АУАМЕН ТАРАЙТЫН АУРУ

Менингит – қатерлі дерт. Аурудың бактериясы ауа арқылы жұғуы мүмкін. Мәселен, мұрынға түскен бактерия қан айналымы арқылы қоздырғышты күшейтеді. Биыл өзге өңірлерде менингококк ауруы бойынша қайғылы оқиғалар тіркелді. Бізде жағдай тұрақты. Десек те, сақтықта қорлық жоқ екенін ұмытпауымыз керек.

Аурудың жақсысы жоқ. Алайда, “менингит” деген сөзді естігенде, кез келген кісі тіксіне қалады. Бұл аурудың жедел және созылмалы түрі бар. Ең күрделісі – менингиалдық синдром. Ол шешек, көкжөтел немесе құлақтың қабынуы сияқты аурулардың асқынуынан болады. Анасы туберкулезбен ауыратын нәресте құрсақтан шыққанда туберкулез менингитімен сырқаттануы мүмкін. Көбiне суық тиюден болатын бұл кесел ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуынан туындайды.

Ауру басталғанда науқастың дене қызуы көтеріліп, басы ауырып, құсады. Ал бір жасқа дейінгі балалардың іші өтеді. Тұмауға ұқсайтын белгілеріне қарап, көп адам ауруды асқындырып алады.

Елімізде менингококк ауруы 2015 жылы көп тарады. Сол жылдары біздің өңірде 13 адам дертке шалдықты. Оның төртеуі – оқушы. Жалпы менингококк ауруының 12 түрі бар, алтауы – қауіпті.

Жұқпалы аурудың қоздырғыш бактериялары ауа арқылы тарайды. Сөйлегенде, түшкіріп, жөтелгенде бактериялар ауаға жайылады. Ал аурудың алдын алу үшін таза ауада, күннің астында көбірек жүріп, адам көп шоғырланатын орындарға бармаған абзал. Дезинфекциялау құралдарымен бөлмені тазалап, жиі желдетіп отырған жағдайда жұқпаның қоздырғышы жойылады. Өкінішке қарай, дерт дендесе, кейде дәрігерлер адам өмірін сақтап қала алмайды. Тағы бір айта кететін жайт, бұл ауруға көбінесе бес жасқа дейінгі балалар шалдығады.

Ауруды бірден анықтау мүмкін емес. Жасырын түрде өрбитін ауруды кейбір ата-аналар баласының тіс жаруымен шатастырады. Осылайша, уақытты өткізіп алады. Ал емделу уақыты өтіп кетсе, баланы аурудан айықтыру оңайға соқпайды. Соңы өліммен аяқталуы мүмкін. Ал кейде ми жасушалары қатты зақымданып, баланың ақыл-есі дұрыс дамымай қалады. Ауру дер кезінде анықталып, тиісті ем жасалса, айығып кету мүмкіндігі де бар.

Соңғы бірер айда елімізде бұл аурудың таралуына қатысты түрлі пікірлер айтылды. Менингококк бұған дейін де болған, қазір де бар. Тек кейде эпидемиологиялық жағдай ушыға түседі. Жылына бір-екі адамның аталмыш аурумен сырқаттанатынын жоққа шығара алмаймыз.

Әдетте ауру қыс пен көктем мезгілдерінде таралады. Себебі, бұл кездері адамның иммунитеті төмендейді де, ауруды жұқтырып алу мүмкіндігі біршама өседі.

Осыдан бірнеше жыл бұрын аптап ыстықта біздің ауруханаға жеті жасар бала менингококк инфекциясымен түсті. Мұндай жағдай жиі кездеспейді. Десек те, арқаны кеңге салуға болмайды. Өйткені, ауру адамды таңдап, уақытпен санаспайтынын ұмытпайық.

Елена КОПТЯЕВА,

№3 қалалық аурухананың балалар жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика