ЖҮРЕККЕ КҮТІМ ҚАЖЕТ

Үстіміздегі жылдың жеті айында облыстық кардиологиялық орталықтың мамандары 4531 адамға медициналық көмек көрсеткен. Дәрігерлер бірінші жартыжылдықта қан айналым жүйесі, артериалды гипертензия, ишемиялық жүрек аурулары, миокард инфарктісі ауруларының көрсеткіші артқанын айтады.

Қан айналым жүйесі аурулары бойынша өлім-жітім 9 пайызға өскен. Әсіресе, бұл көрсеткіш Тимирязев, Ақжар, Есіл, Мағжан Жұмабаев аудандары мен Петропавл қаласында жоғары. Бұл туралы облыстық кардиологиялық орталықта Астана қаласының саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының өкілдері және жергілікті дәрігерлердің қатысуымен өткен жиын барысында белгілі болды. Сондай-ақ, ишемиялық жүрек ауруларынан, миокард инфарктісінен қайтыс болғандар саны жағынан Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Тимирязев, Мамлют, Аққайың, Тайынша, Айыртау, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар көш бастап тұр. Керісінше, бұл жерлерде артериалды гипертензия ауруымен сырқаттанушылардың өлім-жітімі азайған.

Отырыста облыстық кардиологиялық орталықтың жұмысы туралы бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Михаил Телюк пен бөлімше меңгерушісі Мақсат Құдратуллаев баяндама жасады. Мамандардың айтуынша, аудандар мен қалалық емханаларда кардиологиялық ауруларды диспансерлеу сапасы төмен. Сондай-ақ, аудандардағы медициналық мекемелерде маман тапшы. Бұл да өлім-жітім көрсеткішінің артуына әсер етіп отыр. Өйткені, өңір бойынша тек екі ауданда ғана кардиолог дәрігер бар. Орталықтардың кардиологиялық аурулар бойынша қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмеуі де ең өзекті мәселе болып саналады.

Астана қаласының саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының үйлестірушісі Қанат Хамзин аталған мәселелерді шешудің жолдары жайлы сөз қозғап, аурудың алдын алу үшін скринингтік тексерулер жүргізу, осы ретте тұрғындардың жауапкершілігін арттыру қажеттігін атап көрсетті.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика