ТОП ЖАРСАМ ДЕЙМІН

Бәсекеге қабілеттілік – жастардың бойынан табылатын ерекше қасиеттердің бірі. Бұл қабілет сенің бір орында тұрып қалмауыңды бақылап, күн сайын жетіле түсуге жетелейді. Жарысқа түссең, екінші тынысыңды ашып, жеңіске бастайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында: “Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады”, – деген болатын. Осы қасиеттің арқасында мен жақында қатарластарымның арасында үздік атандым.

Әңгімемді әріден бастайын. Мен Қызылжар өлкесіне осыдан үш жыл бұрын “Серпін” бағдарламасы бойынша білім алуға Қызылорда облысының Жаңақорған ауданынан келдім. Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде техник және технолог мамандығын меңгеріп жүрмін. Мемлекет тегін білім алуға мүмкіндік берген соң, сабақты жақсы оқып қана қоймай, қоғамдық өмірде де белсенділік таныту керек. Мен колледжішілік шараларға жиі қатысамын. Топта көшбасшы атану үшін бәсекеге қабілетті болу маңызды.

Жақында “Мәңгілік ел жастары – индустрияға!” әлеуметтік жобасына қатысушы жастардың “Мені шыңдаған Серпін” атты бірінші республикалық кәсіби шеберлік байқауы өтті. Оған қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінде “Серпін” бағдарламасы бойынша білім алып жатқан өзім сияқты студенттер келді. Жастар арасында жұмысшы мамандықтарды дәріптеп, олардың мәртебесін, кәсіптік даярлықтары мен біліктіліктерін арттыруды көздеген бұл конкурста мен де бақ сынап, колледжімнің намысын қорғадым.

“Тамақтандыруды ұйымдастыру” сынына төрт облыстан сегіз студент қатысты. Байқау шарты бойынша біз үш сағаттың ішінде үш түрлі тамақ әзірлеуіміз керек болды. Бірінші, екінші тамақтар барлығымызға ортақ болса, үшіншісін өз қалауымыз бойынша дайындадық. Алғашқыда бәріміз бірге көкөністерден езбе көжесін жасап, бұдан соң еттен “Ромштекс” әзірледім. Ал үшінші кезеңде құймақ пісірдім. Осылайша, тапсырманы 15 минутқа ерте бітірдім. Комиссия тағамдардың дәміне, безендірілуіне әрі тазалыққа аса мән берді. Нәтижесінде менің бағым жанып, жеңімпаз атандым. Салтанатты шарада алтын медаль мен ноутбукты қанжығама байладым.

Маған түрлі тамақтарды дәмді әрі әдемі етіп жасауды алғаш анам үйретті. Қазіргі таңда колледждегі білікті ұстаздарымнан үйреніп жүрмін. Аспаздық сүйікті ісіме айналды. Оны хоббиім десем де болады. Өйткені, одан ешқашан жалықпайсың. Кез келген жас өзінің жанына жақын мамандықты меңгергені дұрыс. Мен болашақта білімімді Омбы қаласындағы жоғары оқу орнында аспаздық іс мамандығы бойынша жетілдіріп, тамақ өнеркәсібі саласында үздік маман атанғым келеді.

Іңкәр ЖАНБОЛАТ,

Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің 3-курс оқушысы.

СУРЕТТЕ: І.Жанболат (оң жақта).

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика