АУЫЛҒА КЕЛ, ЖАС МАМАН!

“Ауылға жұмыс істеуге барғым келмейді”, – дейді жоғары оқу орнын агроном мамандығы бойынша тамамдаған бір танысым. Елді мекенге нағыз қажетті мамандық иесінің бұлай айтуының өзіндік бір себебі бар болар. Мәселенің байыбына бармай жатып, ол туралы әуелгі көзқарасты қалыптастыруға сәл кідіре тұрдым. Әңгімелесе келе оның бұл оқуға тек грант үшін ғана түскенін білдім. Төртжылдық оқуын тамамдаған соң облыс орталығын екі шарлап шықса да, мамандығы бойынша жұмыс таппаған ол “Ауылға барсаңшы, шаруашылықтарда жұмыс бар ғой”, – дегендердің ақылына құлақ аспаған. Ақыры жарты жылдан соң амалсыздан такси жүргізушісі болып орналасқан. Енді қайтеді, мұнысы ата-анасына масыл болмай күн көрудің қамы ғой. Содан бері үш жыл өтсе де, әлі жолаушы тасып жүр. Мемлекеттік қызметке де бірнеше рет емтихан тапсырып көріпті. Алайда, сәтсіздік алдын кес-кестей берген.

– Кезінде жолдастарым қатарлы медициналық колледжге оқуға түсуім керек еді. Жұмыс табуда ешбір қиыншылық көрмеген олар мені “Дипломы бар таксист” деп кекетіп те қояды анда-санда. Осындайда ауылға тартып-ақ кеткім келіп тұрады. Дегенмен, ешбір қызығы жоқ елді мекенге барғанша, жастық шағымды қалада өткізгім келеді, – дейді танысым.

Иә, тепсе темір үзетін жігіттердің ауылға барудан қашқақтағаны әсте де дұрыс емес. Оның үстіне өңіріміздегі шаруа қожалықтарында агроном секілді ауыл шаруашылығы мамандары тапшы екенін ескерсек, білім ошақтары түлектерін ауылдарға бағыттай алмай отыр ма деген ойға қаласың. Жақында осы мәселенің мәнісін білмек ниетпен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ауыл шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі Алтын Шаяхметоваға хабарласқан болатынбыз. Ол кафедраның бірқатар шаруашылықтармен келісімшартқа отыруының нәтижесінде соңғы жылдары барлық түлектердің жұмысқа орналастырылғанын айтты. Сондай-ақ, жоғары оқу орнында бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп, елді мекендердегі мекеме басшылары түлектерге еңбекақысы жақсы жұмыстарды да ұсынып келеді.

“Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек, дағдарыс жағдайында бізді асырайтын – ауыл, ауылда жұмыс болу үшін, қаланы асырай алуы үшін жеке шаруаларды, ауыл тұрғындарын, шағын шаруа қожалықтарын қайта қауымдастырып, біріктіру қажет”, – деп атап көрсеткен болатын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Өңірімізде Елбасының осы келелі кеңесіне құлақ асып, ауылда жұмыс істеуге бет бұрған жастың бірі – “Айтуар – 2017” ауыл шаруашылығы кооперативінің жетекшісі Әнуар Әбдірешев. Жамбыл ауданындағы Айтуар ауылының тұрғыны өткен жылдың көктемінде “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамы арқылы 9 миллион теңгеге жуық несие рәсімдеп, бұл қаражатқа сүт жинайтын көлік пен екі тонналық салқындатқыш сатып алыпты. Кейін мемлекеттің демеу-қаржысы бойынша қарызы 5 миллион 300 мың теңгеге төмендеген. Былтыр кәсіпкер сегіз ауылдың 82 отбасынан сүттің бір литрін 70 теңгеге қабылдап, “Сергеевка сүт өнімдері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тапсырған. Әр 15 күн сайын есеп айырысудың арқасында ол тұрғындарға 4 миллион теңгеден астам қаражат төлепті. Төрт симменталь тұқымды бұқа сатып алып, мал шаруашылығымен айналысуға бел буған талапты жас биыл тағы да кәсібін кеңейтпек.

– Астана қаласында тұрып жұмыс істедім. Кейін туған ауылыма келіп, өзім үшін ғана емес, тұрғындарға да пайдалы кәсіпті бастауды шештім. Жалпы өңірімізде көптеген елді мекендердің қаңырап бос қалып жатқандығы жаныма батады. Сол себепті мен ауылымның көркейгенін қалаймын, – деген Әнуар Әбдірешевтің ісі қалада сенделіп жүрген әрбір жасқа үлгі.

Екі қолға бір күрек іздеп, ат басын ауылға бұрған жастардың ондағы тіршілікке жаңа леп әкелетіні белгілі. Осыған орай мемлекет көптеген қолдау шараларын қолға алуда. Мысалы, шалғайдағы елді мекендердің бойына қан жүгірту мақсатын көздеген “Дипломмен – ауылға!” мемлекеттік бағдарламасы өңірімізде бүгіндері сәтті жүзеге асуда. Күні кеше ғана оқу орнын тамамдап, оң-солын ажырата бастаған түлектерге қалалардағы мекемелер сенімсіздікпен қарап, қызметке қабылдауға жүрексініп жататыны бар. Бұл тұрғыда ауылдық жерлерде бәрі керісінше. Себебі, ауылдарда көп ретте білімі жоғары, көзқарасы жаңаша, білікті мамандар тапшы. Егер осындай жастар тұрмысы тұралап қалған елді мекендерге барса, қандай ғанибет?! Мәселен, ауылға барған жас мұғалім мен дәрігер онда қалыптасқан кадр тапшылығының оң шешілуіне ғана ықпал етіп қоймай, өзге де тың серпілістер әкелері сөзсіз. Оның үстіне жас маманға тұрғын үй іздеп, әлекке түсудің қажеті жоқ. Облыстық білім басқармасының бас маманы Гүлшат Шаймерденованың айтуынша, биыл өткен жылдармен салыстырғанда көтермеақы мен үй сатып алуға берілетін несие біршама артыпты. Енді әр маманға 15 жыл мерзімге 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 168 мың 350 теңге жәрдемақы төленеді. Оған қоса, баспаналы болу үшін 3 миллион 607 мың теңге несие беріледі. Өткен жылы өңірімізде 229 жас мұғалім 36,4 миллион теңге көтермеақыға ие болса, 147 маманға үй алу үшін 500,3 миллион теңгенің несиесі бөлінген. Ал биылғы оқу жылында аудан мектептеріне 327 жас келген.

Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржылай қолдауларды ақхалаттылар да, мәдениет, әлеуметтік салалардың қызметкерлері мен ауыл шаруашылығы мамандары да ала алады. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Ноғайбай ауылының тұрғыны Меруерт Күшмұхамедова еңбек жолын Тайынша қаласындағы балабақшада тәрбиешіліктен бастап, аталған елді мекенге былтыр жұбайы Ғалымбек Нәби екеуі көшіп келген. Көп ұзамай жеке баспанасына қол жеткізген нәзік жан ауылда кітапханашы болып жұмыс істесе, Ғалымбек – көпбейінді демалыс орнының ұйымдастырушысы. “Жас отбасы ретінде осындай үлкен үйге ие болып отырғанымызға қуаныштымыз. Ауылға барып, аянбай еңбек етемін деген жастарға “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының көмегі зор”, – дейді Меруерт Алтынбекқызы.

Жалпы облыс бойынша сегіз жылдың ішінде 3624 маман осы бағдарламаның шарапатын көріпті. Бұл жаман көрсеткіш емес. Алайда, өңірімізде ауылдың таза ауасынан гөрі қаланың “қызықтарын” артық санайтын жастар әлі де аз емес. Тіпті, кейбірінің көңілі Астана, Алматы сияқты мегаполистерге ауған. Әке-шеше рұқсат берсе, тайып тұрар түрі бар. “Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ” демекші, өзіміздің ауылдарда бос жұмыс орны мен мемлекеттік қолдау барда, мүмкіндікті мүлт жібермеген жөн.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика