ЗАМАНАУИ ЖАБДЫҚ — СӘБИЛЕР ИГІЛІГІНЕ

“Асыл мирас” қайырымдылық қорының қолдауымен облыстық балалар ауруханасы заманауи медициналық құралдармен толықты.

– Мұндай қолдау мемлекеттік және жекешелік әріптестік көкжиегінің кеңейе түскенін көрсетеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Петропавл қаласында 700 орындық көпсалалы аурухана салу – алда тұрған міндеттің бірі. Біздің өңірде медициналық кластер құру үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде, – деді облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет. Оның айтуынша, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 500 миллион теңгеден астам қаржыға қымбат медициналық құралдар сатып алу көзделуде.

“Асыл мирас” қайырымдылық қорының директоры Марат Айтмағамбетов жүзеге асырылып жатқан жобалармен таныстырды.

– Ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін бірқатар жобалар бар. Аутизмге шалдыққандарға арналған арнайы жоба 2015 жылы қолға алынды. Жоба аясында Қазақстан бойынша алты сауықтыру орталығын құрдық. Биыл тағы екі орталық ашу жоспарлануда. Аталмыш орталықтарда 3600-ден астам бала емдеу курсынан өтті, – деді Марат Айтмағамбетов.

Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Олег Завьялов белгілі кәсіпкер Болат Өтемұратовтың “Асыл мирас” қайырымдылық қорына ризашылығын білдіріп, заманауи үлгідегі медициналық жабдық кішкентай науқастарға уақтылы әрі дұрыс диагноз қоюға ықпал ететінін жеткізді. Қордың көмегімен жалпы құны 76,6 миллион теңгеге стационарлық сандық рентгенографиялық кешен, әмбебап ультрадыбыстық сканер мен екі дезинфекциялық камера сатып алынды.

– Бұл медициналық құралдар бізге аса қажет болатын. Сандық аппараттың көмегімен рентген суретін ғаламтор арқылы жіберуге болады. Қазіргі таңда біз оны белсенді пайдаланудамыз, – деді Олег Завьялов.

Қор қайырымдылық шараларынан соңғы бес жылда түскен 470 миллион теңге қаржыны балалар үйлеріне, перинаталдық және оңалту орталықтарына, медициналық ұйымдарға заманауи құралдар сатып алуға жұмсаған.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: бөлімше меңгерушісі Л. Ысқақова жаңа жабдықпен жұмыс істеуде.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика