ЖАРАҚАТ АЛУ ЖИІЛЕГЕН

Жадыраған жаз басталып, оқушылар демалысқа шыққанда облыстық балалар ауруханасында науқастар саны артады. Соңғы екі айда мертіккен, күйік шалған 150 бала аурухана төсегіне таңылған.

Осындай жарақатпен жыл басынан бері 5 мыңнан астам бала дәрігерлердің көмегіне жүгінген екен. Әсіресе, қараусыз қалған балалар оқыс оқиғаларға тап болады. Ақхалаттылар балғындардың жарақат алуы қысқы демалыстарға қарағанда жазда жиі кездесетінін айтады. Сондықтан олар ата-аналарды балаларды назардан тыс қалдырмауға шақырады.

Аурухана төсегіне таңылған науқастың бірі – Анатолий Лушин биіктен құлап түскен. Тимирязев ауданына қарасты Докучаево ауылында тұратын ол ескі наубайхана қоймасының төбесіне шығып, аяғы тайып кеткен. Ойын баласы абайсызда жіліншігін сындырған. Он күн бойы ол аурудың азабын тартуда. Ал толық айықпағанша, дәрігерлер оны үйіне жіберуге асығар емес.

– Облыстық балалар ауруханасының жарақат бөлімшесі 35 орынға шақталғанымен, жаз айларында емделушілердің саны еселеп артады. Биылғы жылдың соңғы екі айында 150 балаға медициналық көмек берілді. Миы шайқалған, бұғанасы, қолы, аяғы мен өзге дене мүшелері сынған балалар көп түседі, – деді облыстық балалар ауруханасы жарақат бөлімшесі меңгерушісінің міндетін атқарушы Асылхан Жағыпаров. Сондықтан дәрігерлер сақтық шараларын естен шығармауға кеңес береді. Бұл орайда құтқарушылар да жаздыгүні өзен-көлдердегі қауіпсіздік жайын ұмытпауды ескертеді. Өйткені, оқыс оқиға орын алуы мүмкін.

– Балалар үнемі ересектердің қарауында болып, олардың рұқсатымен ғана суға түсуі қажет. Әр адам арнайы белгіленген орындарда ғана шомылғаны абзал, – деді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Қуат Махметов.

Құтқарушылар балалар ауруханасының кішкентай емделушілеріне қауіпсіздік ережелерін айтып, жапа шеккен балғындарға алғашқы көмек көрсету тәсілдерін түсіндірді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика