АЛТЫН БЕСІГІМ

Қазіргі таңда мемлекет жастардың ауылға баруына мүдделі. Ауылды жерде жұмыс істегісі келетін жастарға “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы арқылы барлық жағдай жасалған.

Дегенмен, соңғы кездері ауылдың таза ауасы мен еркіндігінен гөрі, жастарымыз қаланың тынышсыз тіршілігіне ұмтылып жүр. Мәселен, мамандығы агроном болса да, елді мекенде даяр тұрған жұмысқа бармайды. Қалада оқу оқып, сонда қалуды ойлаған жастар қайбір жақсы жұмыс тапты дейсіз сонда? Бірі такси қызметіне орналасса, екіншісі сатушы болып жүр. Жігіттердің тепсе темір үзетін шағында екі қолға бір күрек таппай, сенделіп бос жүруі – кім-кімнің де қабырғасына бататын жағдай.

Мен 2010-2014 жылдары М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде агроном мамандығын меңгеріп, бұдан соң екі жыл биотехнология мамандығы бойынша магистратураны аяқтадым. “Атамекен-Агро-Корнеевка” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өндірістік тəжірибеден өтіп, диплом алған соң бірден сонда жұмысқа орналастым.

2004 жылы құрылған бұл серіктестік бүгінгі таңда дəнді және майлы, дәнді-бұршақты дақылдарды, жемазықтық шөптерді өсірумен айналысады. Сондай-ақ, шаруашылық ірі қара да ұстайды.

Мен комбайндардың жұмысын, өнімнің егіс алқабынан уақтылы қырманға жеткізілуін қадағалаймын, дəрілеу кезінде препараттардың нормасын белгілеп, дұрыс себілуін бақылаймын. Жұмысым бағасыз қалып жатқан жоқ. Жуырда ауыл шаруашылығы күніне орай Спорт сарайында өткен шарада “Үздік жас маман” атандым.

Көріп отырғандарыңыздай, жұмысқа бел шеше кіріскен адам табысты болып, бағасын міндетті түрде алады. Ауыл – өзіңді білікті маман ретінде көрсетудің жақсы ортасы. Таза ауамен тыныстаған адамның ойы ашық әрі жұмыс істеуге деген құлшынысы жоғары болады. Сөйтіп, осы елді қалай көркейтсем екен деген мақсатта жұмысқа қызу кірісесің. Ауылдың есігі екі қолға бір күрек ұстағысы келген жастарға әрдайым ашық!

Қуантай ҚИЯНБЕКОВ,

“Атамекен-Агро-Корнеевка”

 

ЖШС-нің бригада агрономы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.