллиноз – жоғары тыныс жолдары мен көздің шырышты қабығына өсімдік тозаңының түсуінен пайда болатын ауру. Ауру белгісі, әсіресе, желмен тозаңданатын өсімдіктер гүлдеп, ауада тозаң көбейіп, ағзаның сезімталдығы көтерілетін кезде байқалады. Поллиноз бір немесе бірнеше аллергендерде дамуы мүмкін. Аллергендер мұрынның шырышты қабығы, ас қорыту жолдары арқылы ағзаға түсіп, онда арнайы аллергиялық антиденелердің өндірілуіне әкеледі. Науқас өсімдік гүлдеген кезде тыныс жолдарына (дәке, маска байлау) және көзіне (қорғаныш көзілдірік кию) тозаң түсірмеуге тырысуы керек. Аурудың алдын алу үшін қыс айларында ауруды қоздыратын арнайы аллергенді анықтау қажет. Өкінішке қарай, мамандар поллиноз бір күнде емделмейтінін жеткізді. Одан құтылу үшін адамға шыдамдылық қана емес, қыруар қаржы да қажет. Өйткені, аллергияға қарсы дәрі-дәрмектің түр-түрі бар, бағасы да әртүрлі.

– Аллергиямен науқастанғандардың диагнозы әртүрлі. Көктем-жаз айларында дәрігерлердің көмегіне жүгінетіндер көп. Бірақ үйде өз бетінше емделіп, дәрігерге қаралуға асықпайтындары қаншама? Емдеу шараларының барлығы да медициналық мекемеде және аллергологтардың бақылауымен өтуі тиіс. Кейбір науқастар аллергияны тұмаумен шатастырып, ем ретінде бал немесе түрлі шөптерді пайдаланады. Ал ол кері әсерін тигізуі мүмкін. Сонымен қатар қазір адамдар дәріні көп пайдаланады. Антибиотик, гормональді дәрілерді шектен тыс ішу дұрыс емес, – деп пікір білдірген жұмысы қауырт қат маман Рустам Әжібаев аталмыш аурудан хабарсыз кейбір ата-аналардың да дәрігердің көмегіне жүгінбей баласын үйде өздері емдейтініне қапалы.

Иммунитеттің әлсіздігінен туатын ауру жыл өткен сайын кең жайылып бара жатқанын айтып өтпеу мүмкін емес. Мамандар аллергиялық-патологиялық сырқаттан зардап шеккен балалардың да қатары қалыңдай түскенін жеткізді. Қазір біздің облыста 133 мыңнан астам бала бар. Ал облыстық аурухана жанындағы емханада үлкендерді, “Панацея” медициналық орталығында кішкентай науқастарды қабылдайтын Рустам Құсайынұлы биыл жыл басынан бері шамамен 600-ге жуық бала көмек сұрап келгенін жеткізді.

Жасыратыны жоқ, бізде аллерголог жетіспейді. Сонда аллергиясы бар науқас қайда барып, кімнің көмегіне жүгінеді? “Бұл ретте маман іздеп, басқа жаққа шарқ ұрғаннан басқа лаж жоқ. Сілікпесі шыққан сырқат адамның сандалуы дұрыс па?

Аллергиямен ауыратын алты жасар қызы бар Әсел Құрмановаға жергілікті дәрігерлер баланы Астана немесе Омбыда арнайы аллергиялық тексерістен өткізуге кеңес берген. Алайда, қысқа жіп күрмеуге келер ме? Сол себепті Әсел жергілікті дәрігердің көмегіне жүгіну үшін кезегін күтуге мәжбүр. Кез келген адамның облыс аумағынан тыс шығуға мүмкіндігі болмайтынын ескерсек, аурудың азабын тартқан осындай адам қаншама? Демек, білікті мамандар көбеймесе, күрмеулі мәселенің шешілмейтін түрі бар. Ал облыс орталығындағы маманға қаралу үшін алыс аудандардан ат арылтып келетіндердің жайын ойлап жатқан адам жоқ.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша өңірде бүгінгі күні 237 дәрігер жетіспейді. Оның ішінде акушер-гинеколог, анестезиолог, педиатр, терапевт дәрігерлердің қажеттілігі басым. Медициналық мекемелерде аллерголог дәрігерлер үшін 0,25 ставкамен жұмыс қарастырылған. Әлбетте, оның жалақысы да мардымсыз екені түсінікті. Сондықтан мұндай жұмысқа кез келген дәрігердің зауқы соқпасы анық. Талап бойынша 100 мың тұрғынға бір аллергологтан келуі тиіс. Сәйкесінше, алты жүз мыңға жуық халқы бар біздің өңірге әлі төрт-бес дәрігер қажет.

– Жалпы тәжірибе дәрігері өздеріне сеніп тапсырылған жұмысты барынша орындауда. Бірақ балаларды емдейтін пульмонолог, аллерголог, ревматологтар жетіспейді. Бұл біздің өңір бойынша ғана емес, елдегі күрмеуі қиын мәселе. Облыс басшылығы да біздің мәселемен жете таныс. Көш жүре түзелетін шығар, – деді облыстық аурухананың бас дәрігері Юрий Белоног. Ал балалар ауруханасының бас дәрігері Олег Завьялов емдеу мекемесінде 65 дәрігер жұмыс істейтінін, тағы он үш маман қажет екенін алға тартты. Аталмыш ауруханада балалар аллергологі жоқ, тіпті болмаған. Қолға шырақ алып іздегендей, көптеген мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемелерге хабарластық. Ондағылар маманның жоғын растады. Облыстағы емдеу мекемелерін аллерголог маманмен қамтамасыз етпей күннен-күнге көбейіп келе жатқан аллергиямен күресте жеңіске жетуіміз неғайбіл.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Текстиль для дома, Вышивка, Фурнитура, Ткани
автоновости