МӘҢГІЛІК ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕКЕНІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында еліміздің бүгіні мен болашағы жарқын болуы үшін алдымызға бірқатар нақты міндеттер жүктеді. Осыған сәйкес елімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, “Туған жер” бағдарламасын жүзеге асыру аясында өскелең ұрпаққа мұражайдың мән-мағынасы түсіндірілуде. Бұл орайда, жас буынды қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын және тарихын тануға талпындырып, патриоттық сезімдерін қалыптастыруда “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінде ашылған “Жас экскурсия жүргізушісі” үйірмесінің маңызы зор.

Бұл ретте өңірімізде жыл сайын мұражай қызметкерлері арасында үздік экскурсия жүргізушісін анықтайтын байқау өткізіледі. Былтыр осы білім бәсекесіне қатысып, үшінші орын алсам, биыл жеңімпаз атандым. Дегенмен, біраз жыл тәжірибесі бар білікті мамандармен сайысу оңайға түспеді. Көп дайындықтың арқасында ойымды үш тілде жеткізіп, өзім жұмыс істейтін мекеменің намысын абыроймен қорғап шықтым.

Өскелең ұрпақтың материалдық ескерткіштер мен рухани-мәдени құндылықтарды, шынайы тарихи мұраларды танып-білуге қызығушылығын ояту мақсатында мұндай байқау мектеп оқушылары арасында да өткізіліп тұрады. Мәселен, жақында мұражай-кешенде “Тарих сырын шерте отыра...” атты жас экскурсия жүргізушілері байқауы ұйымдастырылды. Оған үйірменің тыңдаушылары қатысты. Байқаудың алғашқы бөлімінде қатысушылар өз мектебіндегі мұражай жайлы әңгіме тарқатса, екіншісінде әр қатысушы қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын немесе ұлттық тағамдарын көрсетіп, қала бойынша шағын экскурсия жүргізулері қажет болды. Оларға қойылатын талап – қаламыздың тарихи жерлері мен ескерткіштері жайлы білу, өз ойын жинақтап, білімін көрсету болатын. Нәтижесінде бірінші орынды Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушысы Меруерт Әшімова жеңіп алса, екінші орын – №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы Жанна Наргузинаға, үшінші орын №2 орта мектептің оқушысы Мирас Құрманғалиевқа бұйырды.

Байқауды жүргізе отырып, тәуелсіз еліміздің болашағы осындай жастардың арқасында жарқын болатынына сенімім нығая түсті. Балалардың жеңіске деген ұмтылысы мен сөз саптауы жақсы әсер қалдырды. Оларға қарап отырып, Мағжан Жұмабаевтың: “Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, мен жастарға сенемін...”, – деген өлең жолдары есіме оралды. Өскелең ұрпақты балабақша, мектеп қабырғасынан бастап осындай мәдени шараларға жұмылдырсақ, бұл кемел келешекке аттаған бір қадам болмақ. Жас ұрпаққа мәдени құндылықтарымызды насихаттауға арналған шаралардың маңызы зор.

Назгүл БЕЙСЕМБИНА,

 

“Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінің экскурсия жүргізушісі. 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.