ТЕГІН КӨМЕК ТОҚТАМАЙДЫ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында адамдардың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетіні туралы айтылды. Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККК) жаңа моделін ұсынды. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі тізбесі медициналық технологиялардың үздіксіз дамуына байланысты кезең-кезеңімен жаңартылып отырылатын болады.

ТМККК-н оңтайландыру аурулардың тізбесі мен науқастардың санын қысқартудан, сондай-ақ, диагностикалаудың ескірген және тиімсіз әдістерін алып тастаудан басталады. Мемлекет басшысы заманауи медицина тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасауға көшуі тиіс екенін айтты. Оның ішінде онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдау туралы тапсырма берді.

Елімізде көш бастап тұрған онкологиялық аурулармен күрес жүргізуде кейбір тиімсіз скринингтерді қысқартудың маңызы зор. Стационарлық көмек шығындарын азайтып, үнемделген қаржыға қолжетімді медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту көзделген. Мемлекет тарапынан халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына ғана (жүкті әйелдерге молекулярлық-генетикалық зерттеу жүргізу, тұқым қуалайтын және орфандық аурулар) қымбат қызметтерге кепілдік беріледі. Медициналық қызметтің кепілдендірілген пакетінде нысаналы топтар, балалар мен жүкті әйелдерді бақылау қарастырылған.

Қазақстандықтарға медициналық қамсыздандырудың үш деңгейлі жүйесі ұсынылды. Оның бірі тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) жалпы жұртшылыққа арналған минималды әлеуметтік стандарт. Екіншісі, әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандырылғандарға арналған қызметтер пакеті болса, соңғысы медициналық көмектің басқа да қаржы көздерінен қаржыландыратын қосымша көлем.

ТМККК-нің жаңа үлгісі шұғыл және кезек күттірмейтін жағдайға тап болған әрбір адамға көмек көрсетуге, сондай-ақ, демографиялық туу көрсеткішіне кері әсерін тигізетін және мүгедектікке алып келетін ауруларға бағытталған. Стационарды алмастыратын көмек тізбесіне созылмалы ауруларды (аурулардың 25 тобын қамтиды), сондай-ақ, әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу (туберкулез, АИТВ инфекциясы, психикалық бұзылыстар мен мінез-құлықтың бұзылулары, қатерлі ісік) мен қан тазарту, перитонеальдық диализ, тәуліктік стационардың қабылдау бөлімшесіне көмек көрсету енгізілген.

Жаңа жүйе бойынша амбулаторлық деңгейде берілетін тегін дәрі-дәрмекті әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша бақылауда тұрған науқастар да ала алады. Эндокринологиялық, неврологиялық, аутоиммундық, тұқым қуалайтын және тағы басқа аурулар бойынша науқастарды дәрі-дәрмекпен қамту міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жүзеге асырылады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі әр адамның өмір сүру сапасын жақсартатын медициналық көмек көрсетуге кепілдік береді. Сақтандыру жүйесіне енген азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен басқа КТ, МРТ сияқты қымбат зертханалық диагностикалаудан, қалпына келтіру және оңалту шаралары мен тексеруден тегін өте алады. МӘМС жүйесінде 18 жасқа дейінгі балалар, мүгедектер, зейнеткерлер мен көпбалалы аналарға тегін стоматологиялық көмек көрсетіледі.

Кезек күттірмейтін көмек пен мемлекет тарапынан реттеуді талап ететін саланың бәрі ТМККК-нің пакеті есебінен жүзеге асырылады. Ал тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін қосымша қызметтер МӘМС жүйесі арқылы көрсетіледі.

Денсаулық сақтау министрлігі созылмалы ауруларды динамикалық бақылау мен диспансерлеуді қарастыруда. Оның басты ерекшелігі науқастардың өз денсаулығын қадағалауына ықпал ету. Емделушілер дәрігердің жазып берген дәрі-дәрмегін уақтылы қабылдап, денсаулыққа жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін енгізу медицина қызметкерлері мен емделушілер үшін пайдалы. Науқастардың толыққанды медициналық қызмет (кеңес беру-диагностикалық, оңалту-қалпына келтіру) алуға мүмкіндігі болады, аз шығынданып, денсаулықтарын бақылауға дағдыланады. Ең бастысы, мамандардың жүктемесін азайтып, медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен бәсекелестік қабілетін арттыруға мүмкіндік туады.

Айнагүл ҚАРАБАЕВА,

“Денсаулық” жекеменшік коммерциялық емес мекемесінің директоры.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика