ЕМХАНАНЫ ТАҢДАУ ТӘРТІБІ

Қыркүйек айының он бесінен бастап Қазақстанда емхананы еркін таңдау науқаны басталады. Науқан барысында емделушілер қызмет көрсетуші медициналық ұйымды немесе учаскелік дәрігерді ауыстыра алады.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында алғашқы медициналық көмек алу үшін тұрғындар қалаларда немесе аудан орталықтарында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуші мекемелерде тіркеуде тұруы тиіс. Мемлекеттік және жекеменшік емхана әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы медициналық-санитарлық көмекті жеткізуші ұйымның тізімінде болуы шарт. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Лариса Гордеева емделушілер алдымен өзіне ыңғайлы емхананы таңдауға баса мән беруі керек екенін айтты.

Бүгінде емханаға тіркелудің екі әдісі бар. Сондықтан тұрғындар өзіне сәйкес нұсқасын таңдай алады. Емхана арқылы тіркелу кезінде ең алдымен, медициналық-сани­тарлық көмекті жеткізуші компаниялар тізімінен тиісті емхананы таңдап, жеке құжат арқылы таңдаған мекемеге барып, тіркеу бөлімі арқы­лы бас дәрігердің атына өтініш жазып, тіркеу талонын алуға болады. Бұл талон осы емхананың емделушісі ре­тінде тіркелгенді растайтын негізгі құжат болып табылады. Сонымен қатар egov.kz пор­талы арқылы да тіркелуге болады. Ол үшін порталға кіріп, онлайн өтініш толтыру керек. Онда таң­даған емхананың электронды мекен-жайы көрсетілуі тиіс. Жеке кабинетке кіру арқылы тіркелгеніңіз жөніндегі анықтамамен таны­са аласыз.

Емханаларды таңдау кезінде тұрғындар өзі тұратын аумақтан тыс жерлердегі медицина ұйымына тіркелетін болса, үйге дәрігер шақыру мүмкіндігі қиындайтынын ескерген жөн. Отбасы мүшелерінің әрқайсысы емханаға жекелей барып тіркелуі шарт емес. Біреуі қажетті құжаттар бойынша бұл жұмысты тындыра алады. Ол үшін бас дәрігерге әр адамның атынан тіркеу туралы арыз жазу керек. Ал жасы 18-ге толма­ғандар ата-аналарының немесе қамқоршыларының жеке құжат­тарының көмегімен тіркеле алады. 15 қыркүйектен басталған бұл науқан 15 қараша күні аяқталады. Бұл – денсаулығыңызды сеніп тап­сыратын емдеу мекемелерін таңдау үшін жылына бір рет берілетін мүмкіндік.

Қазақстанда тұруға рұқсаттары бар азаматтар, сондай-ақ, шетелдіктер, азаматтығы жоқ Қазақстанда тұратын тұлғалар мен атажұртқа оралған адамдар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында кедергісіз медициналық көмек алу үшін бір ғана емханаға тіркеле алады. Емхананы еркін таңдау науқаны барысында жылына бір рет медициналық ұйымды ауыстыруға болады. Ал тұрғылықты мекенжайды, жұмысты, оқуды ауыстыруда, әскери борыш пен жазаны өтеуде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуші мекемелер таратылса немесе қайта құрылса, сондай-ақ, емхананың қызмет көрсету сапасы қанағаттанарлықсыз деңгейде болса, бір жыл ішінде емхананы ауыстыруға мүмкіндік бар.

Анна ПЕНЬКОВА,

әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының сарапшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика