АТАДАН ДАРЫҒАН ТЕКТІ ӨНЕР

Қазақ халқының “Өнерліден өнеге ал, таланттыдан тәлім ал” деуінің мәнісі тереңде жатыр. Өнер он іспен тең, өнерпаз он кісімен тең дегенді де естіп жатамыз. Көрермен осындай жоғары баға берген киелі өнердің құдіреті де кез келген адамға беріле қоймасы анық. Алайда, жас та болса, өнердің қыр-сырына терең үңіліп, қасиетін ұғынып, оны бағалап жүрген талантты жастарымыз аз емес. Солардың бірі – Есіл ауданындағы Өрнек ауылының тумасы, облыс орталығындағы өнер колледжінің төртінші курс студенті Әділхан Тілеубаймен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Өнер кез келген адамға дари бермейтін қасиет қой. Осы жолды таңдауыңыздың бір себебі бар болар?

– Әрине. Өнер маған атамнан дарыған болар деп ойлаймын. Өйткені, ол жас кезінде талай жиындарда домбырамен ән шырқайтын. Ағамның да өнерге жақындығы бар. Алайда, ол басқа жолды таңдап, Алматыға оқуға түсті. Бүгінде құқық қорғау органдарында қызмет етуде. Екеуіміз кішкентайымыздан атамның әндері жазылған үнтаспаларды тыңдап өстік. Содан да болар, домбыра шертіп, ән айтуға деген қызығушылығым оянды. Ал музыка пәнінің мұғалімі Зәмзәгүл Рахимова өнерге деген құштарлығымды байқап, оны жетілдіруге көмектесіп, білгендерін үйретуден аянбады. Төменгі сыныптардан бастап аудандық, облыстық деңгейдегі түрлі байқауларға қатыса бастадым.

– Ең алғаш қатысқан байқау есіңізде ме?

– Иә, есімде. Өрнек орта мектебінде екінші сыныпта оқып жүрген кезім. “Әнші. Термеші. Жыршы” атты сайыстың аудандық кезеңінде жеңімпаз атандым. Облыстық сайыста терме орындап, “Көрермен көзайымы” аталымы бойынша марапатталдым. Бұл, әрине, қолына домбыра алып, сахнаға шыққан жас бала үшін үлкен жетістік болды. Осыдан кейін өнерімді шыңдап, бұдан да биік сахналарды бағындыруға бел будым. Осылайша, төртінші сыныпта “Таңшолпан” облыстық фестиваліне қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Одан кейін “Есіл өңірінің жұлдыздары” байқауының облыстық кезеңінде бірінші орынды иелендім. Мектепті тамамдаған соң, облыс орталығындағы өнер колледжіне “Эстрадалық ән салу” мамандығы бойынша оқуға түстім. Ұстазым Мұрат Ыбыраевтың үйреткені көп. Бұл білім ордасындағы байқаулар мен үшін үшінші курстан басталды. Былтыр Алматы қаласында Қаукен Кенжетаев және Шабал Бейсекова атындағы халықаралық байқауға, Астана қаласындағы республикалық конкурсқа қатысып, дипломант атандым. Петропавл қаласында өткен ХIII ұлттық дельфий ойындарында күміс жүлде бұйырды.

– Аудандарда ұйымдастырған қайырымдылық кештерге қатысқаныңызды көрдік. Осы шаралар туралы айтып беріңізші.

– Тобымызда Әлібек Зәбенов, Нұрлан Қамзин, Жанат Мұхамеджанов, Тамерлан Сахатов, Фархат Тастамбеков, Мейрамбек және Нұрболат Оспановтар, Мирас Шорманбаев секілді бірқатар өнерлі жігіттер бар. Біріміз аспапта ойнасақ, келесіміз ән саламыз. Былтыр тамыз айында Шал ақын ауданындағы Сергеевка қаласына барып, тегін концерт бердік. Концертіміз ойдағыдай өтіп, көрермендер жылы қарсы алды. Осыдан кейін ақпан айында Жастар бастамалары орталығының, Сергеевкадағы Мәдениет үйінің қолдауымен алғашқы қайырымдылық кешімізді өткіздік. Кешке ұстазым Мұрат Ыбыраев пен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті, әнші қыз Еркежан Қыдыбек қатысып, қолдау жасады. Жиналған қаржыны сол аудандағы көмекке мұқтаж жандардың қажетіне жұмсадық. Мәдениет үйінің қолдау көрсеткеніне алғыс білдіреміз. Келесі кешімізді алдағы уақытта Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында өткізбекпіз. Сұраныс болса, кез келген ауданға барып, қайырымдылық кештерін өткізуге дайынбыз.

– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

– Биыл, Алла жазса, өнер колледжін тамамдап, дипломымды қолыма аламын. Бірақ өнерімді әрі қарай шыңдағым келеді. Өнердің қыр-сырын жетік білетін аға-апаларымыздан дәріс алсам деймін. Сол үшін Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түссем деп армандаймын. Оны аяқтаған соң, Петропавл қаласына қайтып келіп, дарынды жастар тәрбиелесем деген де ойым бар.

Әңгімелескен Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика