АБЫРОЙ БИІГІ

Маусымның үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің төл мерекесі. Адам өміріне араша – дәрігерлерге кәсіби мерекеде ғана емес, күн сайын құрмет көрсетсек те артық емес. Өйткені, деніне саулық, дертіне шипа іздеген жандар үшін өмір сыйын ұсынған ақхалаттылардың еңбегі өлшеусіз. Ал науқастардың жүрегін сыздатқан жан жарасын емдеп, жаңа өмір сыйлаған Зәуреш Рахимберлина сияқты білікті дәрігерді қалайша мақтан етпеске?!

Оқуда үздік Зәуреш болашақта медицина институтында білім алуды армандады. Өзге сыныптастарынан оқ бойы озық бойжеткеннің анатомия пәнін сүйіп оқуының да сыры осында. Адам ағзасын зерттеуге қызығушылығы сегізінші сыныпта басталды. Тиыштық Исмағұловадай ұстаздан тәлім алған шәкірт Шал ақын ауданындағы Кривощеково ауылындағы онжылдықты аяқтағаннан кейін еш ойланбастан медицина мамандығын таңдады.

Ауылдан ұзап көрмеген бұрымды бойжеткенді арманы Қарағанды медицина институтына жетелеп апарды. Бар ынтасы оқуға ауған ол медицина институтын абыроймен аяқтап шығуды мақсат тұтады. 1979 жылы емдеу ісі мамандығы бойынша білім алып, терапевт дәрігер болды. Қай ортада жүрсе де білімімен, алғырлығымен алда жүретін Зәуреш Әлімқызы өзіне артылған сенімді ақтауды парыз санайды. Қызылжардай киелі мекеннің қадірін түсініп, перзенттік борышын өтеу үшін өзі туған өңірде еңбек жолын бастады.

Афанасьевка ауылдық учаскелік ауруханасы отыз бес орындық болатын. Босану бөлімшесі де бар. Шағын болса да, жеті ауыл қарайтын аурухананың ауқымды жүгі жас маманға жүктелді. Емдеу мекемесінің бас дәрігері ретінде алған білімін тәжірибеде қолдануға тырысты. Студенттік тәжірибе өз алдына, еңбек жолында көргені бір басқа. Науқасқа көмек беру тікелей міндеті болғандықтан, небір дертке дауа іздеді. Қасында көмекшілері болса да, әр емделушінің жағдайын жіті назарда ұстады. Бүгінде сол жақсылығын жұртшылық ұмытқан емес.

Басы ауырып, балтыры сыздаған, жарақаттанған, астан уланып, ұшынған жандар алдына талай келді. Қазіргідей ол кезде медицинаның жетіле қоймаған тұсы. Әйтеуір, қолда бар құралмен мүмкіндігінше медициналық қызмет көрсетуге тырысқан жас маман үшін ауылдық аурухана жетілу, шыңдалу, тәжірибе жинақтау алаңы болды. Ол жер төзімділік пен шыдамдылыққа үйретті. Өз ісін жетік меңгерген дәрігер кейін қалаға ауысты.

Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында Петропавл қаласындағы №3 қалалық аурухананың терапия бөлімшесіне жұмысқа тұрды. Ол уақытта бөлімше меңгерушісі болған Амина Туктеева сияқты білгір дәрігерлердің ортасына түскен Зәуреш Әлімқызы аға буын әріптестерінің қолдауын айрықша сезінді. Табан аудармай терапия бөлімшесінде жұмыс істегеніне міне, отыз жылға жуықтады. Бүгінде – бөлімше меңгерушісі. Бір кездері өзіне тәлімгер болған қарт дәрігерлердің қатары сиреп қалды. Ал жастарға өз білгенін үйретіп, ақыл-кеңес беруден шаршамаған кең пейілді, қолы шипалы дәрігерді әріптестері мен емделушілер құрметтейді. Адамгершілігі зор, білім-білігі жеткілікті ол өз ортасына сыйлы, ұжымның мақтанышы.

Әрбір науқастың жанын түсінетін ол ауруға араша түспес бұрын, әуелі адамдардың көңілінде үміт отын тұтатады. Сонда аурумен күресу жеңіл болмақ. Жауапкершілігі зор мамандықтың жүгін арқалаған Зәуреш Әлімқызы үнемі білімін жетілдіріп отырады. Өйткені, медицина күн сайын дамып, жетілуде. Сондықтан біліктілікті арттыру курстарынан қалмайды. Тіпті, ағылшын тілін де үйреніп жүр.

– Адам өмірде екі нәрседен қателеспеуі керек. Бірі – жар, екіншісі – мамандық таңдау. Екеуінен де менің жолым болды. Медицина саласында жұмыс істегеніме ешқашан өкінген емеспін. Афанасьевка ауылдық ауруханасы менің қанатымды қатайтты. Бүгінде осындай дәрежеге жетуім алдымен Алланың, содан кейін ата-анам мен ұстаздарымның арқасы. Сапалы білімді санаға сіңірген тәлімгерлеріме алғыстан басқа айтарым жоқ, – деді Зәуреш Рахимберлина.

Шал ақын ауданына қарасты Социал сияқты ұлтарақтай ғана ауылдың топырағынан түлеген Денсаулық сақтау саласының үздігі – Зәуреш Әлімқызы еңбек жолында ізгі ниетті адамдармен әріптес, дос болғанына және дәрігердің жағдайын ойлайтын басшылыққа дән риза.

– Мен Зәуреш Әлімқызын көп жылдан бері танимын. Ол мықты дәрігер. Жұмыста қатал болғанымен, барлығына ниеті мен пейілі ақ, құрметі ерекше. Жастармен де тез тіл табысады. Біреуді сөкпейді. Айтар ақылымен бөлісіп, үнемі жақсылыққа жетелейді, – дейді медбике Майя Қожахметова. Дәрігер үшін науқастың күлімдеген жүзін көру асқан бақыт. Емделушілердің ақ алғысынан қанаттанып, жаны рақат табатын оның өмірлік ұстанымы – ардан аттамау, адалдықтан айнымау. Сондықтан да үлкенге қамқор, кішіге ізет танытып жүреді.

Зәуреш Әлімқызы қазіргі медицина саласындағы заманауи өзгерістерге де дән риза. Терапия бөлімшесінің алға басуына бір адамдай атсалысуда. Ал оның жанында жүрген Ұлпан Нұғыманова, Әсем Қазинұрова, Әмірбек Чиканаев, Әсемгүл Қалымова сынды білікті мамандар емдеу мекемесінің сапалы жұмысына өз үлестерін қосуда.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: З. Рахимберлина (оң жақтан екінші) әріптестерінің ортасында

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика