МӨЛДІР СЕЗІМНЕН ҰЯТСЫЗДЫҚ НЕГЕ ОЗДЫ?

Өскелең ұрпақ – ел ертеңі. Дегенмен, қазір жастардың кейбір қылықтары бұл сөзімізге күмән келтіруде. Иә, бүгінде олардың жаға ұстатар бассыздықтарға бастамашы болып жататыны жиілей түсті. “Ар-ождан”, “Намыс”, “Тәрбие” деген ұғымдардың мән-маңызына терең бойлай бермейтін олар махаббаттың да қадірін түсіріп алғандай. Жігіт пен қызды табыстырып, мәңгіге көңіл жарастыратын бұл ұлы сезімнің қазіргі халі нешік? Мұны осы “қазанда” күйіп-пісіп жүрген жастардың өздерінен сұрап білейік. Назарларыңызға Асылбек Баянов пен Дамира Рахметованың арасында өрбіген диалогты ұсынамыз.

Асылбек Баянов:

– Иә, қазіргі жұптардың бұрынғылардан айырмасы жер мен көктей. Бұл заңды да. Өйткені, заман дамып, махаббатқа деген көзқарас та түбегейлі өзгерді. Қазір жастар батыстың мелодрамаларын көріп, лирикалық әндерін естіп, сондағы жұптарға еліктейді. Дәл солардікіндей махаббатты аңсайды. Ал өзіміздің дәстүрге тән ғашықтық кинотуындылар саусақпен санарлық қана. Тіпті, эфирге мерекелік күндері ғана шығарылады. Бірақ, қайдам, оларды көретін жастар да шамалы шығар? Назары интернетке байланған олардың таңдауы өз еріктерінде. Осылайша, ондағы түрлі ғашықтық оқиғалардың куәгері болған жаста махаббат жайлы қате түсінік қалыптасады. Мысалы, жігіттер жағы ұнатқан аруын төсекке қарай сүйресе, кейбір қыздар “Бұл нағыз махаббат екен” деп көпке бармай, жігіттің құшағына құлап жатады.

Дамира Рахметова:

– Дұрыс айтасыз. Қазір не көп? Батыстың мәдениетіне еліктеген дүниелер көп. Олардың махаббат жайлы түсінігі басқа. “Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа” демей ме?! Қазір жастарымыздың іс-әрекеті батыстікіне ұқсап барады. Барып тұрған әдепсіздік. Махаббатын іздеп, түнгі клубқа баратын қыздарға жаның ашиды. Ондағы таныстық ұзаққа созылмайтыны белгілі ғой. Тіпті, қоғамдық орындарда сүйісетіндердің өзі әдептен жұрдай. Оларға “тәйт” дейтін қожа да жоқ, үлкендер ақыл айтса болады ғой.

Асылбек Баянов:

– Шынымен, түнгі клуб қоғамның бас ауруына айналып отыр. Қазір ғаламторға кірсең, клубта ашық-шашық киініп, жігіттерге кенедей жабыса билеген қазақ қыздарын көресің. Жақында аты-шулы блогер Айжан Байзақованың өзінің түнгі клубында ақша үшін қаракөздерімізді шешіндіргені сұмдық іс болды. Өзі әбден бүлінсе де, өзгелерді де теріс қылықтарға үйретіп жүр. Көксейтіндері – бір түндік махаббат. Абырой болғанда, еліміздің намысты жігіттері бұл бикешті сотқа беріп, оның мекемесін жауып тынды.

Дамира Рахметова:

– Әйтсе де, сол Байзақоваға еліктейтін қыздар аз емес. Мен алдағы уақытта “Қалаулым” бағдарламасының жабылуын қалаймын. Бастапқыда жүректерді табыстыру мақсатын көздеген бұл жоба нағыз әдепсіздіктің ошағына айналды. Қыздардың эфирде бет жыртысып айғайлағаны, жігіттердің бір-біріне жұдырық ала жүгіргені мүлдем қазақы менталитетке тән емес. “Теледидар – тәрбие құралы” екенін ескерсек, оны тамашалап, үлгі алғандар аз болмайды. “Біржан сал” фильміндегі мәдениетті Ләйлім қыздың рөлін сомдаған Аша Матайдың оған жүргізушілікке қалай келіскеніне таңмын. Жалпы махаббат десе, есі кететін қыздар қандай ерсі қылықтарға баруға дайын екенін білдім. Бұған отбасында берілген тәрбие себеп болып отыр. “Қызға қырық үйден тыйым” демекші, қаракөздеріміздің әр кез әдеп сақтағаны жөн. Алдамшы сезімнің жетегінде кетпеу үшін көкірек көзі ашық болуы керек.

Асылбек Баянов:

– Абай атамыз “Махаббат тілі тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл” дегендей, махаббат – қос жүрекке тән дүние. Осынау нәзік сезімді жалпақ жұртқа жариялап, айқайлап айта беру оның қасиетін кеміткен үстіне кеміте бермек. Кейде қыздар махаббат деген осы деп, әлеуметтік желіге әдепке сай келмейтін жігітімен түскен суреттерін, бейнероликтерін жүктейтінін көріп жүрміз. Жастарымыздың махаббатты жалау етіп, әдепсіз қылықтарға барып жатқаны намысыңа тиеді. Әлгі сіз айтқан қоғамдық орындарда сүйісуге қатысты пікіріңіз өте орынды. Әдеп деген сондай қарапайым дүниелерді шектеуден басталады ғой. Осы орайда ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың:

“Ертеде қазақ деген сүйіспеген,

Сүйіспеген, қызға еш тиіспеген.

Қазіргідей көшеде тістелеспей,

Жай ғана маңдайынан иіскеген”, – деген сөздері ойыңа оралады.

 

Дайындаған

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика