РИЗАМЫН САҒАН, ДӘРІГЕР!

“Адам қартайғанда бір бала” деп бекер айтылмаса керек. Жас ұлғайған сайын денсаулығым сыр бере бастады. Аяғым ауырып, жүріп-тұруым қиындады. Жас кезімізде бәріміз де ауыр жұмысқа жегілдік. Бәлкім, соның да әсері болған шығар. Әйтеуір, соңғы кезде буын ауруы мазалап, жанымды қоярға жер таппадым.

Қазір жасым 72-де. Қарттық кезеңді уайым-қайғысыз өткізуді кім армандамайды дейсің?! Балашағаның ортасында, ұрпағыңның қызығына бөлену ең бақытты сәт емес пе?! Алайда, бойға кірген сырқат көңіл-күйіңді түсіріп, берекеңді кетіреді. Үйдегілердің де мазасын аласың. Асқынған ауру насырға шауып, сырқатымның дендегені соншалық әбден әлсіредім. “Жан тәтті” демекші, нар тәуекелмен Мироновка ауылынан облыс орталығына жол тарттым.

№3 қалалық аурухананың травматология бөлімшесінің дәрігерлері менің аяқтан тұрып кетуіме барын салды. Мамыр айының соңында бөлімше меңгерушісі Никос Леонов ота жасауға бел байлады. Жүректі қорқыныш, көңілді күдік билесе де, балаларыма өзімнің ішкі сезімімді, уайымымды білдірмеуге тырыстым. Белді бекем буып, азап шектірген аурудан құтылуды ойладым. Бірақ отадан кейін қан қысымым түсіп кеткендіктен, жан сақтау бөлімінде ес-түссіз бес күн жаттым. “Ауырып тұрдым, аунап тұрдым” дегендей, әйтеуір бұл сынақтан аман-есен өттім.

Науқасқа жылы сөз де демеу ғой. Ал бұл бөлімшенің медициналық қызметкерлері сыпайы, өте мейірімді екен. Қолы алтын Никос Павлович пен емдеуші дәрігерім Манарбек Тоқпановтың кәсіби біліктілігі менің аурухана кереуетінен тұруыма көмектесті. Әлия Тұралина, Инна Обелец, Ақмарал Нұрғожина, Айтжан Байтасова сияқты медбикелердің қамқорлығына дән ризамын. Күні-түні дамыл таппайтын қызметкерлердің табанды еңбегі ерекше құрметке лайық. Науқастармен жылы сөйлесіп, жанын түсінетін медицина мамандары – өз ісінің майталмандары. Әрқайсысы жауапкершілік жүгін абыроймен алып жүр. Осылайша, сенім биігінен көрінуге тырысады. Осындай білікті ұжым қызметкерлерінің арқасында қазір жағдайым жақсы.

Қай жерің ауырса, жаның сол жерде емес пе?! Ал тізеге жасалған сәтті отадан кейін ақырындап жүріп те жүрмін. Мұның өзі мен үшін зор қуаныш.

Дәмелі НҰРМАҒАНБЕТОВА,

зейнеткер.

Тайынша ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика