Озық оқу орны шақырады

Назарбаев Университеті – еліміздегі шоқтығы биік жоғары оқу орындарының бірі. Бұрнағы күні оның өкілдері облыс орталығының оқушыларымен кездесіп, болашақ түлектерді озық білім ошағымен таныстыруда.

– Біздің университетімізде студенттердің сапалы білім алулары үшін барлық жағдай жасалған. Бүгіндері мұнда қазақстандықтармен бірге Моңғолия, Бангладеш, Қытай, Непал елдерінен келген 25 шетелдік студент білім алып жүр. Оларға әлемнің түкпір-түкпірінен келген ең үздік профессорлар дәріс береді. Түлектердің дені инженер мамандығы бойынша зауыттар мен фабрикаларға орналасады. Үздік студенттер оқуларын шетелдерде жалғастырады, – деді Назарбаев Университетінің өкілі Гүлден Шоқатова.

Университетте мектеп түлектері үшін екі оқу жүйесі қарастырылған. “Foundation” бағдарламасы аясында студенттер университет алды даярлық бағдарламасын таңдайды. Бұл оқу әдісі бес жылға негізделген. Ағылшын тілін жетік меңгергендер бірден төрт жылдық бакалавриат бағдарламасын таңдай алады. Өткен жылы аталған бағдарлама бойынша берілген 708 гранттың 31-ін солтүстікқазақстандық студенттер иеленді. Олардың басым бөлігі гуманитарлық бағыттағы оқуды таңдаған.

Кездесуге қатысқан оқушылар зор қызығушылық танытты. Солардың бірі – Мағжан Жұмабаев атындағы педагогикалық-гуманитарлық колледж жанындағы мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Әсем Мұрат қазіргі уақытта ағылшын тілін тереңдетіп оқып жүр. Болашақта ол Қазақстанның белді инженерлерінің бірі болғысы келетінін айтты. “Бүгінгі таныстырылымның арқасында мен өзім үшін көп мәлімет алдым. Назарбаев Университетіне қалай түсуге болатынын, қандай құжаттар тапсыру керектігін білдім. Осы екі жылда ағылшын тілін жақсы меңгергім келеді”, – деді талапты жас.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика