БАҒЫТЫМЫЗ — ЖАҢА ӘЛЕМ

Бүгіндері Қызылжар өңірінің жастары қоғам өмірінде белсенділігімен танылуда. Былтыр жастардың қатысуымен біраз жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсам, өткен жылы өскелең ұрпақ өкілдерінің ұйытқы болуымен облыс орталығында “Жастар рухани жаңғыру жолында” форумы жақсы өтті. Оған облысымыздың барлық аудандарынан 400-ден астам жас қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Жыл бойы ұйымдастырылатын “Таза орман” және “Таза жағажай” акцияларында да жастар алдыңғы қатарда болды. Облыс орталығындағы Мещан орманы мен Пестрое көлінің маңында бес тоннадан астам қоқыс жиналса, белсенділер саябақтар мен мәдениет нысандарының маңайын тазалықта ұстауды да назардан тыс қалдырмады.

Өткен жылғы көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге өскелең ұрпақ өкілдері де көмек қолын созды. Алпыс жасотандық Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Рузаевка ауылында, 30 жас облыс орталығының Былғары зауыты кентінде бір ай бойы тасқыннан кейін аулаларда үйіліп қалған күл-қоқыстарды тазалап, үйлердің ішін қалыпқа келтіруге атсалысты. Қиын жағдайға душар болған тұрғындардың жағдайы кімді де болса алаңдатары сөзсіз. Біз, жасотандықтар, осындай игі іске атсалысуға бірден келістік. Жалпы, осы сынды тосыннан келетін апаттарда барлығымыз бірігіп, зардап шеккендерге бір кісідей жұмыла қолғабыс жасауымыз керек.

Өңір жастары жыл сайын қолға алынатын “Ұрпақ сабақтастығы” және “Ардагерлерді ардақтайық” жобаларына да белсене қатысып, жалғызбасты қарттардың алғысына бөленуде. Соңғы жылдары жүзеге асырған жобалардың ішінде Қазақстан мен Ресей жастарының байланысын нығайтуды көздеген “Жастар ауылы – 2017” форумының орны бөлек. Сондай-ақ, қызылжарлықтар арасында саламатты өмір салтын насихаттаған “PetroCup – 2017”, “Жаз – 2017” және “Ринг патшасы – 2017” сияқты спорттық шараларға мұрындық болдық. Жалпы, есепті кезеңде 179 шара ұйымдастырдық.

Үстіміздегі жылдың айшықты оқиғаларының бірі – наурыз айының соңында Астана қаласында өткен “Нұр Отан” партиясы жанындағы “Жас Отан” жастар қанатының кезекті IV съезі болды. Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын шарада күш-қуаты тасыған, ел ертеңіне бейжай қарамайтын әр аймақтан келген 600 делегат бас қосып, ауқымды мәселелерді талқылады. Олардың қатарында жас кәсіпкерлер, еріктілер қозға­лы­сы­ның белсенділері мен өнер саласының өкілдері болды. “Жаңа әлемге жол саламыз” ұранымен әрі ашық, заманауи, жаңа форматта ұйымдастырылған іс-шараның алғашқы күнінде “Jas Otan conf” атты конференция өтті. Сондай-ақ, бес панельдік сессия жұмыс істеп, қатысушылар ғылым, білім, инновация, кәсіпкерлікті дамыту, цифрландыру және саламатты ұлт қалыптастыру ісіне қатысты өзекті мәселелер мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласындағы басым бағыттарды кеңінен талқылады.

Әрбір съезд маңызды. Биылғы алқалы жиынға өңірімізден 40 делегат қатысты. Мен үшін жас белсенділердің өздерінің орталық кеңсесін түбегейлі өзгертіп, “Оpen spaсe” форматына көшетіні съезде естіген ең маңызды жаңалықтардың бірі болды. Бұл формат алдағы уақытта әрбір өңірдегі жастар қанатының филиалдарына енгізілсе екен деймін.

Съезд алғаш рет виртуалды шындық форматында онлайн көрсетілді. Соның нәтижесінде сессиялар жұмысын қазақстандық жастар ғана емес, әлемнің барлық интернет қолданушысы көруге мүмкіндік алды. Бұл – биылғы съездің басты ерекшеліктерінің бірі.

Галафорум барысында өз саласында биік­терді бағындырған, қоғамның дамуына өзін­дік үлесін қосқан жас қазақстандықтар сөз алып, әріптестеріне жетістікке жетудің қыр-сырын айтып берді. Съезд соңында “Жас Отан” жастар қанатының алдағы ба­ғыт-бағдарын айқындап берген жаңа құжат қабылданды. “Жаңа әлемге жол саламыз” атты бұл құжатта еліміздегі жастар саясаты­на тың серпін беретін игі бастамалар мен жасотандықтардың ұйымның дамуы және елі­міздегі жаңғыру үдерістеріне қатысу жө­ніндегі стратегиялық міндеттері көр­сетіл­ген.

Абылайхан ҚАЙРОЛЛАЕВ,

“Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика