ӘСЕМДІК ӘЛЕМІ

Нәзік жандардың көздің жауын алатын әшекей бұйымдарына әуес болатыны белгілі. Мұны олардың әлсіздігі немесе сұлулыққа құштарлығы десеңіз де, табиғатына жарасымды қасиет екені сөзсіз. Ал қызылжарлық қолөнер шебері Данагүл Әлкинаның қолынан шыққан әртүрлі әшекейлерді көргенде, тіпті, әсемдік әлеміне еніп кеткендей әсерде боласыз.

Данагүл қолөнерге кішкентайынан бейім болып өсіпті. Шал ақын ауданының Ақсу ауылында дүниеге келген ол сіңлісі Әспетпен бірге күні бойы тапжылмай сурет салып, қуыршақтарына киім тігетін.

– Үйлену тойымның алдында өзіме қалыңдық тәжін көп іздеуіме тура келді. Бір-екі салонда табылғанымен, бағасы қымбат әрі өзіме үлкенірек болды. Басқа қаладан тапсырыспен алайын десем, оның басыма шақ келуі екіталай. Осылай көп іздедім. Кейін бала күту демалысына шыққан бетте қыздарға қажетті осы бір әшекей бұйымдарын жасауды қолға алдым, – дейді Данагүл Әлкина.

Әрине, әшекей жасау шеберден талғам мен шыдамдылықты қажет етеді. Десе де, Данагүлдің қолы инеге тисе, көңілі жайланып, демалады. Өйткені, ол үшін бұл өнер – хобби, яғни, сүйікті ісі әрі табыс көзі. Данагүл тапсырыс бойынша тәжбен қатар сырға, білезік және хрусталь, табиғи тастардан өзге де бұйымдарды жасайды. Сондай-ақ, оның кішкентай балалардың есімдері жазылған көз тигізбес түйреуіштері де әсем. Қажетті материалдарды Қырғызстанның Бішкек қаласынан алғызады. Қазір Данагүл ғаламтордың игілігін көруде. Қолөнер шебері туындыларын әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы жарнамалап сатады.

2016 жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін биология мамандығы бойынша тамамдаған Данагүл – бүгіндері аяулы жар, ардақты ана.

– Қыздарымыз бұл өнер түрін үйреніп алса, артық болмайды. Жақында баламның жасқа толу тойына ақжолды оюлап өзім жасадым. Содан бері оған тағы екі тапсырыс түсті, – дейді Данагүл Әлкина.

Мұхтар ХАҚНАЗАР.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика