ЖАҢАШЫЛ ДӘРІГЕР

Соңғы жылдары өңірімізде жекеменшік медициналық клиникалардың саны артып келеді. Олардың арасында кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында тұрғындарға күндізгі стационарда көмек көрсететін “Help clinic” медициналық орталығының жұмысын нәтижелі деп айтуға болады.

Бүгінде невропатолог дәрігер Жанұзақ Базарбеков жетекшілік ететін клиника тұрғындардың сенімін ақтауда. Алматы мемлекеттік медициналық институтын емдеу ісі мамандығы бойынша тамамдаған Тайынша ауданының тумасы еңбек әліппесін ауылдан бастаған. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағы ауыл медицинасы үшін қиын кезеңдер болғанын ол ешқашан ұмытқан емес.

1998 жылы облыстарды біріктіру және денсаулық сақтау жүйесін оңтайландыру барысында ол қалаға қарай ойысып, ішкі істер саласында әскери дәрігер болып еңбек етті. Жанұзақ Қалымбекұлы қызмет еткен он екі жылда қатардағы дәрігерден медициналық қызмет бастығы, Астана қаласындағы Ішкі істер министрлігінің орталық әскери-дәрігерлік комиссиясының төрағасы қызметіне дейін көтерілді.

– Бұл кезеңдерде мен бай тәжірибе жинақтадым. Мықты мамандар мен саналы ғұмырын медицина саласына арнаған сарапшы-дәрігерлермен бірге еңбек еттім. КСРО-ның еңбек сіңірген психиатр-дәрігері Римма Андреева сияқты тағы басқа білікті мамандардан үйренгенім көп. Күн сайын біз түрлі ауруларға шалдыққан, жарақаттанған, қансыраған, тіпті, оқ тиген науқастарға көмек көрсетуші едік. Медициналық көмек көрсетуде шұғыл шешім қабылдауға тура келетін сәттер аз кездеспеді, – дейді ол. Кәсіби біліктілігі мен жұмыстағы жетістігі үшін абзал жанның еселі еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол бірнеше мәрте Ішкі істер министрлігінің арнайы төсбелгісімен марапатталды.

Әскери қызметін аяқтаған соң Жанұзақ Базарбековке азаматтық медицинада өмірлік бай тәжірибесін жүзеге асыруға мүмкіндік берілді. Екінші қалалық емханада жұмыс істеген невропатологтың қабылдауында болған науқастар саны аз болмады. Жарақаттанған, жол-көлік апатына ұшыраған, инсульт алған адамдарды қатарға қосу үшін ол тынымсыз еңбек етті. Мамандығына адалдығы соншалық, тіпті, кейде науқастардың үйлеріне барып, қол ұшын созудан тайынған жоқ.

– Қиналған жанды көрсем, әрқашан көмек көрсетуге асығамын. Әсіресе, ауруына араша сұраған жандарды емдеуге барымды саламын, жаңа емдеу әдістерін қолданып, тығырықтан шығар жол іздеуге тырысамын. Ол үшін көп ізденіп, оқимын. Өйткені, медицина бір орында тұрған жоқ, – дейді Жанұзақ Қалымбекұлы.

Спорттық медицинада жұмыс істеген уақытта ол жарақаттан соң адамның қалыпқа келуіне сылау мен мануалды терапияның көмегі зор екеніне көз жеткізген. Бұл оған мануалды терапияны меңгеруге жол ашты. Біліктілігін арттырып, астаналық әріптестерінен тәжірибе жинақтаған маман жеке массаж кабинетін ашса, қазір медициналық орталықтың жұмысын сәтті үйлестіруде. Дәрігердің айтуынша, 2016 жылы олар алғаш рет кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында күндізгі стационарда қызмет көрсетуге мемлекеттік тапсырыс алған. Бұл – медицина саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясын кеңейту бағытында жасаған алғашқы қадам.

Былтырдан бері “Help clinic” медициналық мекемесі әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының жекеменшік қызмет көрсетушілердің тізіміне енді. Бүгінде аталмыш орталық тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында күндізгі стационарда жүйке жүйесі зақымданған науқастарға неврологиялық көмек көрсетеді. Қазір көмек алушылардың да қатары көбеюде. Биыл орталықта жүйке-бұлшық ет аурулары бар адамдарды оңалту үшін емдік дене шынықтыру кабинеті ашылды. Білікті, іскер дәрігер жұмыс ауқымын кеңейтіп, медициналық орталықтың филиалдарын ашуды жоспарлауда. Емделушілер мен қызметкерлердің санын арттыру үшін “Даму” қоры арқылы мекеме қаржылай қолдауға ие болды.

Тәжірибелі дәрігер әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі мен қалыптасуына өзіндік үлесін қосып, денсаулық сақтау саласындағы жаңашылдықтарды жүзеге асыруда. Сондықтан ол тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында ғана емес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен де науқастарға медициналық көмек көрсетуге әзір.

Анна ПЕНЬКОВА,

әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының сарапшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика