ЖАҢА ЖЫЛ ҚАЛАЙ ТОЙЛАНУЫ ҚАЖЕТ?

Күні ертең тағы бір жыл тарих қойнауына еніп, жаңа 2018 жыл табалдырығымыздан аттағалы тұр. “Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа” деп, оны да ерекше салтанатпен атап өтеміз. Алайда, бүгінде қоғамда бұл мерекені тойлау-тойламауға байланысты әртүрлі пікір қалыптасқан. Бұл жайында жастардың ойы қандай екен? Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенттері Нариман Нұрбек пен Маржан Тастемірованың пікірлерін сұрап білген едік.

Нариман Нұрбек: Жаңа жылды атап өтсем де, оған аса мән бермеймін. Оны Ұлыстың ұлық мерекесінен жоғары қоймаймын. Өйткені, халқымыз бұрыннан-ақ әз-Наурызды жылдың басы деп есептеген. Күн мен түннің теңеліп, ізгіліктің нұры төгілген кезді ерекше бағалаған. Осы уақытта мал төлдеп, құстар оралып, жылулықтан жұртшылықтың көңілі жібіп сала берген. Міне, бұлар – нағыз жаңа жылдың белгілері. Сол себепті, отбасымызбен көктемдегі жыл басын асыға күтіп, 1 қаңтарда тойланатын мерекеге үстіртін қараймыз. Кезінде тыйым салынып келген өзіміздің төл мерекеміздің бүгінде кең таралып келе жатқаны қуантады. Алайда, Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурызды Жаңа жылдан кем көретіндердің қарасы қалың болып тұр әлі де.

Маржан Тастемірова: Өзгені қайдам, өзімнің бұл мерекеге деген көзқарасым дұрыс. Мен Жаңа жылды отбасыммен қарсы аламын. Мерекелік көңіл-күймен орталыққа барып, ән естіп, би билеп, сәнімен алыстан көз тартар шыршаның қасына барып, естелік суретке түсеміз. Содан соң Алматыда оқитын ағам, Ақтауда тұратын әпкем – бәрі-бәрі үйдегі дастарқан басына жиналамыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзінен соң аққайнар атып, бір-бірімізді құшақтап, сыйлық сыйлаймыз. Түнгі сағат 12-ден аса телефон да шырылдай бастайды. Туған-туыс, жора-жолдастың бірі қалмай, тілек айтып, арқа-жарқа болып қаламыз. Ал әз-Наурыз мерекесіне келер болсақ, оны да дәл осындай шат-шадыман көңілмен қарсы аламыз.

Нариман Нұрбек: Жылдағыдай емес, биыл Жаңа жылға дайындық Тәуелсіздік мерекесінен соң басталды. Бұл – өзіміздің ұлттық мерекеге деген құрмет, ата-баба аманатына адалдықпен қараудың белгісі. Сондай-ақ, өңір басшысы Құмар Ақсақалов оған қазынадан қаражат бөлінбейтінін айтып, бұл іске қайырымды жандарды тартты. Демек, осындай жақсы бастамамен біраз шығынның алдын алды. Солай бола тұрса да, облыс орталығының бүгінгі шырайы былтырғыдан кем емес.

Маржан Тастемірова: Жаңа жыл десе, көз алдыма Аяз Ата мен Ақшақар ғана емес, сонау бала кезімде өзім қағаздан жасаған қызылды-жасылды әшекейлер, анам тіккен түрлі киімдер, ойыншықтармен безендірілген шырша елестейді. Сол себепті, Жаңа жылды алдымен балалық шақтың мерекесі деп мойындағанымыз жөн. Балалардың бәрі де Жаңа жылдан әлдебір жақсылықты күтіп, қиялға ерік береді. Балабақша, мектеп қабырғаларында өткен тақырыптық шараларда өздерін ертегі әлемінде жүргендей сезінеді. Аяз Атаға арнап тақпақ жаттап, тілек тілейді, сыйлық алу үшін тәртіпті болып жүреді. Сондықтан оған тәрбие құралы деп қарасақ та болады. Бұл мереке әрбір ересектің санасында да өзінің әдемі қалпымен жатталып қалды деп ойлаймын.

Нариман Нұрбек: Иә, балалық шақта Жаңа жылды қарсы алу қызық болатын. Бетперде киіп, шыршаны қоршай: “Аппақ-аппақ жапалақтап”, – деп басталатын әнге сала айнала жөнелетінбіз. Содан соң Аяз Атаға келіп, тақпақ айтып, сыйлық сұрайтынбыз. Бұл, әрине, қызық. Тағы бір айта кетерлігі, әрбір отбасы үйіне Жаңа жылдың басты нышаны – шыршаны орнатып жатыр. Бұл мереке көптеген елдерде тойланатын болғандықтан, қаншама шыршаның тамырына балта шабылатынын есептеп көріңіз. Иә, табиғатқа мол зиян келеді. Сондықтан олардың орнын жасанды шыршаларға алмастырған дұрыс деп есептеймін.

Мереке күні алкогольді ішімдік ішіп алып, бұзақылық жасайтындардың қатары артады. Соған қарағанда, бұл маскүнемдердің мерекесі ме деп ойлап қаласың. Адамдар отшашу сияқты түрлі пиротехникалық бұйымдардың кесірінен жарақаттанып, емханаға да түсіп жатады. Ал әз-Наурызда мұндай олқылықтар орын алмайды.

Дайындаған

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика