ДЕНІ САУ ҰЛТ - МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚУАТЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Жолдауында бес жыл ішінде денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаражат мөлшерін ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажеттігін айтты. Бұл денсаулық сақтау жүйесінің болашағына сеніммен қарауға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауы тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей қатысы бар нақты міндеттерді жүзеге асыруға бағытталып отыр. “Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырамын”, – деді Елбасы Жолдауда. Бұл міндет учаскелік медицина қызметкерлерінің санын өсіріп, тұрғындардың емханалық көмекке деген қолжетімділігін арттырады. Сонымен қатар Қазақстан бойынша 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынатыны да қуанышты жаңалық.

Жолдаудың елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін тиімді енгізуге ықпалы зор болмақ. Себебі, медициналық көмек пакеті, ең алдымен, болашақ ұрпақтың денсаулығын қалыптастырып, созылмалы аурулардың алдын алуға бағытталған. Жүктелген міндеттерді орындау үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және оның филиалдары ауқымды әрі маңызды жұмыстарды қолға алуда. Медициналық көмек көрсетуге байланысты ауруханалармен және емханалармен жаңа шарттарға сәйкес келісімдер жасалып жатыр. Оған сәйкес көрсетілген қызметтің бағасы оның сапасына жүргізілген мониторинг нәтижесіне байланысты белгіленеді. Сонымен қатар медициналық ақпараттық жүйелер қолданылып, “Медициналық сақтандыру қоры: Халықтық бақылау” мобильді қосымшасы әзірленді. Бұл “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасын жүзеге асыруда да маңызды қадам болып саналады. Аталмыш қосымша арқылы қазақстандықтар дәрігерлердің жұмысына баға бере алады.

Елбасы жүктеген мақсат-міндеттерді жүзеге асыру еліміздегі денсаулық сақтау жүйесін дамытып, тұрғындардың сапалы медициналық көмек алуларына мүмкіндік береді.

Лариса ГОРДЕЕВА,

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика