ЖІГЕРЛІ ЖІГІТ ЖАСЫМАС

Бүгіндері электрик мамандарына деген сұраныс артып отыр. Жұмысы қауіпті болғанымен, бұл мамандықты игеріп жүрген жастардың қатары қалыңдап келеді. Сондай білікті мамандардың бірі – Айыртау ауданындағы Егіндіағаш ауылының тумасы Ырысбек Сүлейменов. Ол “Көкшетау Энерго” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аудандық электр тарату жүйесінде он жылдан бері электрик-монтер болып табысты жұмыс істеп келеді.

Қателесуді кешірмейтін, аса ұқыптылық пен сақтықты талап ететін мамандықтың бұл түрін Ырысбек мектеп қабырғасында жүргенде-ақ таңдапты. Бала кезінен сымдарды қуат көзіне қосып, аспа шамдарды ешкімнің көмегінсіз-ақ іліп, осы мамандықтың қыр-сырын біртіндеп үйрене бастаған. Егіндіағаш орта мектебінің 9-сыныбын тамамдаған соң Ақмола облысындағы Бурабай аграрлық-техникалық колледжіне оқуға түседі. Аталған білім ошағын тамамдағаннан кейін туған ауданындағы электр тарату жүйесіне мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Жас маман Отан алдындағы әскери борышын өтеу үшін әскер қатарына алынады. Екі жыл әскери борышын өтеп келген соң өз саласы бойынша қайта жұмысын жалғастырды.

Ырысбектің міндеті – төтенше жағдай орын алған аумақтарды анықтау, тексеру және қалпына келтіру. Бүгінгі өмірімізді электр қуатынсыз көзге елестете де алмайтынымыз шындық. Ал электр желілерінде апатты жағдай туындаса, бүкіл бір өңір жарықсыз қалатыны анық. Табиғаттың тосын мінезі де электр желілеріне зақым тигізуі мүмкін. Мұндайда Ырысбек арнайы киімін киіп, электр бағанасына шығады. Маманның электр тогын өткізбейтін аяқкиімі де бар. Ал оның сыртынан салмағы төрт килограмм болатын темір құрсау киеді. Бұл құрылғы оның бағанаға кедергісіз өрмелеп шығуына мүмкіндік береді.

– Біздің жұмысымыз қауіпті. Жоғары кернеулі бағандарға шыққан кезде барынша сақ болуымыз қажет. Әсіресе, ауа райынан келер қауіп-қатер аз емес. Мәселен, жаңбыр жауғанда тоқ өткізгіштік екі есеге дейін артады. Сол үшін кез келген іске кірісерде арнайы формамызды киеміз. Жалаң қолмен жұмыс істеуге тағы болмайды. Апат болған нысанға барғанда кран, манипулятор, автомұнара, рация секілді техникалардың көмегі зор, – дейді Ырысбек Мұратбекұлы.

Отбасында Ырысбек Сүлейменов зайыбы Әлия Сақтапбергенқызымен бірге төрт жасар Исламбек есімді ұлдарын тәрбиелеуде. Ата-әжесінің еркесі Исламбек – “Балауса” балабақшасының тәрбиеленушісі.

Ырысбек Мұратбекұлы – әрқашан көздеген межеден көріне біліп, уақытпен санаспай еңбектенетін жан. Осы қасиеттері үшін де әріптестері арасында құрметке ие.

Бағлан ҚОЖАҚОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика