АУЫРМАШЫ, ЖҮРЕК!

Әжейдің маңдайындағы тарам-тарам әжімі өмірдегі тауқыметінің дәлеліндей көзге анық көрінеді. Қоңырқай жүзінен мейірім нұры төгілсе де, жанарынан күдік пен үрейдің ұшқыны байқалды. Алыстағы әлдебір ноқатқа қадалған оның ойлы жанары жүректегі шерді аңғартты. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген ұлының бір-ақ күнде жігері құм болып, қабырғасы сөгілгенін көру анаға оңайға соққан жоқ. Оның бар арманы перзентінің сауығып кетуі. Бауыр еті баласынан айырылып қалуы мүмкін екенін ойласа, жанын қоярға жер таппайды.

Күн құрғатпай ауруханаға келуді әдетке айналдырған оны ақхалаттылар да көз жазбай таныды. Бүгін де жұмысынан қалып бара жатқандай ол емдеу мекемесіне асыға жетті. Қолындағы дорбасы тәттіге толы. Ақжолды көріп жүрегі орнына түсті. Гүлдария әжей сияқты ауруханаға әрлі-берлі кіріп-шығып жатқан адамдар қаншама? Аурумен арпалысып, тағдыры қыл үстінде тұрғандар аз ба? Облыстық кардиологиялық орталықта ем алып жатқан адамдар саны көп екенін медициналық мекемеге бас сұққанда байқадым. Таңнан кешке дейін ақхалаттыларда дамыл жоқ.

Тіркеу бөлімінде мамандардан жөн сұрап тұрғанымызда есік алдына “Жедел жәрдем” көлігі келіп тоқтады. Жан ұшыра ішке кірген медицина қызметкерлері орталықтағы әріптестеріне жүрегі қысқан науқастың жағдайы мүшкіл екенін айтты. Дәрігерлер шұғыл іске кірісіп, азаматты тексеруден өткізу үшін жоғары қабатқа алып кетті. Осындай жағдай мұнда жиі орын алады. Өйткені, кардиологиялық орталықта жоспарлы ем алушыларды айтпағанда, кенеттен жүрегі сыр бергендер де көмекке көп жүгінеді.

Елімізде қан айналым жүйесі аурулары жасарып барады. Облыс тұрғындары арасында да жүрек ауруларына шалдыққан азаматтар аз емес. Отандық медицинадағы соны өзгерістер кардиологиялық орталықта да кеңінен қолданылуда. Осыдан тоғыз жыл бұрын ашылған емдеу мекемесінде науқастар үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалған.

Естігенімізді емес, көргенімізді айтсақ, Азамат Мағзұмов басқаратын медициналық мекеме дәрігерлерінің әр күні қарбаласқа толы. Бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Асхат Молжігітов бізді орталықтың жұмысымен таныстырды.

Қазір емдеу мекемесінде 80 дәрігер, 150 медбике жұмыс істейді. Дәрігерлердің дені – жоғары санатты мамандар. Облыстың штаттан тыс кардиологі Михаил Телюк, бөлімше меңгерушілері Сергей Череда мен медицина ғылымдарының кандидаты Мақсат Құдратуллаев сияқты денсаулық сақтау саласының үздіктері – ұжым мақтаныштары. Биыл дәрігерлердің қатары Арман Ертаевтай жас маманмен толықты. Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің түлегі қазір Ресейде біліктілігін арттыруда.

Таңғы он бірде кезекті ота басталды. Өз мамандығының қыр-сырын меңгерген білікті дәрігер Асхат Молжігітов науқасты ажалдан арашалап қалу үшін аянып қалмады. Екі сағат бойы адам өмірі үшін күресті. Сәтті отадан кейін маңдайындағы моншақтаған терді сүртіп, әріптестерімен науқастың жағдайын ортаға салды. Дәрігердің әр сөзін мұқият тыңдаған қызметкерлер айтылған тапсырманы қойын дәптерлеріне түртіп алды.

– Кардиологиялық орталықта жылына шамамен бес мыңдай адамды емдейміз. Өкінішке қарай, денсаулығына салғырт қараған адамдар дертке жиі шалдығады. Әсіресе, жүрек ауруларының ішінде миокард инфарктісіне тап болатындар көп, – деген Асхат Молжігітов орталық ашылған уақыттан бері алты мыңнан астам адамға ота жасалғанын жеткізді.

Науқастарды сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында 2009 жылы жұмысын бастаған орталық алдымен мамандардың білімін жетілдіруді қолға алған. Медицина қызметкерлері Литвада біліктіліктерін арттырып, жүрекке ота жасаудың заманауи әдіс-тәсілдерін үйренді. Отандық және Каунасс медициналық университетінің дәрігерлері бірлесіп ең алғаш 2009 жылы жүрекке ашық ота жасаған. Адам жанының арашашылары кейбір науқастар ота жасатқан соң өздерінің денсаулығына күтіммен қарамайтынын айтты. Оның ішінде миокард инфарктісін алған науқастардың 70-80 пайызы ауруханаға қайта оралады екен.

Медициналық мекеменің кардиологиялық, кардиохирургиялық, қан тамырлар хирургиясы бөлімшелерінде болып, сырқаттарға көрсетіліп жатқан көмекті көрдік. Отыз орындық кардиологиялық бөлімшенің дәрігері Тамара Захарова саналы ғұмырын медицина саласына арнаған жан. Әрбір науқаспен, олардың жақындарымен қалай тіл табысу керек екенін білетін бөлімше меңгерушісі биязы мінезімен өзіне баурап алды.

– Қырық жылдан астам медицина саласында жұмыс істеймін. Қазір медицина бір орында тұрған жоқ. Әсіресе, жүрек ауруларымен күресу жыл сайын жетіліп келеді. Кардиология саласы қарқынды дамуда. Орталықта күн сайын науқастарға ота жасалатындықтан, біздің бөлімшенің жұмысы қауырт. Жаны жабырқаған науқастармен тіл табысу оңай емес. Сондықтан біз әр емделушімен жеке жұмыс жүргіземіз. Кейде олардың көңіліне қарап, ыңғайына көнуге тура келеді, – деген Тамара Захарова медицинадағы қағазбастылықтан әлі де арылу мүмкін болмай отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында айтылған ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, “қағазсыз аурухана жүйесіне” көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру мүмкіндігі жоғарылайтынын сөз етті.

Медицина саласының заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі де маңызды. Биыл орталыққа электро-физиологиялық қондырғы сатып алынған. Жарты жылдың ішінде оның көмегімен жүзге жуық ота жасауға мүмкіндік туды. Десек те, ауруханадағы кейбір аппараттар ескірген. Оларды жаңарту жоспарда бар. Мәселен, келесі жылы екі ангиографтың бірін ауыстыру көзделуде.

Медицинаның әлеуетін сөз еткенде, кадр тапшылығы мәселесіне назар аудармау мүмкін емес. Орталықта мамандар саны жеткілікті болса да, аудандарда кардиологтар тапшы. Медициналық мекемеде жұмыс істейтіндердің дені – зейнет жасындағылар. Осы олқылықтың орнын толтырып, мамандар қатарына жас кадрларды тарту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда.

– Ет пен сүйектен жаратылған жұмыр басты пенде жаны қиналған сәтінде дәрігердің көмегіне жүгінеді. Мен де 2012 жылы жүрек дертіне шалдығып, көп қиындық көрдім. Күрделі отаны Астана қаласында жасатсам да, облыстық кардиологиялық орталықтың мамандары маған ерекше қолдау білдірді. Бүгінгі күнге дейін олардың қамқорлығы мен жанашырлығын сезінудемін. Денсаулығымда өзгеріс орын алса, бірден орталықтың көмегіне жүгінемін. Ауырған тәнді қалпына келтіру оңай емес. Әрбір науқастың жанын түсініп, ем дарытқан дәрігерлер мен медбикелерге алғысым шексіз. Халықтың алғысын арқалаған ақхалаттыларға ризамын. Айналамызда осындай ізгі жүректі, білімді де білікті абзал жандар барда отандық медицина өрге баса бермек, – деді емделуші Мереке Абайұлы.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика