АЛДЫН АЛҒАН АБЗАЛ

Ішек инфекциясы – жұқпалы ауру. Ал белгілері: іш ауырып, жүрек айнып, әлсіздік пайда болады. Адамның дене қызуы көтеріледі. Бактерия мен вирус ішек инфекциясын қоздырады.

2018 жылдың қаңтар-сәуір айларында облыста ішек инфекциясымен ауырғандардың саны 258 адамға жетті. Әрбір 100 мың тұрғынға шаққандағы ауру көрсеткіші 46,14 адамнан келеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,3 пайызға артық. Ауру көрсеткішінің өсуі ротовирустық инфекциялардың екі есе артуымен байланысты. Ішек инфекциясын көбіне балалар жұқтырады. Әсіресе, 7 жасқа дейінгі балалар ауырады. Тазалық сақталмаған жерлерде, ауру жұқтырып алу қаупі туады. Сапасыз әрі сақтау мерзімі өткен тағамдарды пайдалану, дұрыс жуылмаған көкөніс-жемістер де ауру туғызуы мүмкін.

Ауру белгілері білінсе, дереу дәрігерге көрінген жөн. Өз бетімен ем қолданудың соңы өкінішті жағдайға әкеліп соқтыруы мүмкін. Баланың денсаулығы нашарлап, созылмалы ауру түрлеріне ұласса, тіпті қауіпті.

Егер баланың іші өтіп, құсса, онда медициналық қызметкер келгенге дейін науқасқа су беру керек. Дәріханада сатылатын регидрон, глюкосолан ұнтақтарын пайдалануға болады. Қолданар алдында оларды бір литр қайнаған жылы суға еріту керек. Бір литр суға 4 шай қасық қант, 1 шай қасық тұз және лимон қышқылын қосуға болады. Бұл ерітіндіні 4 сағатқа бөліп ішеді. Тұзды ерітінділерден басқа, қантсыз шай, күріш сорпасы, жабайы раушан нәрін, қайнаған су ішкен дұрыс. Науқасқа тәтті шырын, кофе, сүт беруге болмайды. Баланы тәулігіне 5-6 рет тамақтандыру керек.

Баланың толыққанды дамуы үшін, ең алдымен, оның иммундық жүйесін нығайтқан жөн. Аурудан кейін иммунитет тұрақсыз әрі инфекциялық аурулар қайталануы мүмкін. Гигиеналық ережелерді қатаң түрде сақтаған абзал. Мәселен, базарларда, әсіресе, жеке тұлғалардан сатып алынған сүтті міндетті түрде қайнату қажет. Тамақ ішкеннен кейін қалдықтарын үнемі жинау керек, себебі, бөлмеге шыбын мен өзге де зиянкестер жиналуы мүмкін. Сондықтан үйдегі тазалыққа көңіл бөлудің маңызы зор.

Күлпәш ТАЛАСБАЕВА,

облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика