ҚОЛДАУ БАР, ҚҰЛЫҚ ЖОҚ

“Балам, сен өскенде кім боласың?”. Осы сауалды қоймайтын ата-ана жоқ шығар. Келешегіміздің қандай боларын білмей тұрып-ақ, біріміз “дәрігер”, келесіміз “ұстаз”, енді біріміз “әнші”, “биші”, “күйші”, тағы да басқа мамандық иесі атануды армандаймыз. Біріміз бұл арманға қол жеткізсек, екіншіміз амалсыздан басқа жұмыс істеуге мәжбүр боламыз. Солардың арасында жоғары оқу орнының күректей дипломымен екі қолға бір күрек таба алмай сенделіп жүрген жастар бар.

Басты кедергілердің бірі – жұмыс берушілердің университетті енді ғана аяқтаған жас маманнан еңбек өтілін талап етуі. Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін “қызыл” дипломмен аяқтаған бір танысым жұмыс таба алмай, бір жылдан астам уақыт жүрді. Қай жерге барса да: “Тәжірибең жоқ, сені жұмысқа ала алмаймыз”, – деген сылтау естіген.

Былтыр өңіріміздегі жұмыспен қамту орталығының көмегіне 18 бен 29 жас аралығындағы 1701 өрен жүгініп, соның 1134-і тұрақты жұмысқа орналастырылыпты. Ал биыл өз бетінше жұмыс таппай орталыққа барған 1968 жастың 1114-і еңбекпен қамтылған. Десек те, әлі де жұмыссыз ретінде 288 жас маман тіркеуде тұр.

Облыстық статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, былтыр өңірімізде 15-29 жас аралығындағы 107108 жас болса, соның еңбек етуге қабілетті 59246-ның 57534-і жұмыспен қамтылған. Оның 46190-ы – жалдамалы жұмысшылар, ал қалған 11344-і өзін-өзі жұмыспен қамтығандар екен. Ал биылғы екінші тоқсанның қорытындысы бойынша жергілікті 87938 жастың 49141-і еңбек етуге қабілетті. Соның 47806-сы жұмыспен қамтылса, 1335-і жұмыссыз жүр.

Оқу орындары диплом тапсырар кезде түлектерінен жұмысқа тұрғаны жөніндегі анықтама талап етеді. Бұл талапты орындау үшін жұмысқа орналаса алмаған жастар түрлі мекемелерді, тамыр-таныстарды жағалап жүргені жасырын емес. Осындай жолмен жоғары оқу орындары өз түлектерін іс жүзінде емес, қағаз жүзінде жұмыспен қамтып отырған жайы бар. Құзырлы органдарға заманға лайық, сұранысқа ие маман әзірлеп отырғандарын дәлелдеу үшін осындай қадамға баруға мәжбүр.

Өңіріміздегі жалғыз жоғары оқу орны – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің басшылығы түлектерінің жұмысқа орналасу нәтижелері соңғы жылдары айтарлықтай жақсарғанын айтып отыр. “2014 жылдан бастап 2016 жылға дейін бакалавр түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 78 пайыздан 82 пайызға өсті. Ал грантта оқыған студенттердің жұмысқа орналасуы 93 пайызға жетті. Биыл университетті бакалавриат бойынша 589 студент тамамдаса, соның 109-ы белгілі себептермен жұмыс істеуден босатылып, 431-і тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал магистратураны тамамдаған 75 жастың 68-і жұмыспен қамтылған, докторантура бойынша екі адам тамамдап, жұмыс істеуде”, – дейді осы оқу орнының кәсіптік тәжірибе және жұмысқа орналастыру бөлімінің басшысы Наталья Побежук.

Елімізде арнайы білімі жоқ жастарды жұмыспен қамтитын мемлекеттік бағдарламалар бар. Әсіресе, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында қолға алынған “Жастар тәжірибесі” жобасы арқылы қайта даярлау, біліктілігін арттыру, әлеуметтік жұмыс орындарын ашу көзделген болатын. Бүгін оның игілігін көрген жастар баршылық.

Жұмыспен қамту орталығы арқылы заң, экономика, қаржы, білім беру, тағы басқа салалар бойынша 155 жас тәжірибеден өтсе, биыл бұл бағдарлама арқылы шыңдалған жастардың саны – 133. Алайда, жас мамандар еңбекақы аз болғандықтан, бағдарлама арқылы жұмысқа орналасуға құлық танытпайды екен. Жастардың осындай қылықтарына қарап, олардың өздері жұмыс істеуге құлықсыз ба деген ойға келесіз. Жастар тарапынан жиі айтылатын “жалақысы аз, жұмысы қиын” деген сылтаулар осындай ойға жетелейді.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының тиімді тұстары көп. Қысқа уақыт ішінде кадрлар даярланып, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындары ашылуда. Былтыр бұл бағыт бойынша үш жас жалпы көлемі 9 млн. теңгенің шағын несиесін алды. Екеуі жеке ісін ашып, кәсіпкер атанса, біреуі алған несиесін кәсібін кеңейтуге жұмсаған екен. Бүгінге дейін жұмыспен қамту орталығына несие алып, өз ісін ашуға 25 жас өтініш білдірген. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын өз кәсібін ашқан Уәлиханов ауданының тұрғыны Алмаз Елмағановтың ісі бүгінде өрге басып отыр. “Мемлекеттің қолдауымен тұрмыстық техника сатумен және жөндеумен айналысатын фирма ашқан болатынмын. Екі жылда жұмысымыз бір арнаға түсіп, ісіміз алға басып отыр. Шынымен де, қазіргі кезде жастар белді бекем буып, тәуекелге барудан қорқатындықтан, мемлекеттік қызметті таңдайды. Мамандығы бойынша лайықты жұмыс таба алмаса, қанша жыл бекер оқығанын айтып, күйініп жатады. Алайда, мен оларға қолына диплом алумен шектеліп қалмай, әрі қарай да амалын іздеу керегін айтқым келеді. Бүгінде жұмыссыздық мәселесін жойып, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған қаншама бағдарламалар сәтті жүзеге асырылуда. Біз үшін жасалып жатқандықтан, оны тиімді пайдалана білуге тиіспіз”, – дейді Алмаз Елмағанов.

– Өскелең ұрпақ арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу бағытында негізгі үш мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда Олар – “Дипломмен – ауылға!”, “Жастар тәжірибесі” және “Жасыл ел” бағдарламалары. 2011 жылдан бастап оқуын тамамдап, диплом алған жас маманның тәжірибе жинақтауына “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы зор ықпал етуде. Бағдарлама аясында 2014-2016 жылдар аралығында екі мыңнан астам жергілікті жас жұмысқа орналасса, биыл облысымызда бұл бағдарлама көмегіне 437 жас жүгінді. Ал “Жасыл ел” бағдарламасы 2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жазғы уақытта жастарды жұмыспен қамту және өңірімізді көгалдандыру мақсатында қолға алынған болатын. 2014-2016 жылдар аралығында бағдарлама аясында 1500 жас жұмысқа жұмылдырылды, – деген облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Ирина Тухватулина олар облыс орталығында, аудандарда жұмыс істеп, су тасқыны салдарымен күресуге жәрдемдесіп, қалалық саябақты тазартуға және түрлі экологиялық шараларға белсене қатысатынын айтты.

Жұмыла атқарған еңбектерінің жемісі – “Жасыл ел” еңбек жасағының облыстық штабы биыл республикалық деңгейде “Ең үздік жасақ” аталымы бойынша марапатталған екен. Ал 2009 жылдан басталған “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында 2014-2016 жылдар аралығында бір мыңнан астам жас жұмыспен қамтылса, биыл оқуын тамамдаған тағы 207 жас маман ауылға аттанған. “Биылғы жылдың үшінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 2,1 пайызды құрап отыр. Республика бойынша бұл көрсеткіш 4 пайызға тең екенін ескерсек, өңіріміздегі жұмыссыздық мәселесі шешімін тауып келе жатқанын аңғаруға болады”, – дейді Ирина Тухватулина.

Елімізде жастардың жұмыссыздығы мәселесін шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Түйткілді мәселенің түйінін шешу оңай шаруа болмаса да, жастардың қол қусырып отыруына еш негіз жоқ. Тек мүмкіндікті тиімді пайдалана білуі керек. Жоғары лауазымды қызмет, мол еңбекақы тамыр-таныстықтың емес, маңдай тердің өтеуі екенін қаперден шығармаған абзал.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Comments   

 
0 #1 Айқын 2017-12-28 11:41
Бауыр еті баласының алдына қойған мақсатына жетіп, барлық арман-тілектері жүзеге асып жатса, ата-анаға одар асқан бақыт бар ма? Бірақ, өкінішке орай көпшілік жастардың бұл армандарына қол жеткізе алмай жүрген жайы бар. Оның себептерін мақала авторы жан-жақты көрсеткен екен. Жастардың көбі жалақысы төмен жұмысты істегісі келмейтіні де шындық. Тәжірибесі жоқ, еңбек жолын жаңа бастағандарға кім көп жалақы төлейді? Бәріміз де нөлден бастадық. Ешқайсымыздың төбемізден «құймақ» құйылған жоқ. Жастар ақша да, мансап та істеген еңбек пен төккен тердің арқасында келетінін білсе екен.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.