ТАЛАПТЫНЫҢ ЖОЛЫ АШЫҚ

Мен екі жыл бұрын “Серпін – 2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға” атты әлеуметтік жоба арқылы грант иегері атандым. Білім алу мақсатында Жамбыл облысынан аққайыңдар өлкесіне келдім. Қазіргі таңда еліміздің беделді жоғары оқу орындарының бірі – Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы мамандығы бойынша екінші курста білім алып жатырмын.

Қазіргі уақытта еліміздегі маңызды әрі үлкен жобалардың бірі – “Серпін” бағдарламасы. Бағдарламаның мақсаты – халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігін бастан кешіріп отырған Қазақстанның шығыс, солтүстік және орталық өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру. 11-сыныпты тамамдап, Ұлттық бірыңғай тестілеуден жинаған ұпайым мені аса қуанта қойған жоқ. Дегенмен, үміт оты ешқашан сөнбейді ғой. Сол кезде көгілдір экраннан игі бастаманың ұйымдастыру жұмыстарымен айналысатын “Серпін – 2050” республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбеновтің сұхбатын естідім. Сол кезде бағдарламаның оңтүстік өңірдің жастарына тек тегін оқуға мүмкіндік ұсынып қоймай, сонымен қатар болашақта жұмыспен қамтылуына жағдай жасайтынын түсіндім. Бірден грант иеленуім керек деген ойымды жүзеге асыру үшін аталған жобаға қатысып, бағымды сынадым. Мұндай таптырмас мүмкіндікті мүлт жібермеуіме бірден-бір себепкер болған анашым еді. Ол маған мамандық таңдауда көп көмек көрсетіп, қолдау білдірді.

Қазіргі таңда осы бағдарламаның арқасында мен көптеген жетістіктерге жетудемін. Алғаш университет табалдырығын аттағанда, “Серпін” бағдарламасымен оқуға келген студенттер арасында “Аламан” атты республикалық байқаудың жүріп жатқанын ести салысымен, бағымды сынауға бел будым. Бұл республикалық жарыста мақалам үздік деп танылып, жеңістің биік тұғырына көтерілдім. Үстіміздегі жылы “Мені шыңдаған – Серпін” атты республикалық кәсіби байқауға қатысу бақыты маған да бұйырды. Менің осы додаға дайындалуыма көмек қолын созып, алтын уақытын бөлгені үшін университеттің тәжірибелі педагогі Алтын Шаяхметова басқарып отырған “Ауыл шаруашылығы” кафедрасының оқытушыларына, менің жетекшім, жақында елімізде өткен “Қазақстандағы 100 жаңа есім” жобасының жеңімпазы, профессор Күлбарам Баязитоваға шексіз алғысымды білдіргім келеді. Бұл байқауда мен “Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы” аталымы бойынша жеңімпаз атандым. Сынақ тоғыз сағатқа созылып, біраз күш жұмсауды қажет етті. Сайыс барысында малмен айналыспаған мен сияқты қала тұрғыны үшін ірі қараны зерттеу қиындық тудырды. Алайда, дәл осы байқаудан соң менің бұл қорқынышым сейіліп, біраз тәжірибе жинадым. Жалпы “Мені шыңдаған – Серпін” додасы маған өзге өңірлерден жаңа достар табуыма, өзімді басқа қырымнан танытуға көмектесті.

Бүгіндері “Серпін – 2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға” бағдарламасының бір бөлшегі болғаныма қуаныштымын. Бұйырса, алдағы уақытта да өз жетістіктеріммен ата-анамды қуанта беремін деп ойлаймын. Ал оңтүстік өңірлердің мектеп түлектеріне: “Қорықпа, мүмкіншілікті пайдалан, алыс-жақынды ойламай, тек білім алуды мақсат ет. Еліміздің болашағы – ол, біз, жастар!” – деген кеңесімді берер едім.

Ақжан ДАНАЕВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика